Жылыойда Жаңа Қаратон кентінде ауыл округтері арасында мәдени күндер өтті

Ауданымызда сырт қараған кісі «мынау қала шығар» деп қаларлықтай ерекше ауыл бар. Ол – Жаңа Қаратон кенті. Өзге ауылдардан ерекшелігі: сыртқы келбеті, көше тазалығы мен жолдары еш қаладан кем түспейді. Мұнайшылар кенті деп аталып кеткен елді мекенде бүгінде 7000-нан астам адам тұрады.

2000 жылы Жаңа Қаратон поселке болып құрылды
Ол Қаратон мұнайшылар поселкесін Теңіз кеніші маңынан қауіпсіз аймаққа көшіруге байланысты 2000 жылы құрылды. 1993-1995 жылдар аралығында чехословак құрылысшылары екі қабатты 63 коттедж үй салып, халыққа пайдалануға берілді. Бұл үйлерге бұрынғы Қаратон елді мекенінде тұратын көпбалалы отбасылар көшірілді. 1999-2000 жыл аралығында "Қазақойл-Ембі" АҚ қаражат бөліп, 622 тұрғын үй салынып, Қаратон елді мекенінің тұрғындары түгел осы жаңа баспаналарға көшірілді. 2000 жылы облыс әкімінің шешіміне сәйкес Жаңа Қаратон поселке болып құрылды. 2002 жылы "Қазақойл-Ембі" АҚ 90 үй құрылысын салып, бұл үйлерге Теңіз кенішіне жақын орналасқан екінші ауыл Сарықамыс поселкесінің тұрғындары көшірілді. 2004 жылы поселкеде Сарықамыс және Кеңарал елді мекен тұрғындарына арнап тұрғын үйлер құрылысы басталды.
Қазіргі таңда Жаңа Қаратон кентінде 2 орта білім беретін мектеп, 2 балабақша, 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 кітапхана, өрт сөндіру бөлімі бар. Сондай-ақ, 30-дан астам дүкен, 4 тойхана, 2 дәріхана халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Көлік жуу стансасы, ағаш шеберханасы және төсем тас шығаратын цех жұмыс жасауда.

Кент- өнердің де кеніші
Жуырда аудан әкімдігі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт бөлімі және «Кең Жылыой» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ауылдық округтер арасында әр апта сайын «Ел ішіндегі өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» атты мәдениет күндерін өткізу іс-шарасы бекітілді. Соған сәйкес, Құлсары қаласындағы Орталық сахна алаңында Жаңа Қаратон кентінің мәдени күні өтті. Мәдени кеште алаңға қойылған қолөнер бұйымдарының көрмесі алыстан ерекшеленіп тұрса, ауылшаруашылық өнімдері де қалыс қалмады.
Мәдени шараны ашу үшін сөз кезегі кент әкімі Сансызбай Баймұратовқа берілді. Ол өз кезегінде өнерпаздар мен кент тұрғындарына жылы лебізін білдірді. Концерттік кеште әнмен бірге күй мен термелер де қалықтады. «Керім - ай» би тобы «Өзбек биін» билесе, кент тұрғыны Т.Көрпебаев ауданымыздың әнұранына айналған «Кең Жылыойым» әнін нақышына келтіре орындады. Жезтаңдай әнші Н.Жұмағалиева әсем әнді әуелетіп. «Шолпан» ансамблі күй төгілдірді. Сонымен қатар, Қаратон кентіндегі мектеп оқушылары да өнерлерін көрсетті. Атап айтсақ, №23 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Г.Асхатқызы, 6-сынып оқушысы Н.Ғалымжан, 5-сынып оқушысы М.Серік, 6-сынып оқушысы А.Смайл, №22 жалпы орта білім беретін мектептің 5-сынып оқушылары Ә.Жәкен, И.Сәрсенбайлар ән салып, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлай білді. Іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мамандары қатысып, тамашалады.
Айта кетейік, «Ел ішіндегі өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» атты мәдениет күндері қаламызда әр апта сайын өткізілуде.


А.МОЛДАШЕВ

zhaa-araton-2

zhaa-araton-3

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521