Әжелер шықты жарысқа

Қара Арна ауылдық округіндегі «Шоқпартоғай» мәдениет үйінде «Әжелер – отбасының берекесі» атты ауыл әжелері арасында байқау өтті. Негізгі мақсаты – ұрпақ тәрбиесінде әженің алатын орны мен рөлін насихаттау, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтау, жастарды өнерге, инабаттылыққа және сыйластыққа тәрбиелеу.

Байқауға қатысқан әр ауылдың ақжаулықты әжелері өздерінің қолөнер шеберлігін, ұлттық тағам әзірлеу дағдыларын және өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды. Олар таныстыру, өнер көрсету, қолөнер бұйымдары, ұршық иіру, жіп иірудің дәстүрлі тәсілі, ұлттық салт-дәстүрімізден көрініс қою, ұлттық тағамдарды әзірлеу (ет асу, құрт-ірімшік, бауырсақ, қуырдақ, наурыз көже) сынды сынақтан өтті.

Үміткердің барлығы да өз өнерін жоғары деңгейде көрсетті. Айнагүл Сағынбаева, Айша Білбаева, Марина Қожағұлова, Гүлсім Діндарова сынды әжелер немерелерімен бірге байқауда бақ сынап, қазақ халқының салт-дәстүрін паш етті. Әр қатысушы өз даралығын, шеберлігін танытып, жүлделі орындар иеленуге күш салды. Аудандық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Аялы әжелер» алқасының төрайымы Роза Тасболатова, Қара Арна ауылдық округі әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Рабиға Төлеуова, Шоқпартоғай ауылдық №7 кітапхана меңгерушісі Надия Қойшиева сынды әділқазылар құрамы қатысушылардың өнерін әділ бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде бас жүлдені Айша Білбаева жеңіп алса, жүлделі I орын Айнагүл Сағынбаева, II орын Марина Қожағұловаға бұйырды. Ал, III орынды Гүлсім Діндарова місе тұтты. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Әрине, отбасы мен қоғамның берекелі болуы үшін қазақтың әр әулетіндегі әжелердің рөлі ерекше. Өйткені олар ұлттық салт-дәстүрімізді сақтап, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде маңызды орын алады. Байқау соның айқын көрінісіндей болды.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT