Басты міндет – жұмыс орындарын сақтап қалу

Алик Айдарбаев: «Біз өндірістегі қызметкерлерді қысқартпаймыз»

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев жұмыс сапарымен Атырау және Маңғыстау облыстарына барды. Сапар барысында Алик Айдарбаев қос өңірдің басшыларымен кездесті.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен COVID-19 індетінің таралуына байланысты Теңіз кен орнындағы жағдай талқыланды. Ал, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовпен кездесуде Компанияның өндіруші кәсіпорындарындағы вахталық ауысымды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

alikaydarbaev

ҚМГ басшысы жұмыс сапары барысында еншілес кәсіпорындар, сервистік компаниялар басшылары және кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен де жиналыс өткізді.

Өз сөзінде Алик Айдарбаев індеттің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында кен орындардағы жағдай тұрақты екенін атап өтті. Сонымен қатар, өндіріс орындарында алдын алу шараларын әрі қарай қатаң сақтауды тапсырды.

«Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау бойынша жұмысты жалғастырып, алдын алу шараларын қатаң сақтау маңызды. Бұл – барлық деңгейдегі басшыларға жауапкершілік жүктейді», – деді Алик Айдарбаев.

Іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар аясында барлық компаниялар тобы бойынша шығын 146 млрд теңгеге қысқартылды. Орталық аппараттың ұйымдық құрылымы қайта қаралып, қызметкерлер саны 34%-ға оңтайландырылды. Топ-менеджерлердің жалақысы 30%-ға, орта буын басшыларының жалақысы 20%-ға қысқарды.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін барлық сыйақы мен бонустар алынып тасталды. Дегенмен, қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталды. Бұған қоса Орталық аппаратта басшыларға арналған қызметтік көліктен бас тартылды.

«Еншілес ұйымдар туралы айтатын болсақ, өндіріс пен қызметкерлерді жұмыспен қамтылуына қатысы жоқ барлық шығындар қысқартылды. Жағдайға қарай тағы қандай шығындарды азайтуға болатынын алдағы уақытта көре жатармыз. Өндірістегі қызметкерлерді қысқарту жоспарымызда жоқ. Басты міндетіміз – жұмыс орындарын сақтап қалу. Бірлесе отырып, қиындықты еңсеретінімізге сенімдімін», – деді Алик Айдарбаев.

 Атырау облысына сапары барысында ҚМГ басшысы біріктірілген газ-химиялық кешені құрылысының барысымен де танысты. Қазіргі кезде жобаның дайындығы 66%-ды құрайды. Жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Сыйымдылық және жылу алмастыру жабдығының, металл конструкциялардың және құбырлардың монтажы жүргізілуде.

Алдағы кезеңде күрделі технологиялық жабдықтың құбырларын жинақтау, монтаждау және бекіту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алик Айдарбаев Атырау өзен портына барып, онда Оңтүстік Кореяда жасалған аса маңызды өте ауқымды жабдықтың теңіз көлігімен жеткізу барысымен танысты.

Мәлімет Ембімұнайгаз мұнайшысы ФБ парақшасынан алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521