«Теңізшевройл» ЖШС осымен үшінші жыл Қазақстан Республикасының «Үздік салық төлеушісі» атағына ие болды.
2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) ТШО-ны «Ірі салық төлеуші» номинациясында үздік деп таныды. Бұл марапат ТШО-ның салық міндеттемелерін мүлтіксіз орындағанын және ел экономикасына қосқан елеулі үлесін растайды.
ҚР МКК атап өткендей, 2023 жылдың қорытындысына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінен түрлі санаттар бойынша 2 000 000-нан астам кәсіпкер қарастырылды. Басты назар тек төленген салық көлеміне ғана емес, төлем тәртібіне, фискалдық мониторинг бойынша ескертулердің жоқтығына, саладағы салық жүктемесінің коэффициентіне және басқа да қаржылық көрсеткіштерге аударылды.
Салық төлеушілердің әлеуметтік жобалары және олар өз қызметiн жүзеге асыратын аймақтарда азаматтар үшін жұмыс орындарын ашу да елеулi мәнге ие болды. «Біз бизнестің дамуы мен өсуін ынталандыру үшін жағдай жасап, меммлекет бизнеске тартымды болуы керек. Бұл – мемлекет басшысының ұстанымы. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жыл сайын ел бюджетін қосымша 700-800 миллиард теңгеге толықтырып отырады», - деді Ерұлан Жамаубаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.
Бұл құрмет ТШО-ның қаржылық үдерістерін жүйелі түрде басқару және заңнаманың барлық нормалары мен талаптарын қатаң сақтауының нәтижесі болып табылады. Қызметкерлердің корпоративтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін дәйекті түрде қолдауы, компанияға қазақстандық кәсіпорындар арасында көшбасшылар қатарында қалуына мүмкіндік береді.
«Біз үшінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасындағы үздік салық төлеуші атағын иеленгенімізді мақтан тұтамыз. Бұл құрмет ТШО-ның қауіпсіз және сенімді жұмысына ерекше көңіл бөліп қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанның игілігі үшін салықтық міндеттемелерін жауапкершілікпен орындауға ұмтылатынын растайды», - деді марапаттау рәсімінде ТШО-ның қаржы жөніндегі бас менеджері Дуайт Крэбтри.
Тек соңғы онжылдықта (2015-2024 жж.) ТШО өзінің негізгі өндірісіндегі қондырғылардың орташа сенімділігінің 98%-дан астамына қол жеткізіп, Қазақстан Республикасын сенімді кіріспен қамтамасыз ете алды. Оған қоса, ТШО көптеген жылдар бойы қазақстандық қызметкерлердің жалақысын, отандық тауар өндірушілер мен жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алуды, мемлекеттік кәсіпорындарға төлемдерді, қазақстандық серіктеске дивидендтер төлеуді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылатын салықтар мен роялти түріндегі төлемдерді қоса алғанда, Қазақстан экономикасына тұрақты және ашық төлемдерді қамтамасыз ете отырып, бизнес жүргізудің жоғары стандарттарын көрсетіп келеді. Тек соңғы 10 жылда ғана ТШО сыртқы және мұнай нарығының қолайсыз жағдайларына қарамастан, ҚР бюджетіне жылына орташа есеппен 5,7 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға төлемдерді тұрақты түрде жүзеге асырды. 2023 жылы ТШО Қазақстанға 14 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде тікелей қаржылық төлемдерді жүзеге асырып, Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілер арасындағы орнын нығайтты.
Жалпы алғанда, 1993 жылдан бері ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржылық төлемдері 196 миллиард АҚШ долларынан астам соманы құрады. 2010-2021 жылдары жүргізілген тәуелсіз зерттеу нәтижелеріне сәйкес ТШО өзінің бизнес серіктестерімен бірлесіп, Қазақстан экономикасының жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 11%-ын ынталандырып, мемлекет кірісінің шамамен 30%-ын қамтамасыз етеді.