Бұл қазақта жігіттер бар мәрт батыр,
Жалаңаш батыр көбі оның
Аударып тастар сен үшін
Алтын бар десең, астында мынау төбенің.
Солардың аппақ ниетімен,
Ақ қарға жаққан отымен,
Лапылдап мен де келемін,-деп ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, мәрт жігіттердің бірі - Мақсым Ізбасов.
Ұмтылыс
Бала кезінен әкесінің жанында жүріп, халқымыздың қисса-дастандарын, әзіл-әпсаналарын құлағына құйып, адалдық пен ерлік әлемінде өмір сүргендіктен, әрдайым жаңа жұмысқа тағайындалғанда азаматтық парызды, ел алдындағы қарызды қалай өтеймін деген толғаныстың толқынынан шыға алмайтын. Сонау жылдары Жылыой ауданына әкім болып жаңадан тағайындалған кезінде де сол ой маза бермеді. Кабинетіне алғаш кіріп, креслосына отырған сәтінен облыс әкімі мен қызметкерлерінің, таныс дос-жарандары мен ауданның шенділерінің құттықтауын жылы шыраймен қабылдаса да, зердесінде бекіген көңілінің тереңіндегі ойы жадында жаңғырып, санасында саралана берді.
Мақсым Шафихұлы - 1976 жылы В.И.Ленин атындағы қазақ политехникалық институтын тәмамдап, мұнай-газ кен орындарын игеру және кешенді механикаландыру мамандығын меңгеріп, еңбек жолын мұнайшы ретінде бастаған-ды. Облыстың мұнай саласының генералы дәрежесіне жеткенде мансабын көтеру үшін емес, саланы ел экономикасының ат байлар діңгегі болатындай дәрежеде өркендетуді мақсат тұтқан еді. Бүгін де сол қалыптан айнымады. Рахмет Өтесінов, Саламат Мұқашев сынды киелі адамдардың орынтағының қасиетін қадірлеп, айбынын арттыру мақсатын қалай жүзеге асырамын деп ойға шомды. Теңіз толқынындай лек-лек жобалар тізбегін Құлсары қаласының, Жылыой ауданының болашағын, ең алдымен, халықтың тұрмысын көтеру, хал-ахуалын арттырумен байланыстырды. Екіншіден қаланы көріктендіру, өткен тарихтан сыр шертер алаңдар мен жасөспірімдерді ертегі кейіпкерлерімен кездестіретін орындар жасақтауды жұмыс жоспарына енгізді. Тұрғындардың демалысы үшін саябақтар жасау, бау-бақша өсіру, шаруашылық саласын, білім ошағы мектептерді жаңарту, мұнай-газ кешені мен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті дамытуды қолға алды.
Алда көптеген қиындықтар мен кездесетін бөгеттерді білді. Әйтсе де, сенімі нық, мақсаты айқын еді. Сын сағаттар сарыла күттірмей, алдынан көлденеңдеп кезікті.
...Жазғы күнді қыс ететін Жайықтан соққан үскірік жел басталғалы 35 градустан төмен суықтың ызғары қанша мезгілге созылары белгісіз, бұл жағдай басшыны әбден әбігерге салды.
Қала тұрғындарының көпшілігінің баспанасы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары науқанды түрде тұрғызылған ел арасында «Хрущевка» аталған, әрі кеткен көпқабатты үйлердің жылу, су жүйелері апатты жағдайға жеткен. Халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын қадағалайтын бірінші орынбасары мен қала әкіміне алғашқы күннен ең осал жерді үзіп алмау үшін кезекшілік ұйымдастыруды тапсырып, тұрғындарды суыққа ұшыратпау шарасын қарастырған-ды. Бірақ қаусаған қазан қауқарынан айрылып, істен шықты. Ушыққан мәселенің уытын қайтару үшін аудандағы барлық мекемелерді, шетелдік компанияларды түгел жұмылдыра, жөндеу жұмысын қадағалауына алды. Жарамсыз күйге жеткен қосалқы бөлшек аудан,облыс деңгейінен таптырмай, туындаған төтенше жағдайды облыс әкімінің, оның бірінші орынбасарының қаперіне бере көмек сұрап, сағат сайын хабарласты. Әр пәтерде адам тұрарлық жылуды қамтамасыз етуге өздерінің жылыту құралдары – газ, электр плиталарын тұрақты бақылаумен пайдалануына жағдай жасауды электриктерге міндеттеді. Барлық жауапкершілікті өзіне алып, тәулік бойы жөндеушілер мен тұрғындардың қасында аяз құрсауының қаhарынан қаймықпай бірге болды.
«Өзіңнің саулығыңа қарасаңшы, ауырсаң, бастаған ісің аяқсыз қалады. 5-6 сағат дем алуға болмай ма?» деп ренжіген Тамараға «Жаным елімнен артық емес» деген жауабын көзқарасымен түсіндіріп жүре берген. Іздеген мұратына жетіп, мәселе бір жұмада шешілген-ді. Қатқан мұз жібіді, тоңған халық тоңдарын шешті. Үйлерінің төрінен маңдайлары жіпсіп, кең отырып шайларын ішкен күндері аудан әкіміне алғыстарын қарша жаудыра лебіздерін білдіргенде, Мақсым мырза рахметін айтып:
- «Бұл менің негізгі ұмтылысым, оның нәтижесі – сіздердің марқайып білдірген ризашылықтарыңыз»,- деп іштей бұл парызымды орындау жолындағы алғашқы баспалдағым деген оймен марқайды.
Шегініс
(Өмір өткелдері)
Болар адам жастайынан жігерленіп, орнықты болмысымен, ұстамды сөзімен, тереңге тартқан ойымен ерекшеленіп тұрады. Мақсым әке сөзінен жаңылмай мұнай саласындағы алған теориялық білімін өндірістің қыр-сырын үйрену арқылы шыңдауды мақсат етті.
Институтты тәмамдаған жылы Атырау (Гурьев) облысындағы «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты «Құлсарымұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында қатардағы мұнай және газ өңдеу операторы ретінде еңбек жолын бастады. Өз ісіне тиянақты, берілген тапсырманы орындаушылық жауапкершілігі жоғары, мамандығын жете меңгерген білімді, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаз қызметкерді ұжым да, басшылық та жете таныды. Ұйымдастырушылық, басшылық тұрғысында мансапты жұмыстарды батыл сеніммен тапсырды. Өндірістік-технологиялық бөлімнің инженері, бас инженері, жерасты скважинаны жөндеу цехының басшылығының да шаңын шығарып, талайды тамсандырды, басқарманың бас инженерлігіне жоғарылатылды.
Сол кезеңдегі кадрлерді даярлау үрдісіне сай, қызметкерлер мен басшылардың арасынан сүзгіден өткізіп, өзіне де, өзгеге де талапшыл, ой-өрісі кең, дүниетанымы мол, білімге құмар, сын сағаттарда тайсалмай шешім қабылдай алатын жастарды партия жұмысында шыңдап алатын ұстаным бар-ды. Сол үрдіспен 1985 жылы өзі жұмыс жасап жүрген басқарманың дербес партия комитетінің хатшылығына жұмсады. Ұйым коммунистері де тағдырының сенімді қолға тапсырылғанына ризашылық білдіріп, бірауыздан сайлады. Партия жұмысында тәжірибе жинақтаған сәтінде Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері және жоспарлау-экономикалық байланыс жүйесінің жетекшісі жұмысына тағайындалды.
1993 жылы қазақ елінің дамуына үлес қосуда маңызды орын алатын «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бас инженері, әрі бірінші тете-президенті лауазымына кірісті. Құрыш болаттай суарылған, өндірістің барлық саласында табысты жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған азамат «Құлсарымұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының тізгінін ұстады. Жан-жақты сыналған үзікті шалқар еңбегімен танылған қолынан іс келетін азаматқа сенім білдіріп, бірінші басшылығына берілген ұсынысты қабыл алды. Осы қызметті 2004 жылға дейін атқарып, «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясының Атырау облысындағы барлық мұнай өнімдерін өндіруші басқармалары біріктірілген «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директорлығына тағайындалды.
2012 жылы қазақ экономикасының локомотиві саналатын саладағы өнікті еңбегіне ризашылық білдіріп, мемлекеттік қызметке араласуға ұсыныс жасалды. Жылыой ауданы әкімінің қызметіне тағайындау жөніндегі шешімді мәслихат депутаттары түгел қолдады. Бұл қызметті 2017 жылы зейнетке шыққанша абыройлы атқарды.
Мұнай саласының білгірі ретінде әр ұңғымадан мұнай өндіру көлемін арттырып, мұнай-газ өндіру жоспарының орындалуын үнемі қамтамасыз етумен қатар жаңа Қисымбай, Аққұдық, Ақінген, Уаз және басқа да кен орындарын ашуға белсенді араласып, басшылық жасады. Жүзеге асырылған көптеген өнертапқыштық ұсыныстардың авторы.
Еңбек адамдарының хал-ахуалын арттырып, халық игілігі үшін атқарған жұмыстарда үнемі ел назарында болды. Мақат поселкесіндағы ұзақ жылдар шешімін таппаған Ноғайты өзенінен көпір тұрғызып, тұрғындардың алғысына бөленді. Құлсары қаласында Қазақ-түрік лицейі ашылса, ауданда үш ауысымда оқытылатын мектептердің шәкірттері мен ұстаздарының тілегіне орай екі ауысымда оқуға жағдай жасалды. Тұрғын үй, музей, кітапхана, балабақша, демалыс саябағы мен спорт алаңдарының құрылысын ұйымдастырып, іске қосудың бастауында тұрды.
Ізденімпаздықпен туындаған тың ойларын, қолдағы бар мүмкіндіктерді толық пайдаланып, жүзеге асыра алатын көшбасшылығын зейнетке шыққасын да жалғастыруда. «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиал директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор, Атырау облыстық қоғамдық кеңесіне ұзақ жылғы тәжірибесімен төрелік жасап келеді. Ұлттық құрылтай мүшесі.
Мерей биігінде
Ерен еңбек иесі аталған азаматын халқы сыйлады, мемлекет бағалап марапаттады. 1999 жылы «Құрмет», 2020 жылы «Парасат» ордені, 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2010 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 15 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 20, 25,30 жыл» медальдарымен марапатталды. 2006 жылы «Мәдени және көпшілік салалардағы қайырымдылық пен демеушілік қызметтері үшін» Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет дипломының, 2001 ж, 2005 ж, 2019 ж, 2021 жылдары ҚР Президентінің Алғыс хаттары мен отызға тарта мерекелік, естелік төсбелгілердің иегері атанды.
Атырау облысының, Жылыой, Қызылқоға аудандарының Құрметті азаматы. Жерлестері үлкен үміт артып, Атырау облыстық мәслихатының екі шақырылымының депутаттығына сайлады. Кеңес одағы кезінде де абыройы артып, Ембі аудандық кеңесінің депутатының қатарында болған.
Елдің азаматы отбасында адал жар, асқар таудай әке, ақсақалды ата атанған жан. Өмірлік жары Тамарамен бірге Нұрболат, Өрік, Жазира, Нұрбек атты ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосты. Олардан өрбіген ұрпағымен жапырағы жайылған мәуелі бәйтерекке айналды.
Иә, өткеніне көз салып өсіп, бүгінгісіне қарап бой түзеген Мақсым Шафихұлының сара сүрлеуімен еліне жасаған қызметіне, халқын сүйген жарқын жүзді мәрт азаматтығына баршаның ризашылық білдіретініне сенімдіміз.
Өмірзақ Қажымғалиұлы,
жазушы, ҚР Еңбегі сіңген қызметкер,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
Атырау облысының және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы