«ЖЫЛОЙ» ӘНІНІҢ СӨЗІН БҰРМАЛАУ – ҚИЯНАТ

Орынбор Тұзтөбенің тұзын көрсең,

Жылойдың таңғаларсың қызын көрсең.

Атыңа түскен қайтып міне алмассың,

Еркемнің судан қайтқан ізін көрсең.

Торыайғыр тоқпақ жалды тоғайда бар,

Қыпша бел, жазық маңдай ноғайда бар.

Көрінген қыздың бәрі сұлу емес,

Сұлу қыз іздей қалсаң Жылойға бар.

...Әжелеріміз ыңылдап айтқан осы ән сөздері жадымызда жатталып қалған. Балалық шақтан құлағымызға сіңіп қалған ән мәтініндегі «Орынбор мен Тұзтөбенің» Жылойға қандай қатысы бар?» немесе «ноғай» сөзі қайдан алынған деп осы күнге дейін бас қатырып көрмеппін.

Сонау 1987 жылы Атырау қаласында ауданаралық ақындар айтысы болды. Жылой (ол кезде Ембі деп аталатын) ауданынан бір топ делегация болып біз де бардық. Басқа ауданнан келгендер сонда, «О, Жылойдың таңғаларсың қызын көрсең деген...»,-деп бізбен жадырай амандасып жатты. Әжелеріміз айтатын әннің өте әйгілі ән екенін сөйтіп алғаш байқадым. «Бұл әннің авторы кім?» деген сұрақ төңірегінде музыкатанушылар арасында бірталай қызылкеңірдек пікірлер де айтылды. Алайда ол гипотезалардың ешқайсысы да қисынға келмейтіндіктен, бұл әнді сөзсіз халық әні деген орынды. Бүгінде осы халық әнін орындаушылар оны көкпарда тулақ тартқандай етіп, сүйрелеп, әбден сілікпесін шығарып, жан-жаққа тартқыштап бітті. Ән сөзін әркім қалауынша өзгертіп, бұрмалап шырқап жүр. Сондықтан рухани асыл қазынамыз болып саналатын «Жылой» әнінің түпнұсқа мәтінін бұрмалаушыларға деген ренішпен, өзіміз де жылойлық болғандықтан ептеп қызғанышпен осы мақаланы жазуды жөн көрдік.

Мәселен, бұл әнді маңғыстаулық аса талантты әнші Нұрым Асқанов пен тағы бір әнші ағамыз Еркін Әубәкіров былайша шырқап жүр:

Дендер мен Тұзтөбенің тұзын көрсең,

Жылойдың таңқаларсың қызын көрсең.

Атыңнан түскен қайта міне алмассың,

Еркемнің судан қайтқан ізін көрсең...

Торы айғыр, тоқпақ жалды тоғайда бар,

Күлім көз, оймақ ауыз қыз қайда бар.

Көрінген қыздың бәрі сұлу емес,

Сұлу қыз көзі қара Жылойда бар...

Ал әнші апамыз Роза Латифуллина былайша шырқайды:

Дендер мен Тұзтөбенің тұзын көрсең,

Жылойдың таңғаларсың қызын көрсең.

Атыңа түскен қайтып міне алмассың,

Еркемнің судан қайтқан ізін көрсең.

Торы айғыр тоқпақ жалды тоғайда бар,

Сұлу қыз көзі қара ноғайда бар.

Көрінген қыздың бәрі сұлу емес,

Сұлу қыз Жылойда бар, Жылойда бар.

Көріп отырғандарыңыздай, әр әнші әртүрлі шырқап жүр. Біз кішкентай тұлымшақты кезден әжелеріміз шырқайтын «Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең» деген әннің алғашқы жолын неге соңғы кездері әншілер «Дендер мен Тұзтөбенің тұзын көрсең» деп өзгертіп алды? Құлағымызда әжелер аңыратып айтқан «Орынбор» деген сөз сонда қайда қалды? Жалпы осы әннің түпнұсқасындағы «Орынбор» сөзі қайдан пайда болған? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Ол үшін өткен тарих қойнауына енуге тура келеді. Алдымен Жылой ауданының тарихы жөніндегі Уикипедиядағы мәліметке тоқталалық: «...Жылыой ауданы Атырау облысының шығыс бөлігіндегі Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағалауымен Жем, Қайнар өзендерінің сағалық бойын қамтиды. Ауданның қазіргі аумағында Кеңес өкіметі орнағанға дейін Орал губерниясының уезіне қараған бірнеше болысы болған. Осы өңірді мекендеген ел Орынборға дейін жаз жайлауға көшіп барып жүрген. Бірақ 1868 ж. патша үкіметінің әкімшілік реформасы, губерниялар мен ояздардың (уездердің) құрылуы халықты ол мүмкіндіктен айырды. Ол кезде 200 үй бір болысқа бірігетін еді...».

Даламызды кесіп ағатын Жем өзені - күмбірлі көне ғасырлардан келе жатқан өзен. Оның Жем деген атының өзі сонау көне түркі сөзінен пайда болған. Башқұрттар мен ноғай халықтарында Иемь деген «өзен» деген мағынаны береді. Ендеше «Жем» түркіше «өзен» деген сөз. Осы Жем өзені бастауын көршілес Ақтөбе облысындағы Мұғалджар тауларынан алады. Таудан көктемде аққан өзен Жем, Ойыл, Қайнар өзендері боп бөлініп, мөлдірей ағып келіп Каспий теңізіне жете алмай, Жылой жеріне келіп қайырлап, жазда топыраққа сіңіп кетеді. Көшпелі қазақ халқы жаз жайлауында осы өзендер бойын жағалап сонау Орынборға (бұрынғы қазақ жері) дейін көшіп жүретін болған.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің саяси- әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Б.ҚҰРМАНБЕКОВ «Уездік жер атаулары қалай өзгерді?» атты зерттеу мақаласында мынадай құнды мәліметтер келтірген: «Архив материалдары арасынан «Торғай облысы Ақтөбе уезінің болыстарының тізімі» деп аталатын құжат кездестіріп, қазіргі кезде өте өзекті мәселе болып есептелетіндіктен қызыға қарап шықтым. Бұл құжатта (40-қор, 1-тізім, 1069 іс) Ақтөбе уезіндегі болыстардың және орыстар көп қоныстанған поселкелерінің атаулары көрсетілген. Сол кездегі әкімшілік бөлініске сәйкес, Торғай облысының Ақтөбе уезінде 40 болыс құрылып, оның ішінде 14 болыс таза қазақ ауылынан құралған. Уездегі 40 болыс құрамында 120 қазақ ауылы болған. Қазақ ауылдарында тұратын қазақтар саны 100 мыңнан асқан екен... Жоғарыда аталған құжаттың деректеріне сүйенсек, Ақтөбе уезінде мынадай таза қазақ ауылдарынан құралған болыстар болған:

Ақтөбе болысы 8 қазақ ауылы

Әлімбет болысы 6 қазақ ауылы

Аралтөбе болысы 13 қазақ ауылы

Бестамақ болысы 9 қазақ ауылы

Бөрілі болысы 6 қазақ ауылы

Бірінші Бөрте болысы 7 қазақ ауылы

Екінші Бөрте болысы 8 қазақ ауылы

Елек болысы 5 қазақ ауылы

Қаратоғай болысы 9 қазақ ауылы

Қарақобда болысы 5 қазақ ауылы

Теректі болысы 6 қазақ ауылы

Тұзтөбе болысы 12 қазақ ауылы

Ойсылқара болысы 11 қазақ ауылы

Қобда болысы 7 қазақ ауылы

Ақтөбе уезінің 26 болысына айналған бұрынғы қазақтардың жаз жайлауы, қыс қыстауы болған нулы әрі сулы шұрайлы жерлеріне Ресейдің ішкі губернияларынан орыс, украин мұжықтары көшіп келіп қоныстанған. Сөйтіп жаңа қоныс аударғандар қазақ жерін меншіктеп, соның анық белгісі ретінде елді мекен, жер атауларын өз қалауынша өзгертіп, орысша атап, картаға белгілеп, қағазға жазып, заңдастырып алды. Жергілікті көшпенділер деп аталатын 100 мыңнан астам қазақ енді орыс поселкелерінің маңына да жолай алмады».

Б.Құрманбеков айтып отырған Тұзтөбе болысы - нақ «Жылой» әнінде айтылатын Тұзтөбе. Ал Тұзтөбе болысы бұрынғы Ақтөбе облысының аумағындағы, бүгіндегі Орынбор жерінде орналасқан. Әжелеріміз айтатын «Орынбор Тұзтөбенің тұзын көрсең» деген ән жолдары осы атаулардан пайда болған. 2011 жылы Ресейдегі Орынбор жеріне сапарлап бардым. Сонда жолшыбай Соль-Илецк деген жер көзіме ыстық көрініп, жүрегімді солқ еткізгені. Туған жерімнің атымен аталатын әйгілі «Жылой» әнінің нақ осы жермен байланысы барын әлдебір түйсікпенен сезіндім. Кезінде Тұзтөбе деп аталған жер атауы кейін Соль - Илецк болып өзгерген. Бұл туралы « В России Илецкая соль известна со времен Ивана Грозного» деген мақалада былай айтылады.

«В 1627 году составлялся «Больший чертеж» - карта Российского государства, к ней было приложено подробное географическое описание России. Есть там такие строки: «Пала в Яик с левые стороны Яика Илек река, ниже горы Tуcтеби, по-нашему та гора Соляная, ломают в ней соль». В 1744 году, когда царским указом была учреждена Оренбургская губерния, на разведку Илецкого месторождения соли губернатор И.И.Неплюев направил военную команду. И вскоре в Оренбурге открылось соляное правление, а в степных крепостях - соляные магазины».

Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Г.А. ОМА- РОВА «XVIII Ғ. ОРТА ТҰСЫНДАҒЫ ОРЫНБОР ӘКІМШІЛІГІ МЕН ҚАЗАҚТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР» деген еңбегінде «Нұралы өз басқаруының алғашқы жылдарынан бастап халық тарапынан Ресейдің қазақ жеріне ішкері еніп, бекініс-қамалдар тұрғызуына қарсы наразылықтарына да душар болды. 1750 ж. жергілікті қазақтар Каспий теңізінің Жайық сағасынан бастап Жем өзеніне дейінгі балық аулау орындары орыс көпесі Курочкинге оброк ретінде берілетініне наразылық танытса, 1754 ж. Елек өзенінің бойынан қазақтар Тұзтөбе деп атап, бұрыннан емін-еркін тұз алып келген жерден Илецкая Защита бекінісінің салынуына қатты қарсылық білдірді. Нұралының осы туралы жазған хатына Неплюев бекіністің салынуы қазақтардың көшіп-қонуына ешқандай кедергі жасамайтынын айтып жауап берді [5, с. 534-535]». Тарих беттерінен Орынбор базарына мал айдаған қазақтар туралы талай оқыған боларсыз. Бұл туралы ресейлік жылнамашылар да былай деп жазған:

Двигаясь на восток по Уральской улице, мы попадаем к сухому руслу Песчанки и одновременно на место бывшего конного базара. Поскольку Илецкая Защита находилась на пути караванов, которые шли из Азии в Оренбург, здесь караваны часто останавливались. На конном базаре продавали не только простых лошадей, но и знаменитых бухарских аргамаков. Продава- ли здесь и верблюдов. Среди торговцев были люди разных национальностей, здесь были не только казахи, но и туркмены, узбеки, башкиры. Кочевники-скотоводы с древнейших времен добывали здесь каменную соль. Соль играла в то время большую роль в скотоводческом хозяйстве и в меновой торговле кочевых племён и народностей. На соль обменивали скот, предметы ремесла, шерсть, кожу, хлеб. Русские люди тоже были осведомлены об этом богатстве...В 1744 году, когда царским указом была учреждена Оренбургская губерния, на разведку Илецкого месторождения соли губернатор И.И.Неплюев направил военную команду. И вскоре в Оренбурге открылось соляное правление, а в степных крепостях соляные магазины. Продолжительное время соль добывалась хищнически. Дельцы-солепромышленники долго наживались на ней. Позднее русское правительство ввело монополию на соль. 7 мая 1753 года правительствующий Сенат объявил Илецкое месторождение соли собственностью казны. 24 мая 1754 года указом Неплюева были объявлены государственной собственностью. Здесь было создано государственное промышленное предприятие – Илецкий соляной промысел. Оренбургская соляная контора на первых порах сдала промысел в аренду на четыре года сотнику Оренбургского казачьего полка Алексею Углицкому. Кочевники нередко совершали на промысел опустошительные набеги».

Ия, Тұзтөбе үшін жергілікті көшпенді халық жиі-жиі шабуылдар жасап отырған. Сол үшін Илецкая защита бекінісін салған. Тұзтөбенің аты өзгертілді, Орынбор Ресейдің аумағына кірді. Бірақ осы тарихи дерек «Жылой» халық әнінде тайға таңба басқандай жазылып қалды. Белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетов бір сұхбатында былай деген екен: «Қазір ақын болу «модаға» айналды... Мысалы, біз ешқашан хайку жаза алмаймыз, өйткені ол жапондардыкі. Қазақта да хайкудың көкесі бар: Орынбор Тұзтөбенің тұзын көрсең, Жылойдың таңданарсың қызын көрсең. Атыңа түскен қайтып міне алмайсың, Әйәйдің судан қайтқан ізін көрсең... дейді».

Танымал жорналшы, талантты ақын Мейірхан ағамыздың әннің нағыз түпнұсқасынан мысал келтіргеніне сүйсінесің. Ал белгілі журналист Самат Бектенұлы Ибраим. Жетпісбай Есенжанұлы туралы кітабында (ОТАН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА НЕМЕСЕ БЕРЛИНГЕ ДЕЙІНГІ ӘСКЕРИ ЖОРЫҚ ЖЫЛДАРЫ) мынадай жолдар бар: «Тамылжыған мамыр айы да келді. Орынбордағы (Чкаловтағы) көктем де қазақ жігіттеріне өз ауылын еске түсіреді. Сонау жиырмасыншы жылдардың аяғына дейін қыста Каспий бойын қыстайтын Жылыой қазақтары осыдан қол созым жердегі Шыңғырлауға, Торыатбасына, Тұзтөбеге көшіп келіп, жаз жайлаған еді-ау. Әу бастан қазақ зиялылары бас қосқан қазақ қаласы, Қазан төңкерісінен кейін Қазақ АКСР құрылғанда Орынбор бірінші астанасы болған қала қазақстандық курсанттарға тым ыстық еді. Жетпісбай үзілісте ойланып отыр, осы Орынборға қатысты қазақта қанша ән мен жыр бар десеңізші... Жылойда XIX ғасырда өмір сүрген атақты ақын Бала Ораздың «Жылой» әні көңілге орала берді. «Орынбор Тұзтөбенің тұзын көрсең, Жылойдың таңғаларсың қызын көрсең, Атыңнан түскен қайта міне алмайсың, Қалқамның суға қайтқан ізін көрсең. Торыайғыр тоқпақ жалды тоғайда бар, Қыпша бел, жазық маңдай Ноғайда бар. Көрінген қыздың бәрі сұлу емес, Сұлу қыз, көзі қара Жылойда бар». Асқақ ән кеудені кернеп барады. Ол тура өзінің кең даласындағы әнді естіп тұрғандай».

С.Ибраимов жазғандай, Орынборға қатысты әннің бірі- осы Жылой. Сонау Орынборға дейін өзен бойлай көшіп, Орынбордағы базарға шұбыртып малын айдап, сауда-саттығын жасайтын көшпелі қазақтың тарихындағы жауһардай бір ән - осы «Жылой» әні. Ал әннің сөзін өз бетімен бұрмалап, оны өзгертіп айту - ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызға жасалған қиянат. Енді әндегі «ноғайда бар» сөзіне келейік. Оны дәстүрлі әншілер Нұрым Асқанов пен Еркін Әубәкіров «қыз қайда бар» деп бұрмалап айтып жүр. Тіптен бұл сөздерді «адайда бар» деп айту дұрыс» деп таласқандарды көрдік. Көнеден келе жатқан ұлттық құндылығымызды осылайша ту-талақай ету - мәдениетімізге, өнерімізге жасалған қысастық емей немене? Бұған алдымен, өнерпаз әншілердің өздері асқан жауапкершілікпен қарап, жаны ашуы керек. «Ноғайда бар» деген өлең сөздеріне қарағанда бұл ән сонау 15-17 ғасырларда пайда болған болу керек деген ой келеді. Мұндағы «ноғай» кәдімді Алтын орда ыдырағанда бөлінген түркі халықтарының бір ұлысы- ноғай елі. Ындыс қалмақтардан қашқан ноғайлар Кавказ, дон далаларына қарай қашқанда, бірсыпырасы кіші жүз қазақтарына сіңісіп кеткені тарихтан мәлім. Ал ән мәтініндегі «ноғай» - нақ осы ноғай халқы. Соған қарап бұл ән «Қырымның қырық батыры» тәрізді жырларды жырауларымыз қобызбен толғап жүрген Ноғайлы дәуірінде дүниеге келуі де кәдік. Әннің біресе Сегіз серіге, біресе бала Оразға телінуі дұрыс емес. Әннің авторының ұмытылуы тым көнеден келе жатқандығынан болу керек. Мәселен, Ноғайлы мұраларының авторлары ұмытылған. «Жылой» әнінің мәтініне қарап, Жылой, Орынбор атауларының тым көне ғасырлардан келе жатқанынан аңғаруға болады.

Енді әнге орынсыз кірістірілген «Дендер» сөзіне келейік. Дендер ауданында Тұзкөл деп аталатын тұзды көл бар. Бұған 1778 -1804 жылдары акаде- мик Паллас, майор Сози сияқтылар назар аударған. Бірақ Дендерден Жылой қазақтары тұз саудалаған жоқ. Себебі Тұздыкөлдегі тұзды өндіру тек Кеңес үкіметі орнағасын ғана қолға алына бастаған. Сондықтан бұл әндегі Тұзтөбенің Дендер ауданына еш қатысы жоқтығын, көне әнге «Дендер» сөзін тықпалаудың қателік екенін айтқымыз келеді. Бұған, әсіресе, ұлттық халық әндерімізді (дәстүрлі әншілер) орындаушылар мән берсе! Ия, әжелер ыңылдап айтқан «Орынбор Тұзтөбенің тұзын көрсең...» деп басталатын ән құлақта әлі ызыңдап тұр. Ал Жылой қыздарының сұлулығына кімнің таласы бар!

Сәулеш ШӘТЕНОВА

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика