Жылыойлық QANAY – «Қазақстан дауысында»

28 ЖАСТАҒЫ ЖЫЛЫОЙЛЫҚ НҰРБОЛАТ ҚАНАЙ «QAZAQSTAN ДАУЫСЫ» БАЙҚАУЫНДА БАҒЫН СЫНАУДА. БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНҒА ТАНЫМАЛ ШОУ ӘЛЕМІ ЖҰЛДЫЗЫНА АЙНАЛЫП ҮЛГЕРГЕН ЖЕРЛЕСІМІЗ ҮЛКЕН ЖОБАДА ТОП ЖАРЫП КЕЛЕДІ. БІЗ БҮГІНГІ СҰХБАТЫМЫЗДА ҚАНАЙДЫҢ ӘН САЛУДАН БАСҚА ДА ҚЫРЛАРЫН СӨЗ ЕТПЕКПІЗ. БІР ҚЫЗЫҒЫ, ОЛ БАЛА КЕЗІНДЕ ӘНШІЛІКТІ ЕМЕС, АСПАЗ БОЛУДЫ АРМАНДАҒАНМЫН ДЕЙДІ. АЛАЙДА, ТАЛАНТТЫ ЖАС ӘНШІЛІККЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ? СҮБЕЛІ СҰХБАТЫМЫЗДЫ НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ.


- Қазір сіздің есіміңізді қазақстандық өнерсүйер қауым жақсы біледі. Қанайды Қазақстандағы белгілі түрлі шоу-концерттерден, теледидардан көріп жүрміз. Ал жылыойлық Қанайды жете білмейтін жерлестеріңіз де бар. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

- Туған жерім - киелі Кең Жылыой . Мен негізі ескі Қаратон кентінде өмірге келдім. 1993 жылы Құлсарыға көшіп келдік. №18 Сатыбалдиев атындағы орта мектепте білім алдым, сол мектептің түлегімін.

-Осыдан бірнеше жылдар бұрын жайдарман арқылы танылғаныңыз рас, ал, сахнаға, эстрадалық өнерге, жалпы әншілікке қалай келдіңіз?

-Алғаш сахнаға КВН арқылы келдім. Сол арқылы сахнаның қыр-сырына үйрендік, сахна мәдениетін меңгердік, сахнаға бейімделдік . Бала кезімнен ән айтамын. Ал былай негізгі өзімнің осы салаға нақты келген уақытым 2013 жылдар шамасы. Елімізге танымал «Орда» тобындағы әнші Дастан Оразбековпен бірге түрлі жобалар, жұмыстар жасадым. Сол кісінің шәкірті болдым.
2015 жылдар шамасында өнерді қойып, қаламыздағы фастфудта жұмыс жасадым және базарда телефон жөндедім. Қаражат тауып, мынау нарық заманында күн көру керек. Бірақ өнер қашан да өзіне магниттей тартатын. Кейін 2019 жылы Тұрсынбек Қабатовтың «КТА» жобасына оралдық КазИТУ құрамасымен шықтым. Содан бастап біздер өз алдымызға топ ашып, бірлесе жұмыстар бастадық. Жалпы өнерге қайта оралған жылым 2019 жыл.

-Бұған дейін аспаз болуды армандағаныңыз рас па?

-Негізгі арманым расымен де аспаз болу болатын. Бірақ, өкінішке орай, сол уақыттары аспаздық оқуға түсем деп жүрген кездері өзімнің туған інім қайтыс болды. Екеуміз бірлесіп кәсіп ашуға ниеттеніп, армандайтынбыз. Өмірімдегі осындай қиын кезеңде аспаз мамандығын меңгеруге тауым қайтып қалды. Бірақ экономист-бухгалтер мамандығын оқыдым. Жалпы алдағы уақытта арманымды міндетті түрде жүзеге асырамын (күледі).

-Талантыңыздың бар екенін қай уақытта байқадыңыз?

- Әншілік, актерлық қасиеттер жүре келе пайда болмайды, ол адаммен бірге жаратылады. Тек сол қасиеттеріңді одан әрі дамыту үшін уақыт және еңбек қажет.

-Дарыныңызды дамытуға, өнер жолына түсуіңізге көмектескендер болды ма?

- Көптеген адамдар көмектесті. Біріншісі, өзіміздің жерлесіміз, КВН командасының капитаны 2009 жылғы «Жайдарман» лигасының чемпиондары Алисамед Айтбаев дейтін ағам. Ең бірінші маған вокалды үйреткен, ән әлемі туралы түсіндірген де сол.

-«Qazaqstan дауысы» жобасында әділ қазыларды таңқалдырдыңыз. Бұл жобаға қалай келдіңіз? Мыңдаған адамдар қатысатын жобада іріктеуден өте алмаймын деп қорықпадыңыз ба?

-Шынымды айтсам, бастапқыда осы байқауға бағымды сынайын, қатысайын деп барған жоқпын. Жігіттер болып бір інімізді қолдауға бардық. Сол кезде мен де аяқ астынан жоба талаптары жазылған бланкіні толтырып, ойламаған жерден өтіп кеттім. Барлығы қызық үшін болды. Сол жобаға осылайша қатыстым.

- Бұдан да үлкен шетелдік байқауларға қатысуға дайынсыз ба?

- Алда бұдан да үлкен байқауларда бағымды сынап көруге болады. Қазіргі мақсатым – алдымен халықтың көзайымына айналу. Тек 1 орын алу емес, жақсы өнер көрсетіп, халықтың көңілінен шығу, жүрегінде қалу. Сол мақсатыма жеттім деп те ойлаймын. Шүкір.

- Қанай, сізді барша жерлестеріңіз мақтан тұтады. Болашақта барша қазақ көрермендерінің көзайымы болып, сахна төрінде, өнер көгінде жұлдызыңыз жарқырай береді деп сенеміз! Сұхбатыңызға рахмет!

- Ауданымыздан шыққан өнер иесі, жерлесіміз деп қолдау білдіріп жатқан «Кең Жылой» газетіне де рахмет!

Сұхбаттасқан: А.ТАУБАЕВА, Журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521