Қазақстандық «Теңізшевройл» компаниясы тұңғыш рет мамыр айында «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға қара алтын тасымалдады. Бұл жөнінде Reuters хабарлады деп жазады BES.media.
Бұған дейін «Дружба» құбыры арқылы Германияға тек қана Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарының мұнайы тасымалданып келген еді. «ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметіне қарағанда, осы құбырмен айдалған қара алтынның қарқыны 230 мың тоннаны құраған. Бірақ өткен маусым айында бұл көрсеткіш төмендеген.
Әрине, Қазақстан мұнайын экспортқа шығару, негізінен, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ арқылы жүзеге асып келе жатқаны аян. Десек те, Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасының іске қосылып, өнім өндіру көрсеткішінің еселеп өсе түскенінің арқасында қазақстандық компания «Дружбамен» де достасып, қара алтын тасымалының қосымша жолдарын іздестіруге кірісті.
Жалпы қаңтар мен мамыр айы аралығында Қазақстан шетелге 32,6 млн. тонна қара алтын шығарған екен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Ал Германияның Шведт қаласындағы мұнай өндіру зауытының мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері мұнда 767 мың тонна қазақстандық қара алтын «қамбаға» құйылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары.
Жалпы Қазақстан Германияға биылғы жылы 2 млн. тоннаға дейін мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни, былтырғы кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш жарты миллион тоннаға артқалы тұр.
Еске сала кетейік, «Дружба» арқылы қара алтын тасымалдау 2023 жылы қолға алына бастаған болатын. Соңғы деректерге сәйкес, Теңіз кенішіндегі қара алтын өндіру қарқыны 36 млн. тоннаға дейін артқандығы аңғарылады. Бұл ондағы Келешек кеңею жобасы жүзеге асқалы қол жеткізген көрсеткіш.
Өз тілшімізден.