Мұнайшы Нұрсұлудың еңбек кітапшасында бір ғана сөйлем

Нұрсұлу бір үйдің баласындай тату-тәтті, бірлігі жарасқан ұжымына риза.

Жылыойда тұтас бір ұрпақтан келесі ұрпаққа беріліп, қалыптасқан көптеген мұнайшылар династиясы бар. Олар қалай пайда болады?

Нұрсұлу Испанғалиева «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Терең-Өзек кен алаңының операторы болып жұмысқа орналасқанда бар болғаны 18 жаста еді. Содан бері көзді ашып-жұмғанша 32 жыл өте шығыпты. Нұрсұлу табан аудармай осы ұжымда 32 жыл еңбек етіп келеді. Оның еңбек кітапшасында «Терең-Өзек кен алаңының мұнай-газ өндіру операторы» деп жазылған бір-ақ сөйлем бар.

- Терең-Өзек кен алаңының ұжымы маған екінші үйімдей болып кеткен. Осы кен алаңына келгенде оң-солын жөндеп танымаған жас қыз едім. Өндірісте соншама жыл еңбек ете жүріп өзгелерден үйрендім, білмегенімді білдім. Бүгінде өзім жастарға ақыл айтар тәлімгермін,-дейді мұнайшы Нұрсұлу Испанғалиева.

Нұрсұлу - мұнайшының қызы. Әкесі Төреғали мен анасы Жиде де осы Ембі өндірісінде ұзақ жылдар еңбек еткен. Ата-анасының жолын балалары жалғастырды. Отбасындағы 10 баланың 8-і мұнайшы. Осылайша мұнайшылар династиясын құрап отыр. Бір қызығы, сегіз баланың сегізі де осы Терең-Өзек кен алаңында еңбек еткен. Нұрсұлу бір үйдің баласындай тату-тәтті, бірлігі жарасқан ұжымына риза. «Маманның қандай болмағы оның еңбек еткен ортасына байланысты»,- дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі заманауи техникамен қаруланған тереңөзектіктер еңбек ететін кен алаңын өткен ғасырдың соңындағы кен алаңымен салыстыруға да келмейді. Бүгінгі өндіріс толықтай автоматтандырылған жүйеге көшірілген. Өткен ғасырда аға буын қолмен атқарған жұмыстардың бәрін жиырма бірінші ғасырда автоматтар атқарады. Демек өткен шақтағы қиындықтар да көрген түстей ғайып болған. Өндіріс алаңы заманауи технология жаңалықтарына толы болса, мұнайшылар демалатын орындар да заман үрдісіне орай дамыған нысандармен толығу үстінде.

- Жұмыстан кейінгі демалыс уақытымызды тиімді өткізуге өндірісте барлық жағдай жасалған. Былтыр барлық жатақханаларда кітап бұрышы ұйымдастырылды. Оны «шағын кітапхана» деуге де болар. Осы жерден ақын-жазушылардың көркем шығармаларын да, мұнай саласына керекті күнделікті методикалық оқулықтарды да таба аласыз. Өзім жұмыстан кейін ылғи осы жерде отырып кітап оқимын,-дейді Нұрсұлу Испанғалиева.

Терең-Өзек кен алаңына жұмысқа орналасқан бір кездегі бойжеткен осы жерден болашақ жарын тапты. Жұбайы Руслан Ембі өндірісінің автоматика саласында еңбек етті. Бүгінде мұнайшы отбасы - керегесі кеңейген, шаттыққа толы шаңырақ. Руслан мен Нұрсұлу немере-жиендері қаумалаған бақытты ата-әже боп отырған жайы бар.

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521