Екпінді еңбек иесі

Қазіргі Қосшағыл цехына қарасты Аққұдық кен орнында жөндеуші болып жұмыс жасайтын осы бір қапсағай тұлғалы азамат – жұмыс барысында көзге ерек шалынып қалатыны рас. Тұла бойынан адамгершіліктің нышаны, қарапайымдылық, ізгілік қасиеттері бірден танылады. Ол - Ержан Әбдіғалиев, бұрынғы ескі мұнай кеніштерінің бірі – Мұнайлы топырағында дүниеге келген. Марқұм әкесі Қойшы Әбдіғалиев мен анасы Мәрияш Бозбанова да осы кәсіпшілікте мұнайшы болып, еселі еңбек еткен кәнігі еңбеккерлер еді. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, Ержан да әке жолын қуып, қазіргі мұнайлы ошақтың бір майталманына айналды.

Алғашқы еңбек жолын 1982 – 1986 жылдар аралығында Қаламқас кен орнында жұмысшы болып бастады. 1986 – 1996 жылдары сол кездегі Оңтүстік Ембі тереңді барлау-бұрғылау экспедициясында тракторист ретінде темір тұлпардың тізгінін ұстады. Одан әрмен қарайғы еңбек жолы таза мұнай саласында жалғасын тапты. 1998 жылдан бастап «Құлсарымұнайгаз», кейін «Жылыоймұнайгаз» аталған мұнай-газ өндіру басқармасының Қосшағыл цехының Аққұдық кен орнына жөндеуші болып жұмысқа орналасты. Бұл міндетті күні бүгінге дейін мінсіз атқарып келеді. Адамзат баласы мағыналы ұзақ ғұмыр кешуі үшін, ең алдымен, деннің саулығы, жанның тазалығы керек болса, жетіқат жер астынан қара алтын қайнарын тасытып, жеткілікті өнім өндіру үшін алып техника мен ұңғымалардың ұтымды дұрыс жұмыс істеуі өте маңызды. Бұл ретте кідіріске ұшыраған қондырғыларды орнынан қозғап, уақытылы іске қосуына күш салып жүрген жөндеуші Ержан Әбдіғалиевтің еңбегі орасан. Осындай жұмысшы азаматтардың арқасында мұнай өндіру ісінде іркіліс жоқ. Ержанның еңбегі елеусіз қалған жоқ, әлденеше рет алған мақтау қағаздары - соның айғағы. Өңірінде медалі де жарқырайды. Мұның барлығы - көп жылғы маңдай терінің жемісі.

Иә, жапан түздің батырлары атанып, качалкалармен сырласқан майталман мұнайшылармен бірге еселі еңбек етіп жүрген Ерекеңнің еңбегі мақтауға тұрарлық. Басқарма басшылығының жұмысшы-қызметкерлерге жасап отырған түрлі әлеуметтік бағыттағы қамқорлығының арқасында Ержан Әбдіғалиевтің да отбасы өсіп, өркен жайып келеді. Еңбекте озат азамат, отбасында асқар таудай әке, асыл жар. Жұбайы Жеңіс екеуі дүниеге үш ұл, үш қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Жары балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Үлкен қызы Әсем - медициналық колледжді бітірген, «Медикер-Жайықта» аға медбике. Әсиясы Алматы Қыздар институтын тәмамдап, орыс тілі пәнінің мұғалімі болды. Ұлының үлкені Ақжол мен ортаншысы Айбол «Сичим» компаниясында еңбек етеді. .Әлима қызы Ақтау медициналық колледжінің 4-курс студенті. Кенжесі Әлихан №19 мектептің 9-сыныбында оқиды. Өнегелі жанұяның өрендері де осылай өмірден өз орнын тауып жатыр.

Бүгінде еңбек ардагеріне айналып келе жатқан Ержан Әбдіғалиев өзінен кейінгі жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісетін тәлімгер тұлға. Өткен Мұнайшылардың төл мерекесін толайым табыстармен қарсы алған жөндеуші жылды да жақсы көрсеткішпен аяқтамақ ниетте. Қарт Ембінің қара шаңырағын ұстап отырған «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының болашағын жарқын қылар Ержандай қарапайым жандар барда қара алтын қайнары бір толастамас! Ендеше, оларға көрсетілетін құрмет пен ілтипат жоғары болуы тиіс.

Жаңыл Байеділова,

Аққұдық кен орнының медбикесі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT