Өңірде еліміздегі ең ірі интеграцияланған газ-химия кешенінің алғашқы қазығы қағылды

Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінде  орналасқан Silleno зауытында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен шығарылмақ. Кешеннің алғашқы қадасын қағу рәсімін облыс әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, СИБУР-дың басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Ляхович және Sinopec компаниясының аға вице-президенті Ван Тао жасады. Нысанды 2029 жылы іске қосу жоспарланған,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

 

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Серік Шәпкенов кешен құрылысының басталуы еліміздің мұнай-химия жылнамасындағы елеулі оқиға екенін атап өтті.

 

- Бұл жоба тек Атырау емес, еліміз үшін де маңызды жоба. Бұрын тек мұнай-газ өндірген болсақ, енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен оны терең өңдеуге көштік. Бүгінгі газхимиялық кешен құрылысының екінші кезеңі өңіріміздің мұнай-химия саласын дамытуға бағытталып, әлеуметтік-экономикалық өсімге серпін беретіні сөзсіз. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, жаңа өндірістер ашуға да ықпал етпек. Жобаны іске асыруға отандық, сондай-ақ шетелдік инвестиция тартылып отыр. Болашақ зауыттың бәсекеге қабілетті өнім шығарып, ішкі және сыртқы нарықты шикізатпен қамтуға әлеуеті де, мүмкіндігі де зор. Бірлесіп істеген іс жемісті боларына сенімім мол. Бастама оңынан болсын!-деді С.Шәпкенов.

 

Кешенде 20-дан астам полиэтилен маркасы өндіріледі, оның 40%-ы премиум санатында. Полиэтилен өндірісіне шикізат ретінде этан қолданылады. Ол «Теңізшевройл» компаниясының кен орындарынан алынған газдан ҚМГ жүзеге асыратын газосепарациялық кешенде өңделеді. Одан әрі этан магистралды құбыр арқылы Силленоға жеткізілетін болады. Құбыр құрылысын ҚМГ жүргізеді.

 

Өнімдер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, Еуропа, ТМД елдері, Украина, Грузия, Түрікменстан, Қытай, Оңтүстік-шығыс Азия және Түркияға экспортталады. 

 

Бұл -  Қазақстандағы ең ірі экспортқа бағытталған мұнай-газ-химия жобасы. Мұнда заманауи шетелдік технологиялар трансферті қамтамасыз етіліп, отын-химия саласының дамуына негіз болатын базалық мұнай-химия өнімі де өндіріледі.

 

Құрылыс алаңындағы алғашқы дайындық жұмыстары пиролиз қондырғысынан басталды, қондырғы құрылысын EPC-мердігер Tecnicas Reunidas (Испания) Sinopec Engineering Incorporation (Қытай) компаниясымен бірлесіп жүргізетін болады.

 

Кешен іске қосылған соң еліміздің жалпы ішкі өніміне қосатын жыл сайынғы үлесі 0,86%-ды құрап, мемлекеттік бюджетке 5 млрд АҚШ доллар салық төленеді.

 

Құрылысқа 8000-нан астам адам жұмысқа тартылып,  іске қосылған соң 800-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

 

«SILLENO» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (29,9%), 

«KMG PetroChem» ЖШС (10,1%),  «СИБУР Холдинг» ЖАҚ (РФ) (30%) және SINOPEC компаниясының (ҚХР) (30%) акционерлік қолдауымен құрылып отыр. Жобаға 6 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT