Өткен маусым айының аяғында еліміздің Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және Қытайдың CNOOC («China National Offshore Oil Corporation») ірі мұнай-газ корпорациясы өңіріміздің «Жылыой» учаскесінен қара алтын қорын іздестіру үшін геологиялық барлау-бұрғылау жұмыстарын бірлесіп жүргізу туралы келісімге қол қойды.
«ҚазМұнайгаз» компаниясының хабарлауынша, бұл CNOOC-тың Қазақстанға салып отырған ең алғашқы инвестициясы екен. Келісім-шартқа Қазақстан тарапынан Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» басшысының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев және CNOOC атынан вице-президент Лю Юнцзе қол қойған. Жобаның географиялық орналасуы — Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы транзиттік аймақ, яғни, өзіміздің Жылыой ауданының аумағына кіреді.
Бұл келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін білдіреді. Ең бастысы — барлау кезеңін толықтай CNOOC қаржыландырады, ал жобаны екі жақ елу де елу үлеспен бірлесіп жүзеге асырады, - делінген хабарламада.
«Жылыой» жобасы аясында: 3D сейсмикалық барлау – 400 шаршы шақырым аумақта дала жұмысы, деректерді өңдеу және талдау, 2D тарихи деректерді қайта өңдеу – 400 шақырым, тұзүсті ұңғыма бұрғылау – 2000 метр тереңдікте (тәуелсіз кезең), тұзасты ұңғыма бұрғылау 4500 метр тереңдікте жүргізіледі.
Энергетика министрлігінің жүргізген келісімі жалғыз мұнымен шектеліп қалмайды. «Жылыой» жобасынан бөлек, 24 маусым күні тағы екі күрделі учаске – «Аққұдық» пен «Северный-2» алаңдарын барлау және өндіру туралы да шарттарға қол қойылды. Бұл келісімдерге «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» ұлттық компаниялары да қатысады.
Жалпы осы үш учаскені барлауға бағытталған жоспарлы инвестицияның көлемі 23,7 млрд теңгені құрайды.
Өз тілшімізден