Бала Сафидан қазақ мұнайының абызына дейін

Даңқты мұнайшының үлкен өмір жолы осылай басталған-ды.

Он бір құрсақ көтерген анасының ең кенжесі болып ерке өскен бала Сафи «мұнай» деген сөзді алғаш естігенде жеті жаста еді. Ат-арбаға мініп, әкесімен бірге қиырдағы Қарабаудан 100 шақырым жерде еңбек етіп жатқан ағалары Ғұсман мен Қалиды іздеп Доссорға келгенде тұңғыш рет тірі мұнайшының тірлігін көріп, балалық қиялына қанат біткен-ді. Сонда жеті қат жер астынан қара алтын игеріп жатқан қазақтың қара жұмысшыларының ауыр жағдайын көріп, қатты қиналды. Міне, содан кейін балалық қиялына қанат бітіп, қалайда білім алып, инженер болуды армандайды. Әкесінің кенжесін бұл жерге алып келгендегі мақсаты да сол еді. Күнкөріс қамымен жүрген өзге үлкен балаларының қиын жағдайын көрсетіп, Сафидың оқуға деген ойын оятпақ болған-ды. Көреген қарт көздегеніне дөп тигізді. Араға бес жыл салып, кенже ұл тағы да Доссорға жол тартты. Бұл жолы білімнің алғашқы баспалдaғынан аттап, бастауыш мектепке барды. Іле-шала Доссордағы фабрикалық-заводтық училищенің (ФЗУ) слесарь мамандығына оқуға түсіп, білімін жалғастырған ол оны бітірген 30 шақты жаспен өндіріске араласып, қоғамдық жұмыста да көзге түсті. Бірақ инженер болуды өмірінің басты мақсаты етіп ұстанған 18 жастағы Сафи көп ұзамай арман қуып Орынбор қаласына аттанды. Мұндағы жұмысшылар факультетіне оқуға қабылданып, студент атанған Өтебаев қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Қалалық Советтің депутаты болып сайланып, халықтың мұң-мұқтажын жоқтады. Осында білім алып жүріп, өмірлік жары Шарифаны жолықтырды. Жалынды жастың білімге деген құштарлығы мұнымен де біткен жоқ. Алда жерінің үсті де, асты да теңіз Баку қаласы күтіп тұр еді. Қолында - тау-кен институтының тау-кен факультетіне алған жолдамасы. 1200 студенттің ішінен оқып жатқан жалғыз қазақ факультеттің комсомол комитетінің секретары болды. Бұл 1930 жылдың аяғы болатын. Әрмен қарай Ембі мұнайын Баку мұнайымен теңестіруді армандаған қазақтың тұңғыш мұнайшы-инженері қара алтынды туған өлкесіне бет алады. Даңқты мұнайшының үлкен өмір жолы осылай басталған-ды.

Бұл Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледж студенттерінің қазақ мұнайы атасының балалық және жалынды жастық шағын жанды көрініспен сомдаған сахналық қойылымынан алынған үзінді еді. Патша дәуіріндегі бала Сафи, Кеңес өкіметі кезіндегі студент Сафи және арман асуы жолындағы инженер Сафидың рөлін шынайы суреттеген қыз-жігіттер көрермендердің көз алдына сол заманның көрінісін алақанға салғандай етіп анық көрсетті. «Сафи барда – Ембі тірі, Ембі барда – Сафи тірі!» деген жазушы Зейнолла Қабдоловтың сөзімен аяқталды.

«Қазақ мұнайының абызы» деп аталатын колледжішілік ашық шара бастан-аяқ сахналық қойылыммен өтті. Онда қазақ мұнайының атасы атанған даңқты мұнайшы-инженер, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері, еліміздің мемлекеттік «Отан» орденінің иегері Сафи Өтебаевтың өмірі мен еңбек жолы Сафекеңнің есімін иеленген колледжде мұнайшы мамандығын меңгеріп жатқан 3-курс студенттерінің дайындаған шағын спектаклінде толықтай көрініс тапты. Қойылым абыз мұнайшының өнегелі өмірін кинолентасындай көз алдына келтіре отырып, студенттер үшін Сафекеңдей алып тұлғаны тану арқылы өз мамандығына деген құштарлықты арттыра түскендей болды.

Әрине, шара тек қойылыммен шектеліп қалған жоқ. Сафи Өтебаев туралы деректі фильм көрсетілді. Колледж директоры Марат Ибраев оқу орнында Сафекеңнің атында мұражай ашылған сәтте оның ұрпақтарымен болған жылы шырайлы кездесуден алған әсерімен бөлісті. Шараны қорытындылаған психолог оны ұйымдастырған Гүлнар Мыңбайқызына алғыс білдірсе, ардагер-ұстаз Айнаш Жарылғасова, Жастар ресурстық орталығының директоры Сержан Серікбаевтар болашақ мұнайшы-студенттерге үлкен өмір жолында сәттілік тіледі.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521