Жас домбырашының жеңісті жолы

Ұлттық рухымызды жаңғыртып, өткеннің үнін бүгінге жеткізетін мәдени мұрасы ретінде ауданымызда дәстүрлі музыкаға, оның ішінде күй өнеріне деген қызығушылық күн санап артып келеді. Осы үрдіс барысында жас күйші Нұрдәулет Жұманың есімі ерекше аталып жүр. Жас домбырашының алғашқы кәсіби музыкалық қадамы қаламыздағы өнер мектебінен бастау алған. Нұрдәулет алғаш әуен әліппесін 8 жасында меңгерді. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, дәстүрлі додаларда қанжығасына жеңіс байлап, биік дәрежелерден көрінуіне себепші болған жас жеткіншектің құрметті ұстазы, ауданымызға белгілі домбырашы Жұмағалиев Қайрат Ержанұлының еңбегі ұшан-теңіз. 

Нұрдәулеттің өнер жолындағы бұл жетістіктері оның табандылығы мен еңбегінің жемісі ғана емес, ұстаздық кәсіби бағыт беруінің де нәтижесі.

 - Ұлттық өнерді ұлықтап, күй мұрасын жалғап келе жатқан Нұрдәулет шәкіртім жылыойлық жас таланттардың жарқын өкілі. Оның әлі талай биіктерді бағындыратынына сенім мол,-дейді ұстаз.

Бүгінде аудандық және облыстық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүрген талантты домбырашының жеткен жетістіктері аз емес. Ол қараша айының ішінде ғана бір емес, бірнеше дәстүрлі сайыста бақ сынап, атап айтсақ Атырау қаласында Боздақ Рзақановтың 90 жылдығына арналған домбырашылар байқауында 2-орын, күні кеше ғана облыста өткен Бағила Мұхтарқызының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған “Күй тағылым” конкурсында 3-орын, күйші, ұлағатты ұстаз Ғибатолла Мәсәлімовтің 100 жылдығына арналған «Дарыны бөлек, дарабоз күйші Ғибатолла» атты облыстық жас орындаушылар байқауында 3-орын, сонымен қатар “Халық қаһарманы”, дирижер, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған аудандық жас орындаушылар байқауында бас жүлде иегері атанып, 4-5 желтоқсан күндері өтетін облыстық байқауға жолдама алды. 

Көптің ішінен суырылып шыққан күй әлемінің дарынды өнерпазы қазылар алқасының да, көрерменнің де жүрегін жаулап, шынайы қолдау тапты. Қазақтың киелі домбырасын нақышына келтіре сөйлеткен жас өнерпаздың орындаушылық шеберлігі, күйге деген құрметі ерекше қошеметке ие болып келеді. 

Байқау барысында өнердің түрлі жанры бойынша қатысушылар арасынан озық шыққан Нұрдәулеттің жүлделі орын иеленуі – үлкен жетістік. Нұрдәулеттің бұл жеңісі оның таланты мен тынымсыз еңбегінің, ұстазымен бірлесе жеткен табанды ізденісінің айғағы. Сонымен қатар бұл ауданымыздағы өнер мектебінің, рухани сабақтастықтың, ұлттық өнерге деген ұрпақ құрметінің жарқын көрінісі. 

Бүгінгі жетістікті жеңіл жолмен келген сәттілік деуге келмейді. Себебі ұлттық өнерге деген шынайы сүйіспеншілік талмай іздену, әрі ұлт мұрасын жүрекпен сезініп, оны сахнаға әдемі жеткізудегі табанды еңбекте жатыр. Жас домбырашыға шабыт пен жарқын болашақ, ал шебер ұстазы Қайрат Ержанұлына ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі үшін алғыс пен абырой тілейміз.

 А. Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT