Қара алтын қашанғы асырайды?

Ресми деректерге қарағанда, мұнайлы мекен экономикасында ілкімді ілгерілеу бар. Рас, кейбір жобалардың жүзеге асырылуы кідіргенімен құрылыс қарқыны да жақсы, өңдеу саласында да серпіліс байқалады. Әйтсе де, әлі де ширай түсу қажет тәрізді. Бұл ретте бизнес иелеріне үлкен үміт артылып отыр. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына Жолдауында аталмыш мәселеге баса назар аударды.

КӘСІПКЕРЛІК ҮЛЕСІН КӨТЕРУ КЕРЕК

Шыны керек, облыста бизнеспен айналысуға ниет білдіргендерге кең көлемде қолдау бар. Алайда, шағын және орта кәсіпкерліктің өңірдің ортақ өніміне үлесі – оның ширегі ғана. Яғни, бұл көрсеткіш бойынша республикада әлі де ширау керек. Аймақта барлығы елу мың шамасында бизнес нысаны жұмыс жасайды. Соның шамамен 16 пайызын шағын кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Бұл – біраз күш. Әйтсе де, орта кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғалар небәрі жүзден асатын көрінеді. Демек, шаруасы шағын бизнес иелері өз ісін ірілендіруге не мүмкіндігі шектеулі, не мүлдем құлқы жоқ. Күнделікті өз қажетін өтейтін деңгейде ғана қызмет етуде.

Ал, 40 мың шамасындағы жеке кәсіпкерлер аз-мұз шаруа тындырғанына ғана мәз тәрізді. Аймақ ірі инвестиция тарту жөнінде елімізде алдыңғы сапта тұрғанымен, шағын және орта бизнесті өрістету барысында осындай олқылықтар орын алып отыр. Шындығында, бұл саланы барынша дамыту бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жетерлік. Соны тиімді пайдалану керек.

Аталмыш сала, әсіресе, пандемия кезінде қатты зардап шекті. Тұтас рес-публика бойынша олардың шығарған өнімдері күрт кеміді. Саны да едәуір қысқарды. Сын сағатында тығырыққа тірелген бірқатар нысандар мүлдем жабылды. Өйткені, тұтынушы табылмады. Ал, мейрамхана мен ойын алаңдары тәрізді көпшілік жиналатын орындардың қызметі тоқтауы бұларды күнделікті табысынан айырды.

Үкімет бұған дейін де шағын және орта кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап келген-ді. Мәселен, 2010-2020 жылдарға арналған «Бизнестің жол картасы» мерзімі ұзартылып, қаржыландыру көлемі артты. Егер 2010-2015 жылдары осы бағдарлама бойынша 188 млрд. теңге бөлінсе, 2020-2024 жылдарға арналған сома 457 миллиардқа жетті. Демек, 2,5 есе ұлғайтылды. Қолдау одан әрі жалғасуда. Бұл қаржыландыру теңгенің инфляциясына ғана қатысты емес, қолдау шаралары жан-жақты қамтылғанын көрсетеді. Мәселен, шағын және орта бизнестің дәстүрлі несиелерін субсидиялаумен қатар заемдардың бір бөлігін кепілдендіру бағыты қосылды. «Бизнестің жол картасы» бойынша заемның 85 пайызға дейінгі үлесі кепілдендіруге жатады. Мұндай қолдау құралы «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек», «Даму Оптим» тәрізді бағдарламаларда да қарастырылған. Міне, көріп отырғаныңыздай, кәсіпкерлікке қамқорлық жеткілікті. Тек істі ілгерілету керек.

Енді Жолдауда айтылғанындай, шағын және орта кәсіпкерлікті демеу одан әрі жалғасады. Жоғарыда көрсетілгендей, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы тиімділігін көрсетті. Соны жүзеге асыру барысында республикада 66 мың жаңа жоба қолдау тауыпты. Сөйтіп 150 мың шамасында жұмыс орны сақталған. Егер бір отбасында орта есеппен үш-төрт адам бар десек, онда қаншама жанның әл-ауқаты жақсарғанын осыдан-ақ көруге болады. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да өзін ақтады. Жаңа өнімдер шығарыла бастады, қосымша қызмет орындары ашылды. Сондықтан Мемлекет басшысы осы қос бағдарламаны келесі жылдары да жалғастыруды шешті. Бұл бағытқа кем дегенде бір триллион теңге бөлінбек. Ұқыпты жұмсаса, талай жемісті жобаның мәреге жетері кәміл.

Жақында Жылыойда ұйымдастырылған бизнес-форум да осындай мәселелерді шешуге бағытталды. Турасын айтқанда, мұнайлы мекенде шағын кәсіпті дамытуға барлық мүмкіндік бар. ТШО тәрізді ірі инвестор төңірегінде ондаған қызмет көрсетуші нысандарды қалыптастыруға болады. Бүгінде «Теңізшевройл» көбіне әбден сенімге ие болған, мықты байланысы орнаған байырғы әріптестерімен жұмыс жасайды. Дұрыс та шығар, бірақ қазіргі талап – оларды да біртіндеп алмастыру. Бұл Теңізде істейтін отандық мамандар санын көбейтуге ғана емес, мұнайшыларға сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындарға да қатысты. Ендеше, белсеніп шығатын кім бар? Инвестормен икемді байланыс орнатуға дайынбыз ба?

Иә, Жылыой – жерасты байлығымен ғана емес, төрт түлігімен де бай. Күллі облыста өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған өңір. Кеңестік кездегі төрт кеңшардан қалған ондаған шаруашылық бар. Оның бер жағында пайда болғандары қаншама. Ірілерін айтпағанда, шағындарының өзі жетерлік. Бәрі табиғи таза өнім өндіреді. Шаруашылыққа бірікпесе де, үйде отырып кәсіп жасайтындар табылады. Сиыр сауып, ірімшік даярлайды. Түйесінің шұбатын, жылқысының қазысын қолданады. Артылғанын сатып, табыс түсіреді. Міне, мүмкіндік. Неге осы өнімдерді кеніштегі асханаларға пайдаланбасқа? Соларда тамақтанатын қазақ жұмысшылары тұтынады ғой. Дәмін татса, ұлттық тағамнан шетелдіктер де бас тартпас. Ендеше, қалай ұсына аламыз? Қызығушылықты қалай оятамыз?

Ауданда өткен басқосуда осы сауалдарға да жауап ізделді. Рас, инвестор талабы тым жоғары. Оның көңілінен шығу оңай емес. Алайда, екіжақты түсіністік орнаса, мұны да еңсеруге болады. Алдымен, өзіміздің кәсіпкерлер қызметін қайта құру қажет. Бүгінде инвесторларға қазақстандық қызметті қолданып, өнімдерді пайдалану ұсынылуда. Шыны керек, сырттан келгендерді аз-мұз мәжбүрлеу бар. Соған арқа сүйеген кейбіреулер масылдық пиғыл танытуда. «Біздің тауарымызды алмайды» деген реніш көп айтылады. Ау, алдымен оның сапасын жақсарту қажет емес пе? Оны жоғары стандарттарға сәйкестендіру шарт қой. Әбден сенімге ену керек. Инвестор содан соң сырт айналса, онда әңгіме басқа. Әйтпесе, өзгеге орынсыз өкпе арту артық болады. Демек, жергілікті малбегілер осыны ойлағаны жөн.

Екінші мәселе, өнімнің бағасына байланысты. Шетелдіктер ақша санап үйренген, сондықтан арзанды қалайды. Рас, сапасын да жоққа шығармас, бірақ қолжетімді болуы шарт. Ал, жылыойлық кәсіпкерлер осы талап үдесінен шыға ала ма? Аудан ел бойынша шөлейтті аймақтардың біріне жатады. Мұнда мал жемін даярлау оңай емес. Көбіне іргелес аудандардан, тіпті көршілес облыстардан тасымалдайды. Бұл біраз шығын екені белгілі. Кейін шетелдіктермен саудаласқанда соның бәрі есепке алынады. Яғни, түпкі құнға әсер етеді. Ол инвесторды шошытуы мүмкін. Сонда не істелмек?

Осы орайда жергілікті малбегілер шетелдіктердің талабын қабылдаса ше? Өнімін арзан бағаға ұсынса қайтеді? Шыққан шығын ақталмай ма? Арадағы айырмашылықты өзара есеппен жабуға келмей ме? Мәселен, инвестор төлемді доллармен жасауы ықтимал. Ал, оның бағамы теңгемен салыстырғанда едәуір жоғары. Мал жеміне жұмсалар қаржы артығымен өтелмей ме? Жә, мұның бәрін кәсіпкерлердің өздері-ақ түсінеді. Демек, осындай бір қадам қажет. Жерімізге келген инвесторлардың сеніміне әбден еніп алса, олар алдағы уақытта да бас тартпас.

Шынын айтқанда, ТШО тәрізді ірі компанияның төңірегінде ондаған шағын мекемелер топтастыруға болады. Олар бастап құрылған 30 жылдың ішінде Қазақстан тарапынан бір бас мердігер орнықтыра алмағанымыз - өзімізге сын. Екінші санаттағы кішкене ғана шаруаны тындырып, содан түскен аз-мұз табысты қанағат тұтып келдік. Енді мемлекеттік қолдауды сезініп, ауқымды істерге қол созатын кез жетті ғой. «Теңізшевройл» үшін байырғы сервистік кәсіпорындардан бас тарту жеңіл емес. Бұл – ақиқат. Сайып келгенде, олар да тұрақты тапсырысшыдан айырылмайды. Өйткені, ұзақ мерзімдік саясатын солай құрған. Миллиондаған доллар кірістен қағылады. Қажет десе, бұл жерде мемлекеттер мүддесі тоғысады. Міне, әңгіме қайда бұрылып бара жатыр? Осы үлкен ойында отандық, соның ішінде жылыойлық, кәсіпкерлер қағыс қалмаса екен. Есе кетпесін ешкімге.

ЖЕМІСТІ ЖҰМЫС, ТОЛЫМДЫ ТАБЫС

Ілгергі жылдары облыс басқарған бір азамат «Жылыой мен Мақатта жұмыссыздық деген мүлдем болмауы керек еді» деген-ді. Өйткені, екеуі де өнеркәсіптік өңір. Инвестор ретінде бірінде ТШО, екіншісінде НКОК компаниялары отыр. Бірінің жерінде Теңіз, екіншісінде Қашаған кеніші бар. Ен байлық осыларда. Байырғы басшы соны мысалға алған-ды. Расында да, қос кен орнына текке жүрген талай жасты орналастыруға болар еді. Соны үйлестіре алмаса, жергілікті атқарушы билікке орынды сын айтылады. Кейбір түйткілді мәселелер барын жоққа шығармалық, бірақ халықтың әл-ауқатын едәуір жақсартуға мүмкіндік туған-ды. Ол қазір де жоқ емес.

Рас, жастардың бәрін өндіріске орналастырудың реті болмады. Әйтсе де, кәсіпкерлік арқылы қамтуға жағдай бар ғой. Жылыойда бизнес нысандары жетерлік. Тек солардың бәрі жұмыссыздық мәселесін шешуге белсенді қатысып отыр ма? Осы орайда әділдік үшін мұндай проблема ел бойынша байқалатынын жоққа шығармалық. Мәселен, республикада шағын және орта бизнестің 1,5 млн. шамасында субъектісі тіркелген. Рас, соның 1,3 миллионы белсенді саналады. Міне, соларда мыңдаған адам еңбек етіп жатыр. Әйтсе де, дамыған елдермен салыстырғанда әлі төмен. Яғни, жұмыс жасауға қабілетті жандардың 30-40 пайыз деңгейінде ғана. Және ол соңғы он жылда өзгеріссіз қалыпты. Демек, бұл бағытта біраз шара атқару қажет. Салыстырмалы түрде алғанда, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерде мұндай көрсеткіш 70 пайызға тең. Қазір қызметпен қамтылғандар қатары 200 млн. шамасында. Байқайсыз ба, мықты мемлекеттерде шағын және орта бизнес жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге өзіндік үлесін қосып отыр. Біз де соған ұмтылуымыз керек.

Әйтпесе, республикадағы шағын және орта бизнес құрылымдарында шығарылған өнімнің 69 пайызы қалыптасқан заңды тұлғаларға тиесілі. Жеке кәсіпкерлер үлесі небәрі – 7,4 пайыз. Өзгелері түрлі серіктестіктер, қожалықтар, тағы басқа нысандар. Тағы да саралап көрелік. Орта деңгейлі кәсіпорында бір жұмысшыға шаққандағы өнім көлемі 8 млн. теңге десек, ол жеке кәсіпкерлікте 700 мың екен. Міне, қандай айырмашылық? Ал, шындығында, шағын бизнес нысандары көп-ақ. Алайда, тұтас экономикаға қосып отырған үлесі тым мардымсыз. Сонда санда бар, сапада жоқ болып шығады. Яғни, күнделікті күнкөрістен аспайды.

Айталық, өзіміздің Жылой ауданында бүгінгі таңда тіркелген заңды тұлғалардың саны соңғы 1 шілдедегі мәліметпен 962 бірлікті құрайды. Осы кезең ішінде нақты жұмыс жасап тұрғандар саны - 840.

Осы соңғы 1 шілдедегі мәліметке сәйкес, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікте қызмет атқарып тұрған субъектілер саны 6282 болса, дара кәсіпкерлердің үлесі 81,8%-ті, ал шағын және орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 11%, шаруа немесе фермер қожалықтары 7,2% құрайды.

Президент айтқандай, тұтастай алғанда, Қазақстан пандемия салдарынан қатты зардап шеккен жоқ. Әрине, салыстырмалы түрде. Бұған Жолдауда көрсетілгендей, мемлекеттік қарызымыздың аздығы және қазынада едәуір қаражат барлығы оң әсер етті. Қатерлі дертті көп қиналмай еңсеріп, кейін біраз іс тындырғанымыз сондықтан. Алайда, Ұлттық қордан үнемі ақша алу жараспайды. Ол түпсіз емес. Енді бұған дейін жұмсалған қаржының орнын толтыруға жұмыстанған жөн. Министрліктердің күмәнді жобаларды қолға алуына тыйым салу керек. Әйтпесе, бір шаруаны аяқтамай жатып, екіншісіне жармасу шашпашылдыққа соқтырады. Мемлекет басшысы мұны да баса айтты. Бұл талап кәсіпкерлікке де қатысты.

Елімізде кәсіпкерлік ағыны алғаш басталған тұста билік оларға аса талап қойған жоқ. Мемлекеттік қолдау да болмады. Қазынада қаржы жетпесе, демеу қалай жасалмақ? Әркімнің өзінше күн көруіне мүмкіндік берілді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің дипломды тығып тастап, саудаға кетуіне көз жұма қарады. Содан бері уақыт өзгерді. Ел нарықтық қатынастарға бет бұрды. Жекеменшік құрылымдар, кәсіпкерлік пайда болды. Мұның бәрі социалистік жүйеге жат ұғымдар еді, сондықтан көпшілік ә дегенде қабылдаған да жоқ. Әйтсе де, енді кейін бұрылу мүмкін емес, осы бағыт темірқазық саналады. Сонда не өзгеруі тиіс? Қайтарым қандай болмақ?

Алдымен, бұрынғыдай күнделікті күйбең тірліктен арылған абзал. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары табалдырықтан аттаған тың кәсіптің әліппесі өзін-өзі асыраумен шектелсе, бүгінгі талап – елге қызмет ету. Көрсетіліп жатқан көмекке лайықты жауап беру. Жылойдың жағдайында бюджетті толтырудың бірден-бір жолы – шағын және орта кәсіпкерлік аясын кеңейту. Мұнай-газ саласы дербес дамиды. Оның табысы – ел қоржынының үлесі. Жалпы, жергілікті атқарушы биліктің «қара алтын» өндірушілер тірлігіне араласуы қажет те емес. Ендеше, аудан қазынасын қалай толтыруға болады? Тек шикізатқа иек арту шыңға шығара ма?

Қазақ «Алмақтың да салмағы бар» дейді. Сайып келгенде, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан жан-жақты қамқорлық аз емес. Кейбір қаңқу сөздер айтылғанымен, оны жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, соның қайтарымы қайда? Ол неге нақты сезілмейді? Бұл жерде мәселе өнімнің бағасында. Республикалық және жергілікті бюджеттерден миллиондаған теңге қолдау көріп, бірақ азық-түлік бағасы арзандамауы қалай? Сайып келгенде, кейбір шығындары өтеліп жатыр ғой. Су мен шөптің де белгілі бір мөлшері төленеді. Ендеше, базар сөрелерінен арзан тағам неге көрмейміз? Демек, ойланатын нәрсе көп.

ӨНДІРУДЕН - ӨҢДЕУГЕ

Тұтастай алғанда, Қазақстан кеңестік кезден-ақ шикізатты республика саналады. Сол уақытта да осында өндірілген мұнай-газ өзге орында өңделетін. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты өмірге келсе, ол да соғыстың салдарынан. Ресейден көшірілген кәсіпорынның ізінде салынды. Көмірсутегіне бай өңірде содан басқа өндіріс ошағы тұрғызылды ма? Рас, химия зауыты болды. Алайда, оның басшылығы тіке Мәскеуге бағынатын. Жаңа нысандар енді бой көтеріп жатса, бұл да – тәуелсіздігіміздің жемісі. Ендеше, еліміздің батыс бетінде өңдеу саласы дамудың бастапқы сатысында тұр. Түбі мұнда қуатты объектілер сап түзейді.

Президент Жолдауында «Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту» деп тура айтылған. Өте батыл ұмтылыс. Және негізсіз емес. Оған барлық алғышарт бар. Экономикалық саясатты айқындап, мемлекеттік бағдарламаларды реттеу үшін дамудың Ұлттық жоспары жасақталды. Міне, осы шаруаға кәсіпкерлік саласының қосар үлесі қомақты болмақ. Жоғарыда келтірілген саны көп, сапасы шамалы жеке кәсіпкерлер қызметін қайта қарау қажет. Көрсетіліп жатқан қолдауды пайдаланып, өндірісін нығайтуға жұмыстанғаны жөн. Әйтпесе, күнделікті күйбең алысқа апармайды. Алдағы уақытта бизнестің бұл түрі қолдаудан қағылуы ықтимал. Өйткені, үнемі мемлекеттен қаржы сұрап, күн кешуді қазіргі жағдай көтермейді. Жолдауда масылдық пиғылдан арылу қажеттігі айтылғанда, оның жеке кәсіпкерлікке де қатысы бар екені белгілі.

Бұдан бірер жыл бұрын тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет республикада өңдеу саласынан түскен табыс өнім өндірушілермен салыстырғанда артық болыпты. Бұл, біріншіден, пандемия салдарынан әлемдік нарықта шикізат бағасының кемуімен қатар оған тіпті сұраныс жоқтығы салдарынан. Дүние жүзінде экономика тоқырап, зауыттар жабылып жатқанда мұнай мен газ кімге керек? Халық даяр тауарға ұмтылды. Екіншіден, елімізде жүргізіліп жатқан өңдеу саласын сауықтыру шаралары нәтижесін бере бастады. Демек, алған бағытымыз дұрыс екен. Енді көмірсутегі құны қайта көтерілгенде сол қол жеткен жетістігімізді жоғалтып алмауымыз қажет. Керісінше, қосымша кәсіпорындар ашып, қуатымызды арттыра түсуіміз керек. Сөйтіп, дүниенің төрт бұрышына дайын тауар жөнелтсек, одан келер пайда да қомақтырақ қой. Жолдауда айтылғанындай, 2025 жылға қарай, яғни биыл өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту міндеті қойылды. Сонда оның құны 24 млрд. доллар болады екен. Аз ба бұл? Ендеше, сол межеге бірлесіп жетуіміз керек.

Бізде шағын кәсіпорын саналатын орныққан өндіріс ошақтары шығарған өнім шамамен 948,2 млрд. теңге екен. Бір триллионға таяу ғой. Аз нәрсе емес. Ертең еселенуі де мүмкін. Ал, шаруа қожалықтары қандай үлес қосып отыр? Небәрі 4,7 миллиард теңге төңірегінде. Барлық кәсіпкерлік саласы өндірген өнімнің 0,4 пайызы ғана. Мұнымен қайда барамыз? Аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Бұлардың өндірісін өркендету үшін не істеуіміз керек?

Жолдауда мұның да жауабы берілген. Рас, қолдау тетіктері бұрын да бар. Ауыл ахуалын айықтыруға аз ақша бөлінген жоқ, Әлі де қарастырылар. Бірақ екінші деңгейдегі банктердің елді мекендерге енжарлығы әлі бар. Е, мейлі. Енді село кәсіпкерлерін қаржыландырудың басқа тетігі болмақ. Соның қайтарымын күтеміз. Басты мақсат – еліміздің шикізат өндіруші ғана емес, соны өңдеп, даяр тауар шығаратын мықты мемлекетке айналуы.

Қорыта айтқанда, тұтас елдің, соның ішінде Атырау аймағының және Жылыой ауданының, ауыл шаруашылығы әлеуеті әлі жоғары. Соны тиімді пайдалана алмай жүрміз. Олқы соғып жатқан тұстарымыз көп. Соның орнын толтырса, өзімізді әрі арзан, әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Тіпті өңірдегі ірі мұнай компанияларын қамтып, соларға сервистік қызмет көрсететін іргелі құрылымға айналуға мүмкіндік бар. Демек, Жолдаудағы кәсіпкерлікті өрістетуге, ауыл шаруашылығын шалқытуға бағытталған іс-шараларды жүйелі жүзеге асырсақ, Қазақстанның талай мемлекеттен мәртебесі жоғары тұрады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ, ардагер-журналист,

ауданның Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT