Жыл құсындай жырлап өткен ғұмыр

Ақын – журналист Тементай Әділханов тірі болса 70 жасқа толар еді

1994 жылдың желтоқсан айы. Әскер қатарынан оралып, сол кездегі «Каспиймаңымұнайгазқұрылыс» (ПНГС) трест жанындағы «Тұрмыс» шағын кәсіпорнында жұмысшы болып еңбек етіп жүрген кезім. Өлеңдерімнің біразы «Кең Жылой» газетінде жарық көріп, жаңа таныла бастағанмын. Мекемемнің кеңсесі сол кездегі редакция орналасқан «Вахта-40»-қа қарсы тасжолдың арғы бетінде болатын.

Бір күні кеңсеге жолым түсіп бара қалмасым бар ма?! Қойнымда сақтап жүрген жаңа туындыларым есіме түсе кетті. «Қыс сыры», «Шырша» деген атпен жақында ғана жүрегімнен жарып шыққан жаңа өлеңдерімді редакцияға аяқтай апарып беруді ойлап жүргенмін. Сол орайдың сәті енді түскенін біліп, қолым босай сала «Кең Жылой» газетіне қарай тартып отырдым. Жыл жарымнан бері табалдырығынан аттамаған редакцияның ішіне имене кіріп, әр бөлменің есігінің сыртындағы журналистердің есімдерін оқып жүрмін. Әскерге кеткенше хаттар бөлімінің меңгерушісі, ақын апамыз Сәулеш Шәтеноваға жолығып, тырнақалды туындыларымды әкеліп жүретінмін. Бұл жолы ол кісіні кездестірудің сәті түспеді. Ұзын тар коридорды бойлап келе жатып бір топ журналистердің аты-жөні жазылған есіктің тұтқасын ұстадым. Ашып қалсам қаз-қатар тізілген жұмыс үстелдерінің үстінде екі-үш адам қағазға шұқшиып отыр. Мен амандасып, өлең алып келгенімді жеткіздім. Дәл қазір кім екені есімде жоқ, шамасы Айтқали Бекетов ағамыз болса керек, ол шетте отырған қыр мұрынды, қара торы үлкен кісіге қарай жұмсады. Неге екені белгісіз, бұрын бетпе-бет жүздеспесем де, мен оның Тементай Әділханов екенін ішім сезе қойды. Бұрыннан таныс адамдай жылы ұшырады. Амандық-саулықтан соң қойнымдағы қос өлеңімді ұсындым. Тор көз дәптердің бетіне көркемдеп көшірілген жырларымды мұқият оқып шықты да, риза болғандай басын изеді. Ол кісінің жүзінен байқаған жылы лебізінің өзі бойыма әлдебір қуаныш сезімін сыйлағандай болды.

tementaj

...Мен ақын ағамыздың кабинетінен іштей әндетіп шықтым. Үмітім алдамапты. Қос өлеңім 1995 жылдың 1 қаңтарындағы «Кең Жылой» газетінің жаңа жылдық №1 санында «Жыл ашқан жырлар» деген айдармен жарық көрді. Жасыл-көк түспен безендіріліп басылған мерекелік басылымның бірінші бетінде тұр. Бұдан асқан қуаныш, бақыт болар ма?! Ақын ағамыздың өлеңімнің әр жолдарындағы мән-мазмұнын сақтап, сөздерінің бірде-біріне тиіспей, редакция алқасына сол қалпында ұсынып, ол жақтан да күзелмей шыққанына қатты разы болдым. Өйткені осыған дейінгі тырнақалды туындыларым түзетулермен өтетін-ді. Ақын-журналист Тементай Әділхановпен алғашқы жүздесуім осылай басталған еді.

Ендігі мақсатым өлеңдерімді ақын ағама «жуу» еді. Бірақ оның ешқандай ретін таппадым. Әлі әдеби ортада болып көрмеген, ешкімді танымайтын, кімнің кім екенін біле бермейтін жап-жас жігітпін ғой. Ақындар туралы кітаптан, газет-журналдан оқып білсем де, шынайы өмірде олармен дәмдес болып көргенім жоқ. Дорбамды толтырып, барып тұрсам: «Әй бала, бұның не?» деп өзіме ұрысып тастай ма деген күдікті ойлар мазалай берді. Осылай жүргенде жұмысымда қысқарту болып, мен «без содержанияға» кете бардым. «Байтал түгілі, бас қайғы» дегендей, «жумақ» тұрмақ, тесік қалтам күнделікті жүріс-тұрысымды өтемей қалды.

Арада зымырап бір-екі жыл өте шықты. Туған өлкемнен дәм бұйырмай Қызылқоға аудандық газетінде журналистік қызметімді бастап, облыстық «Ақиқат жолы», кейін қос тілді «Ар-честь» газетінің қазақ редакциясына тілші болып жалғастырып жүрген кезім еді. Бұл уақытта аймаққа журналист ретінде танылған әжептәуір атағым бар. 1997 жылдың жазында болса керек, Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінің 60 жылдығы аталып өтіп, шара соңынан мені бас редакторым Қуандық Батыров Жылыойға жұмсады. Мақсат: демалыс күніне қарамастан ауданның бірқатар журналистерін алдын ала хабардар етіп, редакцияда басқосуын ұйымдастыру. Мен «Кең Жылой» газетінің сол кездегі бас редакторы Болат Дәулетовтің мініп келген бес кісілік қара «УАЗ»-ына жайғасып, Құлсарыма тартып отырдым. Сол жылы Елбасының Жарлығымен Қазақстан бойынша 28 маусым – Журналистер күні төл мерекеміз ретінде тұңғыш рет аталып өтіп жатқан кез еді. Қуекең Кәсіподақтар жанынан жарық көрген облыстық «Ар-честь» газетінің бас редакторы, әрі Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы еді. Бір топ аудан журналистерін Құрмет грамота мен Алғысхаттармен марапаттауы тиіс-ті. Оның ішінде ақын-журналист Тементай Әділханов ағамыз да бар. «Кең Жылой» газетінің бас редакторының бөлмесінде қаламгер ағаларымыздың қатысуымен кішігірім әдемі басқосу өткені әлі есімде. Бұл уақыт Темахаңмен бұрынғыдай емес, әріптес ретінде иық теңестіре әңгіме-дүкен құратын деңгейге жеткенмін...

2000 жылы облыстық «Ар-честь» газеті редакциясы мені Жылыой мен Мақат аудандарының меншікті тілшісі етіп жіберді. Бұл кезең Сапарбек Сәрсенов, Тементай Әділханов, Қаржаубай Оразбаев, Бейсенбай Бигелдиев, Сәулеш Шәтенова сынды аудан журналистер қауымымен етене араласқан жылдарым болды. Құлсарыға келгеннен кейін сол кездегі жарық көріп тұрған «Алау» газетімен тығыз байланыс орнаттым. Өз басылымымнан ауысқан материалдарды бас редакторы Айтқали Бекетовке әкеліп беріп, оның тағайындаған қаламақысын да алып тұрам. Сол жылы ақын Тементай ағамыздың шақыртуымен «Кең Жылой» ұжымының 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған басқосуына қатыстым. Ол уақытта Қаржау Оразбаев – бас редактор. Жұмақыз Нұржанова, Сәндігүл Көшекова, марқұм Фарида Қосымбаева, Мейрамгүл Бегалиева секілді редакциядағы апаларыммен жақын таныстым. Сонда дастархан үстінде алғаш рет Тементай ағамыздың бойындағы суырыпсалмалық (импровизатор) қасиетіне тәнті болғанмын. Оның ақын-журналист қана емес, шынымен де «Жылыойдың нөмері бірінші асабасы» атанғанына көзбе көз куә болғаным бар.

Арада бір жыл өткеннен кейін «Кең Жылой» газетіне түпкілікті жұмысқа ауыстым. Әлеуметтік даму және құқық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Міне, сол сәттен бастап ел Темен ақын атандырған қаламгер Тементай Әділхановпен арадағы қарым-қатынасымыз тереңдей түсті. Тіпті редакция бұрынғы ескі баспахана үйіне көшіп келгеннен кейін ол кісімен бір қызмет бөлмесінде жұмыс жасау бақыты бұйырды. Бұрын кабинетіне именіп кіретін тұлғамен енді иық теңестіріп, бір бөлмеде отыру, бірге сырласып, әңгіме тиегін ағытып, ой бөлісу осыдан он жыл бұрын үш ұйықтасам түсіме кірмеп еді. Тәңірімнің бойыма талант беріп, осындай аудан, қала берді аймаққа аты мәшһүр ақын-қаламгермен қатар жүргізгеніне тәубе дедім іштей!

Темахаңның қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Оның, әсіресе, адамдармен тіл табысқыш қасиеті тәнті ететін. «Қаратоннан алғаш көшіп келгенімде Құлсарыдан жалғыз бір-ақ адамды танитынмын!» - дейтін жарықтық. Мінезінің ашықтығы, өмірге ғашықтығы оған көптеген достар мен жолдастар табуға жәрдемдесіпті. Соның арқасында Жылыойда Тементай Әділхановты білмейтін адам кемде-кем болды. Мен біреулердің сұрауымен редакцияда қызмет атқаратынымды айтсам, ол адам міндетті түрде Тементай ағамызды танитын болып шығады. Оның қал-жағдайын сұрап, сәлем жолдап жататын-ды.

Қаламгерін іздеп редакцияға келіп жататын адамдардың қарасы да үзілмейтін-ді. Көпшілігі ақын болған соң өлең жаздыруға, өзгелер журналист ретінде арыз-шағым айтып, мұң-мұқтажымен бөлісуге келсе, кейбір азаматтар «Редакцияның жанынан өтіп бара жатыр едім, сіздің саулығыңызды білейін деп келдім!» - деп жай ғана амандасу үшін бас сұғатын-ды. Олардың қай-қайсысын да Темахаң жылы ұшырай қарсы алатын. Үстел үстіндегі жасап жатқан жұмысын жиып қойып, арнайы уақытын бөліп, кейбірімен еркін отырып, ерінбей әңгіме-дүкен құратын-ды. Аяпберген Бөлекбаевтай құрдастары жиналса, Сайлаубай Таласовтай институтта бірге оқыған «кластастары» келе қалса, шағын бөлмеміз өздігінен үлкен бір «дөңгелек үстелге» айналып кететін-ді. Ондайда Темен ақын міндетті түрде жүрек түкпірінде сақтаулы тұрған бірқақпайларын шумақтатып шашып, бәрін қыран-топан күлкіге қарық қылып отыратын. Сондай сәттердемен тағы да ақын ағамыздың суырыпсалмалық қасиетіне қатты қызығатынмын. Аяқ астынан, күтпеген жерден шығаратын әзіл өлеңдері әдемі жарасым тауып жататын-ды. Бертін келе кейбір кішігірім отырыстардағы дастархан басында мен де ақын ағама еліктеп, бірер шумақтан шашу шашып жіберетінді шығардым.Бірақ Темахаңдай болу қайда?! Менікі жай «Болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой.

Өмірден өтетін 2010 жылдың мамыр айында ұзақ емделді. Кейін жазда жазылып жұмысқа шыққанда қатты қуанып қалып едім. Бұл уақытта ер-азаматтардан Тементай ағамыздан басқа журналист жоқ-ты. Бисенбай Бигелдиев, іле Айтқали Бекетов, содан соң Сапарбек Сәрсенов, бертінде Бақытжан Бозданов секілді кезінде редакцияның сайдың тасындай болған сақа жігіттері, ардагер ағаларым біртіндеп өмір-өзеннің арғы бетіне өтіп кеткен еді. Сонда Темахаңның да «күтіп жағада тұрғанын» білмеппін ғой.

Күз түсісімен тағы да ауырып жүргенін, уақытша еңбекке жарамсыздық бетшесін аштыратын айтты. Әлі есімде (ол кезде редакция 1-ескі ықшамаудандағы «Ақберен» өндірістік кооперативінің ғимараты ішінде) редакция үйінің артқы жағындағы есіктен шығып, екеуміз біразға дейін темекімізді тарта отырып, әңгіме айтыстық. Ертеңнен бастап «болничныйға» қалатынын тағы ескертіп, «мені жоқтатпа» дегендей емеурін білдірді. Кетерінде «Ал жақсы бала!» деп қолымды алып, қоштасты. Бұрын ондайы жоқ-ты. Мен де неге екендігі белгісіз, баласы Нұрланның көлігіне қарай аяңдап бара жатқан Тементай ағамыздың артынан ұзақ қарап қалыппын. Оның сол кездегі бейнесі, күнбатысқа қарай бет алған жүріс-тұрысы, машинаның алдыңғы орындығына қалай отырғаны, бәрі-бәрі арада 10 жыл өтсе де, күні кешегідей есімде қалыпты.

Әрине, мен оны кезекті «болничныйынан» соң жазылып, редакциядағы қызметіне бұрынғыша қайта оралады деп күттім. Қайтарынан бір-екі күн бұрын телефон арқылы хабарласып, хал-жағдайын сұрағанымда дауысы қарлығыңқы шықты. Сырқатының қысып тұрғанын айтты. Бірақ сонда да жүрегім жамандыққа қимай, әлі-ақ жазылып кетер деп үмітпен көңілін жұбатып қойған едім. Суыт хабар жеткенде төбемнен жай түскендей болды. Көпке дейін тілім байланған адамдай, өң мен түстің ортасында жүрдім. Тек ақын денесі суық қабірге түсіп, бетін мұздай топырақ жапқанда ғана мәңгілікке айрылып қалғанымызды білдім. Ол өмірге наурыз айында «Көктемгі найзағай» болып келіп, қаралы қазанда қайғыртып кетті. Ғибратты ғұмыры бейне көктемде туған жерге ұшып келіп, күзде қайтқан жыл құсындай дерсің!

Тементай ағамыз дүниеден озғанымен артында жан жары Қымбат апамыз бен ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендері қалды. «Менің әке-шешем өмірден түк қызық көрген жоқ. Мен келін алдым, қыз ұзаттым, олардан немере-жиен сүйдім. Енді өліп кетсем де арманым жоқ!» - дегенді айтып отыратын. Ал ақынның қаламгер ретінде өмірдегі арманы көп еді. Ол өзі өмір есігін ашқан «Көктемгі найзағай» жырларымен жыр сүйер қауымның жүрегінде қалды. Оқырманы, халқы барда ақын өлмек емес.

Оның жарыққа шықпаған жырларын, өлеңдерін сары майдай сақтап жүрген ақынның жары Қымбат апамызды қай уақытта барсаң да, өмірлік қосағының үй қабырғасына ілінген фотосуреттері мен жырлары енген кітаптардың, газет-журналдарының ортасынан көресің. Қасында Темахаңның редакцияда пайдаланған ескі жазу үстелі. Үстінде күлсалғышы мен соңғы тартқан темекісінің тұқылы да тұр. Солардың жанындағы кереуетте Қымбат апамыз отырады. Он жылдан бері сол орнынан мызғыған жоқ. Неткен адалдық! Ол әр көктем сайын оралатын жыл құсымен бірге аяулы азаматының да қайтып келетініне сенетіндей. Бірақ амал қанша...

Ақын-журналист Тементай Әділханов тірі болса, биыл 70 жастың жотасына шығар еді. Бірақ қоңыр күзде туған жерімен қош айтысқан жыл құстарымен бірге мәңгілік сағынышқа айналып, көз жетпейтін қиырдың қиясына самғап кетті. Оған да, міне, 10 жылдың жүзі болып қалыпты. Алыстаған сайын ақын ағамыздың таудай тұлғасы асқақтап бара жатқандай!

Биылғы көктем жаңбырлы болды. Аспаннан жалт ойнап, найзағайлар жарқ –жұрқ еткенде қайта-қайта жалт бұрылып қарадым, «Көктемгі найзағайлармен» бірге оралған ақын Тементай ағамыздың рухы емес пе екен деп?!

Ербол Қошақанов, әріптес інісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521