АМӨЗ су тасқынына қарсы 9 шақырымға жуық бөгеттер салды

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды аяқтады. Екі апта ішінде АМӨЗ және мердігер компаниялардың қызметкерлерінен құралған жұмылдыру тобы қаланың түрлі аудандарында және қала маңында жалпы ұзындығы 8 953 метрді құрайтын бөгеттер тұрғызды.
Атап айтқанда, Соколок каналы аймағында ұзындықтары 660 және 925 метр, биіктіктері 2,5 метрге дейін жететін екі дамбы салынып, нығайтылды. Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Томарлы елді мекенінде ұзындығы 1 715 метр және Жайық өзені деңгейінен 7 метр биік бөгет тұрғызылды.

Өндірістік активтерді су басудан қорғау мақсатында зауыттың периметрі бойынша қоршаулар құм салынған қапшықтармен нығайтылып, герметизацияланды: Перетаска каналы жағынан – 918 метр, факельді қондырғылар жағынан – 1 995 метр, бұрынғы химия зауыты жағынан – 865 метр, қала жақтан – 1 875 метр.

Зауыт және «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС аумағындағы маңызды нысандардың периметрін қорғау және нығайту жұмыстары да жүргізілді. АМӨЗ-дің Жайық өзеніндегі су алу ғимараттарының металл құрылымдары нығайтылып, су деңгейі тұрақты бақылануда.

Аталған шараларды жүзеге асыруға зауытпен әріптестік қатынастағы мердігер компаниялар да атсалысып, қаржылай көмек, қажетті құрал-жабдықтар, көлік, жанар-жағар май және түскі аспен қамтамасыз етті. Су тасқынына қарсы іс-шараларға әр түрлі кезеңдерде «АМӨЗ» ЖШС мен мердігер компаниялардың 750 қызметкері, 70-тен астам әскери қызметші мен жергілікті тұрғындар қатысып, 40-тан астам арнайы техника (соның ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның атыраулық филиалынан) тартылды.

Жұмыстарға барлығы 44 900 қапшық, 256 орам полиэтиленді пленка, 2 002 құты монтаждау көбігі, 8 700 текше метр топырақ пайдаланылды. Бұдан бөлек, АМӨЗ ұжымы табиғи апаттан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына қаржылай көмек көрсетті.

«Жөндеу-механикалық цехының жұмысшылары азаматтық белсенділік танытып, жерлестеріне көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударуға ниет білдірді. Зауыт ұжымы олардың бастамаларын қолдап, нәтижесінде үлкен игі іске ұласты. Қиын жағдайға тап болған отандастарымызға қол ұшын созу – әр қазақстандықтың міндеті», - деді «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Абзал Досжанов.

Бастама нәтижесінде 39,4 млн.тг көлеміндегі қаражат «Атырау» корпоративтік әлеуметтік даму қорының есепшотына аударылды. Қор мамандарының айтуынша, зауыт жұмысшылары жинаған ақша су тасқынынан жапа шеккен отбасыларға көмек көрсетуге, сондай-ақ жағалаудағы бөгеттерді нығайту үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521