Қара алтын иелері еңбегінің бағалануы – үлкен мәртебе

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің еңбегімізді ерекше бағалап, жылы лебізін білдіруі – әр мұнайшы үшін үлкен мәртебе.

Біз қарапайым еңбек адамдарымыз. Таңды-таңға ұрып, мұнай өндіру алаңында жүрген әріптестерімнің маңдай терін, төгілген күшін көріп жүрміз. Бұл салада жұмыс істеу оңай емес: қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да біз өндіріс басында боламыз. Бірақ осы еңбектің арқасында еліміздің экономикасы дамып, халықтың тұрмысы түзеліп отырғанын сезіну – біз үшін үлкен қуат.

      Мұнай-газ саласы – еліміздің тәуелсіздігімен біте қайнасып кеткен, тарихы терең сала. Әр буын өз үлесін қосты. Ал біз аға буынның жолын жалғап, өндірісті өркендетуге атсалысып келеміз. Президентіміз атап өткендей, мұнайшылардың қажырлы еңбегін елдің дамуына қосқан зор үлес деп бағалау – болашақ ұрпаққа аманат болатын сөз. Бұл бізге серпін береді, жігерлендіреді. Меніңше, әрбір мұнайшы ең әуелі Отанға адал қызмет етуді парыз санайды. Біз өндіретін қара алтын – тек шикізат емес, ол халықтың тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік нысандардың салынуына, жастардың білім алуына жұмсалып жатқан қазына. Сондықтан Президенттің құттықтауы бізді алдағы уақытта да тынбай еңбек етіп, жаңа жетістіктерге жетуге шақырғандай болды.


Қайша Бешимова,
Ардагер мұнайшы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT