НӘТИЖЕЛІ КЕЗДЕСУ: ТШО ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚҚА НЕ АЙТТЫ?

Өткен аптада «Теңізшевройл» ЖШС-нің өкілдері Жылыой тұрғындарымен кездесіп, компанияның 2023 жылдың І жартыжылдығындағы негізгі қызметтік көрсеткіштері мен әлеуметтік бағыттағы атқарылып жатқан бағдарламалары туралы баяндап, халықты қызықтырған сауалдарына жауап берді. Баршаға мәлім, «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылымдық және Әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларынан басқа, ТШО биыл Жылыой ауданын дамыту бағдарламасын іске қосқан болатын. Осы бағдарламаның аясындағы ең алғашқы жоба – аудандағы білім деңгейін көтеруге бағытталған және балалардың сабаққа қызығушылығын арттыру үшін Құлсары қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектептің базасында «STEAM» зертханасы ашылды.

Оған қоса, ауданымыздағы оқу озаты және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына жататын 60 баланы Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің жазғы лагеріне жіберді. Қазіргі кезде І лектегі 30 бала демалып келген.

Естеріңізге сала кетейік, ТШО бірнеше жыл бойы сәби сүйе алмай жүрген жұптар үшін экстракорпоральды ұрықтандыруды қаржыландырып келеді. Осы жиында компания биыл жұптар санын 25-ке дейін арттыратынын мәлімдеді.

Одан бөлек, биыл ТШО ауданымызға бірқатар демеушілік көмек көрсетті. Соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 6 орындық инватакси сатып алынып, мансап орталығына тарту етілді. Және 4 заманауи коммуналдық автокөліктерді аудан әкімшілігіне табыстады. «Кең Жылыой» мәдениет үйінде мәдени шараларды өткізу үшін ұлттық киімдермен және музыкалық құрал-жабдықтармен қамтылды. Биыл Атырау облысына және Жылыой ауданына 2 миллион АҚШ долларынан астам қаржылай көмек көрсетілді.

Басқосуға қатысқан жылыойлықтар компанияның өкілдеріне бірқатар сұрақтарын қойды. Олардың ішінде Теңіз кен орнында жұмысшыларды кезекті босату, микроқаржыландыру бағдарламасы және әлеуметтік мәселелерге қатысты тақырыптар қозғалды.

Ауданымыздың зейнеткері Қоныс Күрбенов те жұмыссыздық мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді:

-Бүгінгі ТШО мекемесімен өткен кездесуде тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Тұрғындар өз ұсыныстарын білдірді. Мен де өз пікірімді білдірдім. Яғни, ТШО мекемесі Атырау облысына қайтарымсыз инвестиция құйып отыр. Осы инвестицияны қайтарымды негізге өзгертіп, осы қаржыға шағын өндіріс орындарын ашу керек. Өйткені ауданда шағын өндіріс ашу үшін қажетті материалдарды табуға болады. Бұл аудандағы жұмыссыздар санын азайтуға үлесі болады деп ойлаймын»,-деді зейнеткер.

Осы ұсынысқа жауап берген ТШО өкілдері Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы іске қосылып жатқанын айтты. Сол бағдарлама аясында алдағы уақытта микроқаржыландыру жобасы да іске қосылады.

Сонымен қатар, жиын қатысушылары ауданымыздағы экология мәселесіндегі сауаттылықты арттыру, балалар ойын алаңдары туралы айтты. Осы сәтте аудан ақсақалдары балалар ойын алаңына қатысты өз пікірлерін білдіріп, балаларға алаңдарды күтіп-ұстауға үйрету қажеттілігін айтты.

«Ауданымызда балалар ойын алаңдары бар. Салып берген мекемелерге алғысымыз шексіз. Алайда, ойын алаңдағы жабдықтардың көбі бұзылған. Жас аналар балаларына ескерту жасамайды. Тәртіпке үйрететін – ана, зейнеткер», -дейді олар.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар жауапсыз қалған жоқ. ТШО өкілдері жұмыстан босату үрдісі туралы айтты. Қазір кен орнында сегіз мыңнан астам жылыойлық жұмыс істеп, нан тауып жүр. Сондай-ақ Келешек кеңею жобасы аясында босатылған бір жылыойлықтың үлесіне өзге өңірлерден 17 жұмысшы келеді.

Жиын соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова көтерілген мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілуіне жұмыстанатындарын айтты. ТШО өкілдері осындай жиындардың жиі өтіп тұратынын айтты.

Дәл осындай жиындар Жылыой ауданының Жаңа Қаратон, Қосшағыл, Майкөмген, Тұрғызба, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай ауылдарында өтті. Осылайша шалғай ауыл тұрғындарының компания өкілдерінен өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алды.

Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521