Өңір экономикасының күретамыры

Еліміздің өсіп-өркендеуін мұнайсыз көзге елестетудің өзі қиын. Қазіргі қара алтын жаһандық экономиканың да қозғаушы күші, елдер арасындағы саяси қарым-қатынастың негізі саналады. Әлемдік аренадағы орын алған аумалы-төкпелі кезең осы бір қазба байлығымыздың құнын көтеруі мүмкін деген болжам айтылуда. Бұл, әрине, Қазақстан үшін пайдалы. Оның үстіне, Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобалары бойынша мұнай өндіру көрсеткішін жаңа деңгейге көтерген «Теңізшевройл» компаниясы ел қазынасына қомақты үлес қосқалы тұр.

Иә, 2025 жылдан бастап елімізде мұнай өндіру деңгейі айтарлықтай көтерілген. Статистикаға сүйенетін болсақ, соңғы 5 айдың көлемінде өндірістік көрсеткіш әдеттегі жоспардан 5 пайызға жоғарылап, жалпы 10,8 млн тонна қара алтын өндірілді. Оған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асет Мағауовтың «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қоғамдық кеңесінде сөйлеген сөзі дәлел бола алады :

-Иә, бес айдың қорытындысымен елімізде мұнай өндіру деңгейі өсті. Бұл биылғы қаңтардан бастап іске қсоылып, бүгінде толық қарқында жұмыс жасап тұрған Келешек кеңею жобасының нәтижесінде қол жеткізген көрсеткіш,-деді өз сөзінде.

Бұл өсімнің артында заманауи технологиялардың енгізілуі, өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған үздіксіз жұмыс жатыр. Келешек кеңею жобасы тек аудан емес, Қазақстан – мұнай саласындағы ең ірі және стратегиялық маңызы зор жобалардың бірі. Ол өңірдің экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттырумен қатар, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құбылуына қарамастан, еліміз өндіріс көлемін тұрақты ұстау арқылы өз орнын нығайтып келеді.

Мұнай өндірудің өсуі – ауданның экономикалық ахуалы мен өндірістік көрсеткішіне де айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Өйткені өткен жылы өңірдегі қара алтын өндіру көрсеткіші біраз төмендеген еді.Айталық, аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудан мәслихат депутаттары алдында берген есебінде келтірген деректер соны меңзейді:

- Өңір мұнай мен газ өндіруге және өңдеуге бағытталған. Бүгінде аудан Теңіз кен орнын игерудің орталығы саналады. Өлкеміздің өнеркәсіп өнімінің көлемі 2024 жылы 9087,9 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,7% кеміп отыр. Былтырғы 12 айда 30,5 млн. тонна қара алтын өндірілсе, 2023 жылы 31,5 млн. тоннаға жеткен еді. Ал газ өндіру көлемі 15 млрд. текше метр болса, алдыңғы жылы 16,2 млрд.текше метр көгілдір отын алынды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қара алтын 3,2%- ға, көгілдір отын 7,4%-ға кеміп отыр. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 96,3%-ды (2023 ж. – 99,7 %) құрады,-деген еді аудан басшысы.

Әрине, экономиканың күре тамыры саналатын мұнай-газ саласының дамуы елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде аса маңызды орын алады. Бұл бағытта Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею секілді жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар халықтың тұрмысын жақсартуға, инфрақұрылымның дамуына және жаңа технологиялардың енгізілуіне жол ашады.

Иә, қазіргі әлемде орын алып жатқан қарама-қайшылықтар мұнай бағасының күрт өзгеруіне және доллардың өсуіне алып келуі әбден мүмкін. Мұндай жағдай әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық туғызып, көптеген елдердің экономикасына әсер етеді. Алайда, еліміз үшін мұнай бағасының өсуі мен доллардың күшеюі жағымсыз әсер бермейді деп күтілуде.

Халық арасында «Мұнай бағасы күрт өседі» деген сыбыс естісек, энергетика саласының сарапшысы Олжас Байдильдинов қазір мұнай бағасы төмендеп жатқанын, оның бағасы қатты өспейтінін мәлімдеді: 

-Қазір мұнай бағасы еседі деп ойламаймын, қайта төмендеп жатыр, баррелі 75–76 доллар шамасында. Себебі мұнай өндіру мен тасымалдауға жауапты инфрақұрылымға соққы жасалған жоқ. Иран мен Израиль бір-бірінің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдады, бірақ бұл қара алтын құнына емес, тек жергілікті жанармай нарығына әсер етуі мүмкін. Қазір болып жатқан жағдай трейдерлердің дүрлігуі немесе эмоциялық реакция ғана. Біз қазір көріп отырған бір-екі айлық фьючерстерге емес, алты айға арналған болжамдарға қарасақ жағдай бірқалыпты. Сондықтан нарық та, мен де мұнай бағасы өседі деп ойламаймын, – деді өз сөзінде.

Ал елімізден бөлек, күллі әлемге қатты әсер ететін доллар бағамы туралы:

- Мысалы, 2010 жылдардың басында мұнай бағасы дәл қазіргідей 80 доллар болды. Ол кезде доллар бағамы 120 теңге еді. Ал қазір біз мұнайды одан да көп өндіріп отырмыз. Демек, қара алтын құны мен теңге бағамының арасында нақты байланыс жоқ, яғни мәселе – бюджет тапшылығында. Мұнай бағасына уақытша ғана әсер етеді. Егер алдағы уақытта геосаяси жағдай тұрақталып, елдер мен ірі державалар келісімге келсе, онда баррелі 60 доллар шамасына қайта оралуы мүмкін. Бұл жағдай  Қазақстанға айтарлықтай пайда әкелмейді. Себебі біз өндіретін мұнайдың 70%-ы шетелдік компанияларға тиесілі. Сонымен қатар біздің мұнай әлемдік биржаларда сатылмайды. Ол ұзақ мерзімді келісім шарттар бойынша орташа айлық баға арқылы өткізіледі. Сондықтан бұл да үлкен өзгеріс әкелмейді, – дейді сарапшы.

  Жалпы алғанда, әлемдік саяси ахуал мен экономикалық өзгерістерге қарамастан, Қазақстанның мұнай секторы мен экономикасы мықты әрі тұрақты негізге сүйенеді. Елімізде жүзеге асып жатқан ірі жобалар, тиімді басқару және заманауи технологиялардың енгізілуі еліміздің әлемдік энергетикалық нарықтағы орнының нығаюына жол ашуда. Осылайша, мемлекетіміз өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып, экономикалық өсуді әрі қарай қамтамасыз ете бермек. Елдің стратегиялық ресурстары мен білікті кадрларының арқасында болашақта да барлығына төтеп бере алатын, тұрақты экономикалық өсімі бар мемлекетке айналар деген сенімдеміз.

Иә, мұнай – бұл біздің дәуіріміздің қара алтын көзі, ел экономикасының күретамыры, әрі жаһандық дамудың қозғаушы күші. Қара алтынның әр тамшысы еліміздің болашағын қалыптастыратын сенімді іргетас, ұланғайыр дала төсіндегі өркендеудің шырақшысы іспетті. Айналада саяси дауылдар мен нарықтағы толқындар болса да, ел экономикасы берік кеме сияқты сенімді бағытта алға ұмтылып келеді. Бұл қара сұйықтық тек өнім ғана емес, ел тағдырының айнасы десек те болады. Болашақта да қара алтын қайнары елімізді байытумен бірге, туған жердің қазыналық қуатын арттырып, еліміздің тыныс-тіршілігіне жан беретін басты күш болмақ.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT