Жылыойда жазушы Нұрлан Қами оқырмандарымен кездесті

Өткен аптада ауданымызға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, драматург Нұрлан Қами келіп, оқырмандармен кездесті. Сырласу-сұхбаттасу сипатында болған кеш Құлсары қаласындағы «Кең Жылой» мәдениет үйінде өтті.

Кешті ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев жүргізіп отырды.

Аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов, аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтер туған жерге ат басын тіреген жазушыға құрмет көрсетіп, Алғыс хаттар табыс етті. Белгілі кәсіпкер, «Бақайқұс» фабрикасының директоры Әлімжан Балжігітов те қаламгерге «Қош келдіңіз!» дей отырып, құрметтеп сый-сияпат көрсетті. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Сәулеш Шәтенова сахнаға шығып, өткен күндерден естелік шертті. Ол жазушымен студенттік әдеби ортада бірге жүрген шақтар талантты прозаик жазушының шебер туындылары туралы айтты. Кеште Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Қонаш Қалдыоразов сөз сөйлеп, ақсақалдық ақ батасын берді. Кітаптарын сыйға тартты.

Нұрлан Қамидың балалық шақтан бірге өскен құрдастары мен достары да осы кешке қатысып балдәурен шақтарды еске алды. Жазушыға қазақтың салт-дәстүрімен шапан жапты.

Бұдан соң жазушының өзі сөз алды. Ол шығармашылық өсу жолдары  мен прозалық туындылары жайлы, заман туралы, басқа да әсерлі әңгімелер айтып, жерлестерінің алдында ақтарыла сыр шертті. Туған жердің кеңпейіл құшақ, көлдей көңілінің белгісіндей құрметіне алғысын айтты.

Аудан   өнерпаздары әсем әннен кезек-кезек шашу шашты. Жазушы, драматург жерлестеріне кітаптарын сыйға тартты.

 

 

С.БАҚТЫҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521