Жүректерге жол тапқан Шәмші әлемі

Қазақ әнінің көгінде өзіндік үнімен ерекше орын алатын Шәмші Қалдаяқов есімі – халқының жүрегінен өшпейтін дара тұлға. Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастырған «Шәмші әлемі» атты әдеби-сазды кеші халық әртісі, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – Шәмшінің өмір жолы мен шығармашылығына шолу жасап, ұлт жүрегінен орын алған әндерін дәріптеу, жас буынға сазгердің рухани мұрасын жеткізу. Кештің шымылдығын ашып, жүргізген оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Айгүл Амантайқызы

: – Бар қазақты таңнан таңға ән салдырған, өзін әнмен қарсы алдырған Шәмші Қалдаяқов – шын мәнінде қазақ руханиятының алтын қазығы. Оның әндері – әр қазақтың жүрек түкпірінде сақталған асыл қазына,-деп әдеби сазды кешті бастап кетті.

Шәмші Қалдаяқов – ХХ ғасырдағы қазақ музыкасын жаңа бір сатыға көтерген мықты композитор. 300-ге жуық ән жазған сазгердің шығармаларынан өмірдің лебі еседі, жүректің үні естіледі. Оның «Менің Қазақстаным» атты әні Қазақ елінің Әнұранына айналып, «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Ана туралы жыр» сияқты әйгілі әндері байтақ даламызды шарлап кетті.

Кеш барысында сазгердің өмірбаяны мен шығармашылығы кеңінен қамтылды. Тыңдаушылар Шәмшінің балалық шағынан бастап, саз әлеміндегі өсу жолы, шығармашылық ізденісі мен қоғамдық қызметі жайлы мазмұнды деректермен танысты. Сазгердің халық жүрегінен орын алған әндері де әуеледі. «Арыс жағасында» әнін «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшесі Ысқақ Мансұр, «Ана туралы жыр» әнін Жастар ресурстық орталығының жас өнерпазы Зинайда Назымбекова, «Қайдасың?» әнін Күміс Молдабекова, «Кешікпей келем деп ең» әнін жас өнерпаз Іңкәр Серік нақышына келтіре шырқап, көпшіліктің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады.

Шарада «Қазақ әуендерінің падишасы», «Күй саңлағы – Нұрғиса» атты кітап көрмесіне кітапханашы Алма Садықова мазмұнды шолу жасап, сазгерлер мұрасына тоқталды. Шәмші Қалдаяқов жайлы қызықты деректер, әндердің шығу тарихы шығармашылығына қалам тербеген ақындар туралы тың мәліметтер кеш мазмұнын байыта түсті. Әсіресе, «Менің Қазақстаным» әнінің жарық көруі туралы дерек пен бұл әннің кейін қалай ҚР Мемлекеттік Әнұранына айналғаны тыңдаушыларға ерекше әсер сыйлады.

Шынымен де Шәмші Қалдаяқов – қазақ әнінің шексіз кеңістігінде шырқап ұшқан сазды жұлдыз. Ол ұлтының үніне айналды. Өнерге жан-тәнімен берілген, шынайы халықтық композитордың мұрасы ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып, ән әлемінде әсем әуен болып қалықтай бермек.

Иә, Шәмші Қалдаяқовтың жүрегінен туған «Менің Қазақстаным» әні бүгінде еліміздің Мемлекеттік Әнұранына айналғаны – сазгер рухына көрсетілген ең үлкен құрметтің бірі. Осыған орай кеш соңында барлық қатысушылар орындарынан тік тұрып, мемлекеттік Әнұранымызды бір адамдай шырқап, сазгер рухына тағзым етті. Бұл сәт сазгерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық рухтың шарықтау шегіне жеткеніндей керемет әсер қалдырды.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT