Қазақтың рухы мен сөзі қашанда қатар өрілген. Айтыс - сол рухтың алтын арқауы, ұлттың намысын жырмен өрнектейтін киелі сахна.
Құрманғазы ауданында өткен «Сенім биігіндегі «Серпер» атты облыстық ақындар айтысы осы бір дәстүрдің тамырын тереңдетіп, жас жүйріктердің қанат қаққан алаңына айналды. Бұл айтыс Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдық мерейлі белесіне арналды. Өнер додасы Құрманғазы ауданы әкімдігінің қолдауымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өтіп, облыстың түкпір-түкпірінен келген 12 айтыскер ақын өзара сөз сайыстырды.
Кештің көркін келтіріп, ел көңілін тербеген ақындардың ішінде Жылыойдың намысын қорғаған жас айтыскер Ернұр Исахаевтың өнері ерекше бағаланып, Бас жүлдені қанжығасына байлады. Жылыойдан шыққан бұл жас дарын сахнаға шыққан сәттен-ақ салмақты ойымен, өрнекті сөз саптауымен, айқын ұйқастарымен жұрт назарын өзіне аудартты. Әрбір жолында терең мағына, туған жерге деген махаббат, елдік рух пен сабырлы мінез қатар өріліп отырды.
Ернұрдың жеңісі жеке жетістік қана емес, Жылыой өңірінің руханиятына қосылған үлкен олжа. Оның жырынан туған жердің иісі аңқып, сөзінен жастықтың жігері мен ұлттық намыс сезілді. Айтыс соңында Ернұрдың өзі де әсерімен бөлісіп:
-Бұл жеңіс - менің ғана емес, Жылыойдың жеңісі. «Серпер» сияқты тарихы терең газет мерейтойында сөз өнерін паш ету – үлкен мәртебе. Сөзге сенген, өнерді құрметтеген ел барда айтыс өлмейді, мен соның бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын,-деді Е.Салауатұлы.

Жарыстың өзге қатысушылары да тыңдарман ықыласына бөленіп, түрлі жүлделер мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Ал айтыс алаңында Ернұрмен бірге Жылыойдың тағы бір өкілі ақын Ерболат Ізден де арнайы жүлдені иеленіп, аудан өнерпаздарының биік деңгейін тағы бір дәлелдеді.
Мерейлі мерекеге орай ұйымдастырылған бұл айтыс елдің рухын көтеріп, сөз өнерінің салтанатын паш еткен айтулы оқиға болды. «Сенім биігіндегі «Серпер» айтысы өз атына сай биік деңгейде өтіп, әрбір тыңдарманға рухани шабыт сыйлады. Ал Ернұр Исахаевтың жеңісі – жастардың өнерге деген ықыласының, ел сенімінің айқын айғағы.
Ернұр сынды таланттар барда қазақ айтысының да, қазақ руханиятының да тамыры тереңдеп, рухы биіктей бермек.
Өз тілшіміз


