МҰНАЙШЫЛАР ӘУЛЕТІ

Байлығым болмаса да туа бітті,

Көңілім күмбірлеген күй ағытты.

Әкем де мұнайшы екен, мен туғанда

Болашақ мұнайшы деп қуаныпты.

Бұл жылыойлық ақын Амандық Сасаевтың өлеңі. Оны қаламгер ретінде жалғыз жылыойлықтар ғана емес, бүкіл Ембі мұнайшылары жақсы біледі. Ол қарт Ембінің қара шаңырағы - қазыналы өңірдің өсіп-өркендеуіне білектің күшімен ғана емес, жүректегі жыр-қаламының ұшымен де зор үлес қосқан азамат. Жас шағынан-ақ оның өлеңдерінде ембілік мұнайшылардың ерен еңбегі кеңінен көрініс тапты. Өйткені Аманшекең сол қазыналы қара алтынның қазанында өзі де бірге қайнап, өндіріс ошағында пісіп-жетілген жан.

Иә, расында да мұнайшылар жанұясында дүниеге келген Амандық Ашықбайұлы мектеп бітіре сала әкеден қалған кәсіпті жалғап әкетті. Ата-анасыз жетім өскен ол сонау 1961 жылы Құлсары мұнай кәсіпшілігінің бұрғылау бригадасында алғашқы еңбек жолын бастады. Сонда жүріп жетілген жігіт көп ұзамай жаңадан ашылған Прорва кәсіпшілігін көтеруге аттанды. Онда кен орнын алғашқы игеруші Мүтиғолла Маташевтің қарауында жұмыс жасап, шыңдалды. Бұрғышының көмекшісі ретінде еселі еңбек кеткен жас мұнайшы жаңа ұңғымалардың пайдалануға беруіне мұрындық болып, кен орнының кеңеюіне кеңінен үлес қосты.

Амандық Сасаев көп жылдар отбасымен Жылыойдың Мұнайлы поселкесінде тұрды. Онда осы елді мекен есімімен аталатын кен орны болған еді. Онда қарапайым жұмысшы ғана емес, цехтың кәсіподақ ұйымының жетекшісі қызметін қоса атқарып, басқарманың қоғамдық жұмысына да белсене араласты. Табиғат тарту еткен талантының арқасында мұнайшылар өмірін қаламмен жырлап, баянмен әнге қосып, басқарма атынан түрлі сайыстарға қатысып, өнер сахнасынан түспеді. Ақын ретінде Атырау аймағына танылып, республика Жазушылар Одағының жиналыстарына қатысты. Қай мінберге шықса да өзімен қызметтес қарапайым еңбеккерлердің ерен еңбегін өлең-сөзі арқылы жеткізе білді.

Ал ауылда - қарапайым жұмысшы, мұнай өндіру операторы болды. Ауа-райының жауын-шашынды, қарлы-боранына қарамастан, ауысымда жейтін азығын арқалап, үйінен шыққан ол 4-5 шақырым қашықтықтағы Мұнайлы кен орнына жаяу тартады. Сонда күні-түні качалкалармен сырласады. Сыр беріп, бұзыла бастаған ұңғыманың бөлшегін ауыстырады, тұрып қалғанын өз қолымен жөндейді. Сосын темір будканың ішіндегі пешке от жағып, жылынып алады да, сол жалынның жарығымен ақ параққа төгілтіп жыр жазады. Мұнайшы-ақын Амандық Сасаевтың көптеген жырлары осылай туды. Осы Мұнайлыдағы еңбек майданының алдыңғы шебінен көрінген ақын 1975 жылы Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.

Мұнайлы поселкесі жабылған соң ақын ағамыздың еңбек жолы Ақінгенде жалғасты. Бұл еліміздің егемендік алған кезеңі еді. Мұнда жағдай өзгерді. Жайлы жатақхана, жылы асханалар салынып, өндіріс басына жан бітті. Бұл дәуір ақын өлеңдеріне жаңа серпін берді. Енді жаңарған Ембінің жарқын болашағын жырлады. Сол шалқар шабыттан туған шығармалары «Сезім бұлағы» атты кітапқа айналып, баспадан басылып шықты. Осы Қосшағыл мұнай өндіру цехына қарасты кен орнында Амандық Сасаев құрметті зейнеткерлік демалысқа қалғанша тер төкті. Басқарма басшыларынан, қала берді акционерлік қоғам президентінен аз құрмет көрген жоқ.

Ембі мұнайының дамуына білегімен де, жүрегімен де зор еңбек сіңірген ардагер-мұнайшының 44 жылдық тәжірибесінен, әсіресе, жастардың алар тәлімі мол. Бар саналы ғибратты ғұмырын аймақтың қара алтын қайнарын тасытуға үлес қосқан Амандық Сасаев бүгінде 82 жаста. «Қазақстан мұнайына – 100 жыл», 120 жыл, «Ембімұнайгазға – 100 жыл», «Қосшағылға – 70 жыл», «Ембі ауданына – 90 жыл» секілді мерекелік медальдары мен Құрмет грамотасы, Алғысхаттар – ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, өмірлік жары Шәмсиядан өрбіген ұлдары да әке жолын қуып, ата кәсіпті мықтап тұрып қолға алды. Тұңғышы Өтеген Сасаевтың мұнайшылық еңбек жолы Мұнайлыдан басталып, Қисымбай, Прорва кен орындарында жалғасты. Амандық ағаның орнын басқан ортаншы ұлы Ғалымбек Сасаев мұнай өндіру операторы ретінде Ақінген кен орнында еселі еңбек етіп келеді. Одан кейінгі Болат және Әлімбек Ашықбаевтар да - өзге компаниялардың бұрғылау, мұнай өндіру саласында. Бүгінде кешегі Сасаевтар отбасы – бүгінде Жылыойдағы үлкен мұнайшылар әулетіне айналды.

Зейнеткерлікке қалса да ардагер-мұнайшы қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Жылыой мұнай-газ» мұнай-газ өндіру басқармасы ұйымдастырған іс-шаралардан қалып көрген емес. Айталық Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Әнім-саған, туған елім Тәуелсіз» атты «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер көркемөнерпаздар фестиваль-байқауында керемет өнер көрсетіп, ІІ орынды жеңіп алып, лауреат атануы – соның айғағы.

Жасы сексеннің екеуінен асса да, шабыты шау тартпаған ақын, ардагер-мұнайшы Амандық Сасаев кейде баянын сызылта тартып, әсем әнге салады. Сондай сәтте көңілінің көгі өз көкжиегіне сыймай, сонау жылдары өзі талмай кезген сағымды сары даласын аңсап, сағыныш сазын тербетеді.
ЕРБОЛ ҚОШАҚАНОВ #ембімұнайгазбайқау #эмбамунайгазконкурс

#Ембібейнесі

#ЛицаЭмбы

#Ембідамуы #Эмбамунайгазсозидание

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521