ЖУЫРДА «APEC TRAINING CENTER» ЖШС-НЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ҚАЗҰТЗУ-ДЫҢ ӘР ЖЫЛДАРДАҒЫ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ.
80-ге жуық түлек бас қосып, өз саласында жетістікке жеткендер мінберге шығып сөз сөйледі. Солардың бірі – университеттің 1977 жылғы түлегі, мұнай саласының әртүрлі компанияларында түрлі лауазымдарда 40 жылдан астам жұмыс істеген тәжірибелі өндіріс қызметкері Жеңіс Сейтаев.
– Сол кездегі Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі инженер-механик мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды Балықшы Барлау бұрғылау басқармасында бұрғылау қондырғысының жөндеу механигі болып жұмыс істеуден бастадым. Кейіннен «Теңізмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына ауысып, Теңіз кен орнының құрал-жабдықтарын жалпы техникалық жөндеуден өткізу қызметінің бастығы болдым. Жалпы, мен Теңізде 40 жылға жуық жұмыс істедім, оның 27 жылы ТШО мен оның жобаларында болды. Адамдардың қалай өсіп, өзгергеніне, «Теңіздің» қалай өзгеріп, өскеніне куә болдым. Бұл уақыттар өзіме сенуге, адамдарға сенуге және оларды бағалауға үйретті. Көп жылдар бойы жинаған тәжірибемді ТШО-ның күрделі жобаларында толығымен пайдалана отырып, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік сала-сында сарапшы қызметін атқардым,- дейді Ж.Сейтаев.
2020 жылы Жеңіс Сейтаев өзі оқыған университетіне оралып, жинақтаған тәжірибелік білімін жаңа буын мұнайшы- инженерлермен бөлісіп келеді. Мем¬лекет басшысының Жарлығымен өндіріске сіңірген ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
Келесі спикер – университеттің Геология және мұнай-газ ісі институты директорының орынбасары Айбек Абдукаримов. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Альберта университетінде (Канада) «Мұнай ісі» мамандығы бойынша магистратураны аяқтаған.
– 2015 жылы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін тәмамдадым. Қазіргі уақытта институтта ғылыми және халықаралық қызметті белсенді дамытудамын. Ғылыми журналдарда 15-тен астам мақаланың авторы атанып, гидродинамикалық модельдеу саласында тәжірибе жинақтап үлгердім. Институтта алған білімім мені техникалық әдебиеттермен жұмыс жүргізу машығына, процестерді талдауға арналған үлкен көлемді мәліметтермен жұмыс істеу дағдысына бейімдеді, жұмыстың нәтижелі болуына жауапкершілік алуға, еңбексүйгіштікке үйретті. Университетке диплом үшін емес, өз ісінің кәсіпқой маманы болуы үшін түсуге талпыну керек. Бұған қол жеткізу үшін табандылық қажет,- деді А.Абдукаримов.
Кездесуге келген спикерлердің бірі – 2009-2013 жылдары «Мұнай-газ» ісі мамандығы бойынша білім алған Лина Тайкен. Оқу бітіріп келген жылдары аз уақыт өз саласы бойынша жұмыс істеп, кейін Малайзия, Қытай асып, магистратураға түскен. Логистика саласы бойынша білімін жетілдірген Л.Тайкен бүгінде Атырау облысының экономикалық жағынан дамуына үлес қосып келеді.
– Мектепті аяқтағаннан кейінгі алғашқы жоғары білімді дәл осы университеттен алғаннан кейін бұл оқу ордасы мен үшін ыстық. Ересек өмірге және арман- мақсатымыздың орындалуына қадам жасауға мүмкіндік сыйлаған Сәтбаев университетіне алғысымды білдіремін. Тұлға болып жетілуімізге, қанатымыздың қатаюына үлесі зор. «Мемлекет маған не береді?» деп емес, «Мен елім үшін не істей ала¬мын?» деген ойда болғанда ғана әр адам қоғамға пайдасын тигізе алады. Қай жерден білім алсақ та, бастысы елдің дамуына үлесімізді қосуға тырысайық,- деді Л.Тайкен.
Иә, университет түлегі Лина Тайкен – қазіргі таңда «Голбридж» халықаралық компаниясының бас¬шысы. Атырауда жылына 144 мың тонна өңделген қант шығаратын, яғни қуаттылығы осындай зауыт салуды көздеп отыр.
– Жоба жүзеге асқан жағдайда бір ғана аймақтағы емес, тұтастай елдегі қантқа деген қажеттілікті қанағаттандыруы тиіс. Біз қант қызылшасынан ашытқы дайындайтын Қытайдың жетекші компаниясымен тәжірибе алмасып, оның технологиясын жан-жақты меңгердік. Олар біздің жобамызды қолдап, сол үшін 80% инвестиция құюға әзір екендіктерін мәлімдеді. Жобамызды Атырау облысында жүзеге асыру мерзімі жыл жарым уақытқа созылады. Ресми құжаттар дер мезгілінде дайын болған жағдайда, 2026 жылдың жазында зауытты іске қосамыз. Қанттан бөлек, өнімнің төрт түрін шығаратын боламыз. Көздеген мақсатымыз орындалуы үшін жер телімін бөлуді өтінеді.
Түлектер – Сәтбаев университетінің зор мақтанышы. Әйгілі Политех өз тарихында мыңдаған талант иелері мен көрнекті тұлғаларға білім берді, олар қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі жетекші өндіріс орындарында, ғылым мен экономика салаларында қажырлы еңбек етуде.
Көптеген белгілі түлектер үлкен-үлкен мекемелерде жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүрсе, кейбіреулері Қазақстаннан алыс аймақтарда адал еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Олардың еңбек жолдарын еске алып, жыр ету – тек университетке көрсетілген құрмет ғана емес, сондай-ақ келешек ұрпақ үшін, жалынды студент-жастар үшін де лайықты үлгі-өнеге.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ