ЖАС КҮЙШІ

Жұмағалиев Қайрат Ержанұлы 1996 жылы Құлсары қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген

Ұлттық домбыра күніне орай республикалық домбыра байқауларының жеңімпазы, ауданымыздағы жас күйші Қайрат Жұмағалиевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Жұмағалиев Қайрат Ержанұлы 1996 жылы Құлсары қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген.

-Қайрат, домбыраға қызығушылығыңыз қашан басталды?

-Домбыраға деген қызығушылық бала кезден бар. Отбасымда барлығы өнерге жақын. Қанда бар нәрсе шығар нағашы әжем де домбыра тартқан. 5- сыныпқа аяқ басқан жылы қосымша дәріс алу үшін Құлсары қаласындағы №2 Балалар саз мектебіне домбыра үйірмесіне бардым. Алғашқы ұстазым Қанжанова Гүлмаржан Тәуірханқызы. Осы кісіден 5 жыл музыкалық білім алдым. Әрі қарай өнерімді дамыту үшін Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясына оқуға түстім. Академияда 4 жыл оқуымды бітірген соң, арман қуып Алматы қаласындағы консерваторияға түстім. Қазіргі таңда Құлсары балалар мектебінде ұстаздық қызмет атқарамын және аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде қосымша еңбек етемін.

-Сізді кім шабыттандырады?

-Әкем. Ол маған үлкен жігер береді және өнерде табанды болуға талпындырады.

-Әкеңіз туралы айтып берсеңіз

-Әкем Ержан Жұмағалиев 1962 жылы дүниеге келген. Кезінде Жылыойда беделді асаба болған. Баянмен өлең айтады. Одан бөлек шахматшы, спорттың осы түрінен Атырау чемпионы.

-Сіздің алған марапаттарыңыз, үлкен жеңістеріңіз?

-Қазанның 27-28 аралығында Орал қаласында өткен ұлы күйші Дәулеткерейдің 200 жылдығына арналған республикалық күйшілер байқауында Жылыой ауданы атынан бағымды сынап, орын алдым. Маусымның 16-17-сі аралығында өткен дәулескер күйші Рыспай Хисметұлы Ғабдиевтің 85 жылдығына арналған II Республикалық күйшілер байқауына қатысып, бұл өнер додасында 2-ші орын бұйырды!

-Ерекше толқытқан байқаулар туралы айтып берсеңіз. Оған дайындалуға қанша уақыт кетеді?

- Алматыда өткен күй атасы Құрманғазы атындағы конкурсына қатысқан кездерім ерекше есімде қалды. Мен күніне 10 сағат дайындалып, арасында үзіліс кезінде ғана демалатынмын. Сол тынымсыз дайындықтың арқасында байқауда мен 1 -орынға ие болдым.

-Өзіңіз үлгі тұтатын күйшілер кімдер?

Әділет Еркінұлы Оңайбаев және Досбол Тулиев.

-Олардың өнері туралы не айта аласыз?

-Екеуі де өте талантты жандар, мен олардың өнерлеріне тәнтімін. Әділет Дәулеткерейдің «Бұлбұл» күйінің екінші нұсқасын репертуарына қосса, сөз жоқ шын қуанар едім. Ал Досболдың дарындылығына сөз жоқ, керемет!

- Өнер жолы қиын ғой. Қамыққан сәттер де болған шығар?

-Қиындықтар әр кезде де болады. Жолымда жеңіс те, сәтсіздіктер де болды. Байқаулардағы әділетсіздіктер де басымнан өткен. Бірақ бұған қарамастан, өз соқпағымнан жаңылған емеспін.

-Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар ? Шығармашылық армандарыңыз нендей?

-Иә, әрине жоспарларым бар. Бірақ мұның құпия болғанын қалаймын. Уақыты келгенде айта жатармын.

-Өзіңіздің авторлық күйіңізді шығарғыңыз келе ме?

-Иә, бірақ күй шығару үшін шабыт қажет. Бұл оңай нәрсе емес. Болашақта туған жерім Кең Жылой туралы күй жазғым келеді, бірақ қашан туындайтыны белгісіз.

-Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

-Адам болып қалу. Кім болсам да адами құндылықтарымды және адамгершілік қасиетімді жоғалтпасам болғаны.

Сұхбаттасқан: Ж. ҚАРАҒОЖИЕВА,

журналистика факультетінің студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521