Жерлесіміз облыстық байқаудың жүлдегері атанды

Атырауда «Киелі пана – киіз үй» атты қолөнершілердің облыстық байқау-көрмесі өтті

Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне орай «Киелі пана – киіз үй» атты қолөнершілердің облыстық байқау-көрмесі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының «Киіз үй» жабдығын жасақтау, көрерменге «Ерекше баспананың» экспозициялық көрінісін насихаттау. Сондай-ақ қолданбалы-сәндік өнерді дамыту, қоғамды отандық өнер шеберлерінің жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру.

Іс-шараны Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Аталған байқау-көрмеге облыс қолөнершілерінен ағаш және тоқыма түрінен барлығы 14 жұмыс тапсырылған. Байқау екі номинация бойынша өтті. «Ағаш шебері» бағыты бойынша 3 және «Тоқыма шебері» бағыты бойынша 11 туынды қабылданған болатын.

Нәтижесінде, «Ағаш» шебері номинациясы бойынша жүлделі І және ІІ орынды Атырау қаласынан «Сандық ағаш» және «Жастық ағаш» қолөнер бұйымымен Нұрсұлтан Қалиев, ІІІ орынды «Жер үстел» қолөнер бұйымымен атыраулық Қалымбек Жұмашев иеленді. Ал «Тоқыма» шебері номинациясы бойынша І орынды «Сырмақ. Күн мен түн» қолөнер бұйымымен атыраулық Айгерім Кенжеғалиева, ІІ орынды «Басқұр» қолөнер бұйымымен құрманғазылық Ғалия Рысқалиева иеленсе, ІІІ орындарды Исатай ауданынан «Басқұр» қолөнер бұйымымен Алмара Жанғалиева,   «Түйе қоржын», «Уық бау» қолөнер бұйымымен жерлесіміз жылыойлық Нұргүл Елтезерова және «Текемет» қолөнер бұйымымен қызылқоғалық Сандуғаш Мергенгалиева еншіледі.

Жүлдегерлер дипломмен және сертификатпен марапатталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521