Қара алтынның құт мекені – Қосшағыл

Қарт Ембінің мерейін арттырып, даңқын асқақтатқан, байырғы мұнай кәсіпшіліктерінің бірі Қосшағыл кен орнына – биыл 90 жыл. Ел экономикасы мен әлеуетінің күретамырына айналған бұл кеніш қазақтың маңдайына біткен құтты мекен екендігі рас.

Десек те қойнауы қазынаға толы өлкенің өсіп-өнуі мен өркендеуі адами факторлардың әсерінен екендігін де жасырмаған жөн. Мұнда майталман мұнайшылар мен олардың ізін жалғаушы мамандар бар. Міне, осындай нағыз еңбек адамдарының ұжымы – «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жуырда Мұнайшылар күнімен тұспа-тұс келген Қосшағыл кен орнының атаулы мерекесін тойлады. Салтанатты шараның шымылдығы Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде ашылды.

Иә, қос шағылдың бел ортасында мұнай атқылағалы бір ғасырға таяды. Алғаш рет оны 1926 жылы болашақ мұнай кәсіпшілігі аумағында тапқан Бешім Қызылбасов ақсақал еді. Жер бетіне шыққан қара алтынды торсыққа құйып алған ол Доссор мұнай кәсіпшілігінде қызмет етіп жүрген геолог П.Авровқа апарып көрсеткенше асық болады. Осылайша Қосшағыл жерінде зерттеу жұмыстары басталып, жақсы нәтижелердің арқасында 1935 жылы қыркүйекте Қосшағыл кен орны пайдалануға берілді. Міне, сол кен алаңы биыл 90-шы асуына келіп жетті.

Айтулы мерекенің аясында ұйымдастырылған салтанатты шараның басында мұнайлы өлкенің тарихы мен мұнайшылар өмірі мен еңбек жолы бейнеленген деректі фильм көрсетіліп, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Қайнар Қоданов сөз сөйледі. Жиналған жұртшылықты кәсіби мерекесімен құттықтаған ол:

– Бүгін Қарт Ембіден қанаттанып ұшқан мұнайшылардың қызу еңбек майданында емес, мерекелік думанда бас қосқан күні. Өткеннен ғибрат алып, келешекке серпін алатын әсерлі басқосу. Бұл жиында мұнай саласында елеулі еңбек етіп, адал қызмет атқарған лайықты мұнайшылар мен олардың жолын жалғаған бүгінгі сала мамандары отыр. Мұнайшы мәртебесі биік, мақтанышқа лайық кәсіп ретінде жалғасын таба берсін. Мереке құтты болсын, мұнайшылар!-деді өз сөзінде.

Компания басшылығының мерекелік құттықтауын жеткізген «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Әбенов сала ардагерлері мен басқармада, Қосшағыл мұнай-газ өндіру цехында әр жылдары басшылық еткен азаматтарды 90 жылдық мерекелік медальмен марапаттап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты. Әрі қарай бірнеше мұнайшы ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Алғыс хаты, Құрмет грамотасы және естелік белгісімен ұлығыланды. Ал бір топ басқарма ардагерлері мен қызметкерлері Қосшағыл кен орнының 90 жылдық мерекелік медаліне және «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамотасына ие болды. Оларды «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Басқарма төрағасы қызметінің жетекшісі Алмас Идрисов пен компанияның кәсіподақ комитетінің төрағасы Болат Нысанбаев, сондай-ақ басқарманың кәсіподақ комитеті төрағасы Кемел Мұқанов табыстады.

Әрі қарай алқалы жиын әсем ән мен тәтті күйге, мың бұралған биге ұласты. Мерекелік шара соңы мұнайшы Талғат Көрпебаевтың орындауындағы «Кең Жылойым» әнімен қорытындыланды.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT