«Жаса, жаса, Кең Жылойым...»

№21 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ауданымыздың құрылғанына -95 жыл, туған жеріміздің гимніне айналған «Кең Жылойым» әнінің шыққанына 50 жыл толуына орай ән авторларымен кездесу өткізілді. Жерлестеріміз - ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Ұлықпан Сисекенов және сазгер, Жылыой ауданының құрметті азаматы Қуаныш Бекеновтер кештің қонағы болды. Бұл шара «Кең Жылыой - жүрек отым, назды әнім» деп аталды.

Авторлар 1973 жылдың басында жарық көрген «Кең Жылойым» әнінің шығу тарихын жас оқырмандарға ерекше толғаныспен баяндап берді. Туған өлке, туған жер дегенде, бойыңды дір еткізер сезімнің болатыны анық. Осы әннің қайырмасындағы «Жаса, жаса, Кең Жылойым...» деген сөздер қандай әсерлі! Аталған ән сонысымен әр жылыойлық үшін құнды да ерекше. Композитор Қуаныш Бекенов ағамыз: «Ақын Ұлықпан Сисекеновтың «Кең Жылойым» өлеңі сол кездегі «Ембі» (қазіргі «Кең Жылой» ред.) газетінде жарияланған екен. Соны газеттен оқыдым. Өлең туған жерге деген іштей тулап жатқан асқақ сезіммен астасқан. Осы өлеңнің мәтініне ән жазбақ боп шештім. Ән сәтті шықты, әлі күнге дейін халық орындап жүр»,-деді кездесуде.

Кеш барысында ақын Ұлықпан Сисекеновтың жаңадан шыққан «Жүрегімнен жарып шыққан жыр екпін», «Ақиқат іздеп ел үшін» атты кітаптарының тұсаукесері жасалды. Кітаптың лентасын сазгер Қуаныш Бекенов ағай кесті. Кітапхана оқырмандары, оқушылар мен ұстаздар ақын өлеңдерін жарыса оқыды. Мектептің кітапхана меңгерушісі Шолпан Көсікбаева оқырмандарды «Жүрегімнен жарып шыққан жыр екпін» атты кітап көрмесін таныстырып, кітапхана қорына ақын Ұлықпан Сисекенов сыйлаған жаңа кітаптар туралы әңгімеледі. «Кең Жылойым» әнін жанды дауыста жиналғандар авторлармен бірге шырқады. Мектеп директоры Лора Бексұлтанова келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, қос өнерпаз ағаға мектеп атынан құрмет көрсетті. Бірі сазгер, бірі ақын екі талантты ағамен кездесу оқырмандарға зор рухани әсер сыйлады.

Н.СӘРСЕНОВА,

аудандық білім бөлімінің кітапхана ісі әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521