Мәртебелі мұнайшы қыз

Ел экономикасының тұрақты дамуына сан-саладағы жұмысшылардың қосқан үлесі зор. Қоғамдағы әрбір саланың өз еңбек озаттары, өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен шеберлері бар.

Оның үстіне бір кәсіпті атадан балаға, баладан немереге мирас етіп келе жатқан еңбек династиялары да елімізде жетіп артылады. Осындай жеті қатпар жерден қара алтынды өндіру ісінде жылдар бойы табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан жылыойлықтардың бірі - Оңдашевтар әулеті.

Ел ризығын еселеуге сүбелі үлес қосқан осы әулеттің өрісі, мұнайшылар әулетінде өмірге келіп, өзі де әке жолын жалғап мұнайшы атанған Оңдашева Гүлшара – біздің бүгінгі сұхбаттың басты кейіпкері.

- Ең әуелі өзіңіз өмірге келген мұнайшылар әулеті жөнінде сөз қозғасақ. Бүгінде аудандағы ең белді мекемелердің бірінде «Мәртебелі геолог» атанып отырған Гүлшара Байтаңатқызының балалық шағы қайда, қалай өтті?

- Осы әулеттің бастауында тұрған атам Оңдашев Төлегеннен үш ер бала туылып, екі ұлы жастай шетінеп, кіндіктен жалғыз ұл Байтаңат қалған. Сол Байтаңат – менің әкем (бірақ, әкем де осыдан бірнеше жыл бұрын бақилық болып, мәңгілік мекеніне аттанып кетті). Төлеген атаның өзі 1910 жылы Жылыой ауданы, Ақбас ауылында дүниеге келген. 1933-1965 жылдары Қосшағыл мұнай кәсіпшілігін өндірістік жайғастыруға катысып, осы кен орнының алғашқы игерушілерінің бірі болып саналды. Қосшағыл мұнай кен орнында электромонтер, сым ораушы, шебер болып, Стахановшылар қозғалысына қатысушы болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында, мұнай өндірісі қажеттілігіне орай арнайы броньмен ауылда қалып, тыл ардагері ретінде еңбек еткен. Ондаған электромонтерларды дайындаған ұстаз, мәртебелі мұнайшы.

Ал әкем Байтаңат 1938 жылы Қосшағылда туған. 1955-1958 жылдары Атырау қаласындағы Мұнай техникумында білім алып «өндіріс орындарын электрмен жабдықтау» ісінің маманы дипломының иесі болды. 1978 жылы Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық политехникалық институтты тау-кен мамандығы бойынша тәмамдады. 1958-2001 жылдары мұнай саласында абыройлы еңбек етті. «Құлсарымұнайгаз» өндіру басқармасында электромонтер, техникалық бөлімнің инженері, бөлім бастығы, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бас инженердің орынбасары. Комсомол ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы. Басқарманың тарихын зерттеуші, «Жол бастауы - Қарашүңгіл» кітабының авторы.


Өзіме келер болсам... «Әкем де мұнайшы екен, мен туғанда, Болашақ мұнайшы деп қуаныпты» деп келетін жергілікті ақын Амандық Сасаевтың өлең жолдарында айтылғандай, мен әкесі де, тіпті атасы да мұнайшы болып қызмет еткен әулетте 1969 жылдың 6-наурызында өмірге келдім. 1976-1980 жылы Құлсарыдағы № 6 А.С. Пушкин атындағы мектепте, 1981-1986 жылдарда №9 А.С.Макаренко мектебінде білім алдым. Мұнайшылар жанұясында өмірге келген маған өмір бойы нанын жейтін болашақ мамандығымды таңдау қиынға түспеді. Алдымдағы асқар тауларым әкем мен атам секілді мұнай-газ саласында еңбек етуді қаладым. Осылайша Грозный қаласындағы академик М.Д.Миллионщиков атындағы мұнай институтының мұнай және газ геологі факультетінде 1986-1992 жылдар аралығында геолог мамандығын алып шықтым. Осылайша оқу бітірген жылы 1992 жылы Орталык зерттеу лабораториясына лаборант болып жұмысқа қабылдандым. 2000 жылы Орталык зерттеу лабораториясы ЦНИПРга атын озгертти, сонда геолог болып жасадым. 2009 жылдан бастап “ Жылыоймұнайгаз” мүнай-газ өндіру басқармасында геология бөлімінде геолог қызметін атқарамын.

Сол кезден бүгінгі күнге дейін аталған мекемеде қызмет етіп келемін. 1993 жылы құлсарылық Әліби есімді ер азаматпен көңіл қосып, тұрмысқа шықтым. Бір ұл, бір қызымыз бар. Ұл мен қызымызды үйлендіріп, тұрмысқа беріп немере-жиеннің қызығын қызықтап жүрген бақытты әжемін. Әкем анам Аманжан Қағазғалимен 1961 жылы шаңырақ көтерген. Жалпы, отбасында 7 перзентпіз. Оның үшеуі - ұл, төртеуі қыз. Бауырларымның да арасында өмірден өткендері бар. Әулетіміздегі жандардың басым бөлігі осы мұнай саласында қызмет еткен, әлі де қызмет етіп келеді. Атамыз бен әкеміздің сара жолын ұл-қыздарынан тараған немерелері мен жиендері де жалғастырып отыр. Бізді жергілікті халық «мұнайшылар династиясы» деп те атайды.

- Қазақстандағы мұнай-газ саласының болашағы жайында не айтасыз?

- Ел экономикасының қарқынды дамуы – жерасты байлықтарын тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Соның ішінде елімізге ең көп көлемде кіріс әкеліп отырған мұнай-газ саласының жұмысына баса мән беретін болсақ, осы саланың ғұмырын одан әрі ұзарта аламыз деген ойдамын. Алдағы уақытта дәстүрлі өндірумен қатар, терең ұңғымаларды игеру, қиын жағдайда кен орындарын тиімді пайдалану, сондай-ақ көмірсутектің экологияға зиянын азайту бағытында жұмыстарды күшейтпекпіз. Одан бөлек, жаңа технологияларды ұтымды пайдалануымыз қажет. Болашақта мұнай-газ саласы жоғалмайды, егер, әлемдік тәжірибелерді өз жерімізде тиімді іске асыра алсақ. Бұл үшін бізге әлбетте білікті кадрлар көптеп қажет.

- «Білікті кадрлар» деп өз сөзіңізде айтқандай қазіргі таңда мұнай саласына енді ғана келіп жатқан жас мамандарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

- Негізі, жас кадрлар үшін бұл салада мүмкіндіктер мол. Жастарға үздіксіз білім алудан, өз салаларыңыздың қыр-сырын жетік меңгеруден, дамудан қашпаңыздар дегім келеді. Тек жоғары оқу орнының дипломымен шектелмей, кәсіби бағдарламаларды, шет тілдерін меңгеру аса қажет. Өйткені, біз шет мемлекеттермен әрдайым бәсекеге қабілетті болуға тиіспіз. Салада ІТ мен инженерияны ұштастыра алған білікті мамандар ертеңгі көшбасшы бола алады. Оған қоса біз секілді көргені мен түйгені көп тәжірибелі мамандармен оң қарым-қатынас орната алса деймін.

- Сұхбат соңында бір ауыз жылы лебізіңізді білдірсеңіз.

- 33 жылдай қара алтын өндіру жолында қажырлы еңбек етіп келемін. Еңбегім әркез еленуде. Жетістіктерім, алғыстарым мен марапаттарым да аз емес. Экономикамызды көтеру жолында басты сала - мұнай өндіру саласында еңбек етуді жазған тағдырыма ризамын. Әрқашан ізгіліктен таймай, өзімнен кейінгі жас буынға шама-шарқым келгенше қолдау білдіріп, білмегендерін үйретуге тырысып жүремін.

Сұхбаттасқан: Шаттық Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT