Әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі – Теңіз кенішінің ашылғанына биыл 45 жыл толды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш ірі инвестициялық және ел экономикасының һәм әл-ауқатының дамуына тікелей әсер еткен кен орнының мерейтойына арналған іс-шара «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас кеңсесінде кең ауқымда аталып өтті. Балғымбаев, Орынғазы Есқазиев секілді мұнайшылардың есімдері зор ілтипатпен аталады, өйткені олар – тарих бетіне мәңгілікке жазылған майталмандар. Ең алғаш қара алтынның көзін тапқан аға буынның тынымсыз ізденісі мен еңбегінің арқасында әлемдік деңгейдегі алып кеніш өз жұмысын мүлтіксіз атқарып келеді. Осы шаруалардың басы-қасында болған барлаушы-бұрғышылардың жақсылығын кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Олардың жолын қуған жастар барда ардагерлердің есімдері ұлықталып, еңбектері бағаланады. 1993 жылдың 6 сәуірінде «Теңізшевройл» қазақ-американ бірлескен кәсіпорны құрылғалы Теңіз мұнайының экспортқа шығуын қамтамасыз етіп, мұнай алыбының және ел экономикасының дамуына серпін берді. Содан бері бірнеше жыл қатарынан компания «Үздік жұмыс беруші», сондай-ақ «Үздік салық төлеуші» деп танылды. Компания қазақстандық мамандардың біліктілігін арттырып, қазақстандық қамтуды дамытуға ұмтылып келеді. Биыл тоғыз айда компанияның республикаға тікелей төлемі 8,4 миллиард АҚШ долларын құрады. 1993 жылдан бері компания ел экономикасына 198 миллиард доллардан астам қаражат бөлген. Іс-шара барысында бұл кен орнының ашылуы арқылы елде жаңа дәуірдің басталғанын айтқан «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон осы жұмыстың басы-қасында болған аға буынның орасан зор еңбегіне тоқталды. – Теңіз кен орнының ашылуы тек мұнай өнеркәсібі үшін ғана емес, бүкіл елде жаңа дәуірдің басталуына себеп болды. Бұл Қазақстан мен халықаралық компаниялар арасындағы берік ынтымақтастықтың үлгісі болып табылады. Осы жылдар ішінде біз қауіпсіз және сенімді мұнай өндіруді қамтамасыз етіп, бірлескен күш-жігермен әлемдік деңгейдегі өндірісті құрып қана қоймай, кен орындарын игеру технологияларын енгіздік, адами капиталға инвестиция салдық, жұмыс істейтін қауымдастықтарды қолдадық және Қазақстан Республикасының экономикалық өсуіне үлес қостық, - деді бас директор. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Теңіз кенішінің алғашқы кезеңі мен қазіргі жағдайын салыстыруға келмейтінін атап өтті. – Мұнай-газ саласының барлық ардагерлеріне бүгінгі мерейтой құтты болсын. Теңізді игеруге қосқан үлесіңіз тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалағанын атап өткім келеді. Қиын жылдары біздің елімізге демеу болған, басқа да салалардың дамуына ықпал еткен дәл осы мұнай өндірісі еді. Біз ардагерлерімізге олардың еңбегі мен адалдығы үшін мың да бір алғыс айтамыз! - деді Серік Жамбылұлы. Мерейтойға арнайы келген еліміздің Энергетика министрлігі аппаратының басшысы Жанар Жарылғасова ведомство атынан құттықтау сөзін арнап, кен орнын игеруші компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтті. – «Теңізшевройл» компаниясы жақсы үйлестірілген жұмыстың арқасында әлемдік озық технологияларды өндіріске енгізді. Компания – елдегі ең ірі салық төлеуші, сондай-ақ әлеуметтік серіктес ретінде де жұмыс атқарып келеді, - деді Жанар Шайқықызы. Шақырылған қонақтардың арасында Теңіз кен орнын ашушылардың ұрпақтары да, бірінші болып ұңғымаға бұрғы салғандар да болды. Солардың бірі – «Құрмет» орденінің иегері, мұнай-газ саласының ардагері Төлеген Байзақов. – Теңізде қызмет ету өндіріс мамандары үшін тамаша мектеп болды. Одан абыроймен өту – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Өткенге көз жүгірте отырып, Теңіз кен орны қалай қатты өзгергенін, технологиялардың жетілгенін көріп отырмын. Мен Теңіз кен орнын алғаш ашқандардың мұнай-газ саласына қосқан зор үлесін көкейінде сақтап, қадір тұтатын жас ұрпаққа ерекше алғысымды білдіргім келеді, - деді ардагер. Компания осы жылдар ішінде ел экономикасының өркендеуіне үлес қосуымен қатар, стратегиялық маңызды жобаларға басымдық беріп, жергілікті жұмысшыларды қамтуды мақсат етіп келеді. 2010 жылдан бері компания халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған салаларға да ерекше назар аудару үстінде. Атап айтсақ, денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған инвестициялық салымдар бағдарламасын қолға алды. Содан бері жалпы сомасы 15,9 миллион АҚШ долларын құрайтын 129-дан астам әлеуметтік жоба іске асты. Теңіз кен орнының 45 жылдығына арналған іс-шарада мұнай-газ саласының ардагерлері мерекелік медальдармен марапатталды. Алмас ҚАБДОЛОВ «Атырау» газеті
«Қара алтынның» сандығы – Теңіз кеніші
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 269