Жігері жасымаған ақын

Ақын Айбек Қалмағамбетов - 1967 жылы Шоқпартоғай ауылында туған. Жастайынан өлеңмен танылмаса да, әскер қатарында жүріп проза жанрында қалам тартады. 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінен кейін ол батальон командирі Булановтың қуғынына ұшырайды.1987 жылдың басында әлгі майор Айбектің сол кезде жазған шығармаларын жинатып, алаңда өртетеді. Бір уақ жас жігіттің жігері жасығандай болғанымен, өткір пышақ қап түбінде жатпайтыны анық. Көп ұзамай өлең өлкесіне қайта оралды.

2005 жылы  Астанада шығатын "Жаңа Сарыарқа" журналында Айбектің "Жоғалған қыз туралы аңыз" поэмасы жарқ етті. Прозадан поэзияға ауысып, қара өлеңнің арғымағын жайдақ мінген ақын тұлпарынан әлі түскен жоқ.  Керісінше, күннен күнге шабысын үдете түскендей. 2019 жылы жастарға арнап "Бақыт мекені" атты жыр жинағын ұсынды. 2020 жылы "Әкеме ескерткіш", "Кең Жылыой", 2021 жылы "Досыма хат" жыр-жинақтары оқырмандарға жол тартты.

Енді биыл да Айбектің қос кітабының куәсі болдық. Осыған орай Атырау қаласындағы "Ақ Желкен" шығармашылық орталығының «Әлібек ақындар алаңында» – жылыойлық ақын Айбек Қалмағамбетовтің "Аппақ әлем" және "Сағынсаң мені" еңбектерінің тұсаукесері өтті.

Кітаптың ашылу салтанатына келген журналист-жазушы Қаржаубай  Сұлтанғали және Ғазиз Сайфуллин ағаларымыз кітаптың алқызыл лентасын қиып, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты. Айбек ақынның өлеңдерін  тек Атырау ғана емес, басқа де облыстың мектептерінде жарысып оқиды екен. Мәселен Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, "Бәйгеқұм" ауылының жас ұланы Айдын Ақылбеков Айбектің өлеңдерін шабыттана оқып облыстық байқаудың бас жүлдесін иемденді.

Бағыт Шеркешбаева басқаратын политехникалық колледжінің студенттері де ақын өлеңдерін ерекше тебіреніс үстінде  оқыды. Жерлес Ардабай Қосаев ағамыз М.Шахановтың "Нарынқұм зауалы" поэмасын нақышына келтіре оқып жұрттың қошеметіне бөленді. Жаңа кітаптың тұсаукесеріне Ақтау қаласынан арнайы келген Зоя Сахиқызы ақынның ата-анасы туралы тың деректер келтірді. Кеште сөз алған профессор Бақыт Барсаева Айбек Қалмағамбетовтың шығармашылығына жан-жақты терең шолу жасады.

Кітаптың тұсаукесеріне жергілікті өлеңсүйер қауыммен қатар жастардың да көптеп қатысуы көңілге қуаныш ұялатты. Кешке  жиналған азаматтар осындай поэзия кешін көбірек ұйымдастырса деген тілектерін жеткізді.

Сәкен Өскенбаев,

«Елсана Руханият» клубының

- "Әлібек ақындар алаңы" жетекшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521