«Жыр жүйрігі – Мұқағали Мақатаев»

Өткен аптаның жұмасы күні қаладағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында саф өлеңнің жүйрігі, ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 94 жасқа толуына орай, «Жыр жүйрігі – Мұқағали Мақатаев» атты әдеби-сазды поэзиялық кеш болып өтті. Онда зейнеткерлер ақынның сыршыл поэзиясынан жырлар оқып, оның сөзіне жазылған жүректі тербететін, тыңдаушының жан дүниесін әлдилейтін ғажайып әуендерге құлақ түрді.

«Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың», «Сенің көзің», «Мен деп ойла» секілді әдемі әндерді бірге шырқады. Орталыққа келген ақын Жаңыл Байеділова өзінің студенттік жылдарында Мұқағали Мақатаевты қалай өз көзімен көргенін әңгімелеп берді. Сол сәттен алған әсерін ақ қағазға төгілтіп жырмен жеткізген ол арнау өлеңін оқып берді.

«Қазақтың қара өлеңінің патшасы» атанған Мұқағали Мақатаевтың өлмес жыры мен өшпес өмірін кейінгі ұрпаққа насихаттап отыру, оны игі дәстүрге айналдыру - біздің парызымыз. Өйткені Мұқағали-мәңгілік өмір! Сондықтан да ақын мұрасы, маржан поэзиясы-болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп-қадірлейтін мұрасы, ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлеңқұмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек. Орталықта өткен жыр кеші – соның бір айғағы іспеттес.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT