Бұл жігіт - ауданға кең танымал, кішіпейіл, ақжарқын, ілтипатты, еңбекқор азамат. Қашан келсең де, «Ассалаумағалайкум!» деп құрақ ұшып тұрады. Ұлты - лакец. Мамандығы – фотограф. Әкесінің ертеректе қызметін ауыстыруына байланысты алты жасында туған өлкесі Қап тауынан осында отбасымен көшіп келген. Жылыойда орта білім алып, Отан қорғау жолындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп, Құлсарыға тұрақтады.
Кейіпкеріміздің аты-жөні – Омар Даниялов. Иә, ол сирек мамандықты игеріп, содан өмірлік нәпақасын тауып келеді. Өмірлік жарын да осы Жылыойдан кездестірді. Келіншегі Гүлнара әрқашан да жанында. Өйткені, олар бірлесіп, отбасылық кәсіптің берекесін кіргізіп отыр.
Алғашқыда шағын жалдамалы шеберханалары болды. Кәсіби шеберлігінің арқасында ол әйдік «Омар» фотосалонына айналды. Кәсібінен нәсіп терген жанұя өздерінен басқа 6 адамға жұмыс тауып беріп отыр.
Бүгінде 20 млн-ға жеткен Қазақстан халқының ішінде жылыойлық Данияловтар отбасының да алатын өзіндік орны бар. Иә, көңілі көл, құшағы кең Жылыой өңіріне сонау XIX ғасырдың 60-ыншы жылдары қоныс аударып келген мың жарымдай өзге ұлт өкілі жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Қазақстанды өз Отаны санайтын олардың немере, шөбере, шөпшектері қазір ауданның жергілікті тұрғындарына айналды.
Қарап отырсақ, мұнайлы аудандағы 86 000-нан астам тұрғынның қатарында 84 500 қазақ болса, 650-ы орыс, 182- сі – татар, 170-і өзбек ұлтынан екен. Қалған 46 – кәріс, 12 – неміс, 95 – әзірбайжан, 180 – қарақалпақ, 40 – даргин, 30 – шешен, 17 – лак, 3 – грузин, 2 – грек және 60 шақты басқа да ұлт өкілі. Жем бойындағы бір өмір-өзен арнасында тату-тәтті тірлік кешіп келеді. Өлкедегі той - мерекелер, қиындық, кедергілер жалпыға ортақ. Ондайда бір әулеттің ұл-қызындай жұдырықтай жұмылып, жинала қояды. Бұл күнде орысың да, татарың да, шешен мен лакецің де, тіпті неміс, кәріс, өзбектерің де қазақпен құда-құдандалы, жекжат-жұрағатты, нағашылы-жиенді болып туыстасып кеткен.
Шынымен де, көп ұлтты Жылой жұртшылығының құшағы айқасқан, достықтары мәңгілік.
Н.АҚНАЗАРОВ, аудан әкімдігінің ақылдастар кеңесінің төрағасы
Суретте: 2023 жылдың 1 наурызында аудандық музейде өткен
Алғыс айту шарасы