«Жылыой сазын» тербеткен...

«Жылыой сазын» тербеткен...
Фото: П.Қизатова

Аудандық Мәдениет үйінде Жылыой халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің «Жылыой сазы» атты шығармашылық кеші дүркіреп өтті. Сахна шымылдығы Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасымен ашылып, Тоқсанбай Құлтумиевтың әйгілі «Комсомол» күйімен жалғасты.

Иә, кезінде дүлдүл домбырашы Тоқсанбай Сүйіндікұлы негізін қалаған оркестр талай өнер додаларында топ жарып, киелі мекен – Кең Жылойдың атын дүйім елге танымал еткені белгілі. Үлкен өнер ұжымының репертуарындағы шығармалар да жыл өткен сайын байи түсті. Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя», Альберт Фоссеннің «Карусель», Құрманғазының «Саранжап», Евгений Доганың «Граммофон», Гранадостың «Испан биі», Юбер Жироның «Париж аспаны астында» және басқа да классикалық шығармалардың сол күні сахнада шебер орындалуы – соның айғағы. Ауданымыздан шыққан талантты композитор, дирижер Айтқали Жайымовтың «Той бастар», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Ханс Циммердің «Кариб теңізі қарақшылары», Арман Жайымның «Фантазия» атты музыкалық еңбектері де жоғары деңгейде көрерменнің жүрегіне жол тапты.

Шығармашылық кеште алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, оркестрдің бұрынғы дирижері Әлімжан Әбілханов өнер ұжымының қысқаша тарихына тоқталды. Керемет кешке қолдау білдіруге келген өнер майталмандарына алғысын білдірді.

Аудандық оркестрге он бес жылдан астам жетекшілік еткен Әлімжан Шоматұлы оркестрдің қазіргі жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Талап Төлепұлына өзінің дирижерлік таяқшасын сыйға тартты.

Кеште жүрекжарды құттықтау сөзін арнаған облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы басшысының орынбасары Ғабит Хамбалұлы және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров оркестр ұжымына алға қарай да шығармашылық табыстар тілеп, жеңісті жетістігімен көзге түскен өнер иелерін алғыс хатпен марапаттады.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT