«Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып»

Жанға шипа, көңілге медет болатын жыр жолдарымен елге танылған жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі Сәулеш Шәтенованың тағы бір туындысы оқырман қолына тиді.

Ұзақ жылдар бойы «Кең Жылой» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған оның жаңа кітабына қаламгердің өлеңдері мен қос дастаны енген. «Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып» кітабымен қалың оқырманды жақынырақ таныстыру мақсатында ақынның өзімен сұхбаттасқан едік.

- Сәулеш Тәжіқызы, жақында баспадан жаңа кітабыңыздың жарық көруімен құттықтаймыз. Бұл – жылойлық жыр сүйер қауым үшін жақсы жаңалық. Осы жайында оқырмандарымызға айтып өтсеңіз.

- Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан «Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып» деген жаңа жыр жинағым жарық көрді. Кітапты белгілі баспагер Махмуд Қосмамбетов өзі демеушілік жасап шығарды. Бұл менің поэзияма, шығармашылығыма көрсетілген үлкен жанашырлық, қолдау. Сол үшін баспаға, оның директоры Махмуд мырзаға алғысым шексіз. Ал кітапқа келсек, онда өлеңдерім мен 2 дастаным (поэма деп атаймыз ғой) топтастырылған.

- Оқырман ретінде біздің ерекше назар аударғанымыз – жаңа кітабыңыздың атауы. Бұған дейін жарық көрген жыр кітабыңыздың аты «Күн тозаңы» деп аталатынын білеміз. Ал бұл жолы жаңа кітабыңыздың атын «Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып» деп қойыпсыз. Жалпы галактикадағы Күн, сәуле ұғымдарының өлеңдеріңізден кең орын алатынын байқадық. Ендеше, кітаптың неліктен бұлай аталу себебін түсіндіріп өтсеңіз.

- Біз түпкі тарихымыз, тамырымызбен түркілерміз. Бөрі текті түркілер сонау ғұн, сақ бабалардан тарайды. Қазіргі қолданыстағы жазуымыз кирилл алфавиті, кириллица ғой. Ал негізінде біздің өз жазуымыз болған. Осы бітік, руна жазуларды кезінде бабаларымыз биік тастарға қашап ойып жазып қалдырған. Орхон-Енисей жазбалары, Талас бойындағы сына жазулар, Күлтегін жыры – өлмес, өшпес ғажайып мұраларымыз. Кітапта «Түрік жазуы» деген өлеңім бар. «...Мәңгі өшпейтін ол – руна жазуы, Бөрі бабам жазған оны азулы. Шырақ жағып Ай оқитын түн болса, Өңкей жазу– Евразия жазығы. Жазуымды жел өшіре алмады, Жазуымды сел өшіре алмады. Құс секілді көшкен бабам жазуы, Құстың ізі секілді ирек таңбалы. Биік тастар тек тұрған жоқ мелшиіп, Теңестіріп оларменен көрші иық. Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып, Жазуымды тұрады ылғи жел сүйіп. Бұл жазулар болашақты нұсқайды, Көшіп-қонған көшпенді нақ құстай-ды. Оқып көрші жазуыңды тастағы, Ұшып кеткен құс ізіне ұқсайды»-дегенмін. Кітабымның атын осы өлең жолдарынан алдым.

- Ал сәуле, жарық ұғымы...? Жалпы өлеңдеріңіздің көбі қандай тақырыпты қаузайды?

- Бұрын бабаларымыз Күнге, табиғатқа тәжім етіп, бас иген. Тәңірлік діни ұғым болған. Бұл тарихты да сызып тастай алмаймыз. Сондықтан сонау бағзы замандағы бабалардың жүріп өткен соқтықпалы, тас кешу өткелдері мен бүгінгі қоғамдағы жан ауыртар мәселелер, адамзат дамуының кері әсерлері – барлығы бір кітапта деп ойлаймын. Бірақ қоғамдағы өзекті мәселелерді проблемалық немесе ғылыми мақала жазып та айтуға болады. Ал поэзия дегеніміз – барлық өнер туындысы тәрізді алдымен көркемдік, сұлулық. Сол себепті қоғамның мұңын жырлаймын деп ағыл-тегіл ақыл айтып, қарабайырлыққа ұрынудан сақ болған жөн деп ойлаймын. Өз ұлтымды сүйетіндіктен өлеңдерімнің тақырыбы да көбіне халқымның болмысы, ұлттық жадынан алыстамай шиырлап, алтын қазықтай айналып жүреді. Жалпы кітабымның бағасын беретін – оқырмандарым. Менің айтпақ ойымды, жұмбақ жан сырымды солар тауып алса деп тілеймін.

- Жаңа кітабыңызға қандай поэмалар енді?

- Кітапқа енген екі поэмаға туған жерімізде болған тарихи оқиғалар өзек болды. «Қызданай» атты поэманың сюжеті осы Жылыой жерінде болған оқиғадан, яғни атадан балаға, ауыздан ауызға таралып бізге жеткен әфсана, тарихтан алынды. Ал «Үш батыр» деп аталатын поэмаға осы туған жерімізде өмір сүрген Төремұрат, Өтен, Нарынбай батырлардың ерлігін арқау еттім. Өздеріңіз білесіздер, бұл үш батырдың ескерткіші қаламыздың ең даңғыл көшесінің бойында тұр. Кейінгі ұрпақ туған жерінің тарихы мен осы жерді мекендеген ұлы тұлғаларды, батырлар мен аруларды білуге тиіс. Бірақ, байқауымша, мектеп бағдарламаларында көбіне олар жайында айтылмайды. Сондықтан поэмаларымды жылыойлық жастар мен жеткіншектер оқып, жадына тоқыса қуанар едім.

- Әңгімеңізге рахмет! Сізге шығармашылық шабыт, жетістіктер мен жеңістер тілейміз.

Сұхбаттасқан Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT