Кейінгі жылдары қоғамда отбасылық құндылықтар туралы жиі айтылады. Себебі елдің ертеңі ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Және ұлт болашағының іргетасы отбасында қаланатыны белгілі. Тектілік пен тәрбиені қатар ұстанған, ұрпағына өнеге бола білген жанұялар қай кезеңде де қадірлі. Олар қоғамның айнасы іспеттес.
Міне, осындай ел ішінде елеусіз еңбек етіп, өз ұл-қызына үлгі болып отырған отбасыларды дәріптеу мақсатында елімізде он жылдан астам уақыт бойы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылып келеді. Біз бүгін осы байқаудың жеңімпазы - Арыстановтар отбасы жайлы сөз қозғамақпыз.
Иә, байқаудың басты мақсаты – берекелі отбасыны үлгі етіп, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі мен қамқорлығының маңызын түсіндіру, сондай-ақ қазақстандық отбасылардың мәртебесін көтеру. Тал бесіктен басталған тәрбиенің жемісін көріп келе жатқан ауданның Құрметті Азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстановтың жанұясы, міне, осы үрдістен шыға білді. Бұл ретте ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан еңбек пен тәрбиесі, сүйіспеншілігі пен сыйластығы өмір салтына айналған әулеттің тағылымы бір күнде қалыптаспағаны анық. Оны шаңырақ иесінің өзі де растайды.
1952 жылы қарапайым отбасында дүниеге келіп, еңбек жолын механизатор ретінде бастаған Гайдар Зейноллаұлының ұл-қыздарын жетілдіруде жұмсаған еңбегі орасан. Ол сол кездегі «Коммунизм таңы» совхозында ауыл шаруашылық саласында табан аудармастан қызмет етіп, бригадир, инженер, шеберхана меңгерушісі, тіпті совхоз директорының орынбасары қызметіне дейін адал тер төгіп көтерілген. Еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында аудан жұртшылығының ықыласына бөленіп, кейіннен «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында инженер болып еңбек етті. Бүгінде зейнеткер ағамыз ұл-қыздарының асқар таудай әкесі, немере-жиендерінің сүйікті атасы. Ал бұл шаңырақтың шырайын шығарып отырған ардақты анасы, отбасы ұйтқысы Жаңылсын Сабырқызы. Ол 1974 жылы Гайдар Арыстановпен шаңырақ көтеріп, 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардан немере мен шөбере сүйіп отырған асыл ана. Ұл-қыздарының барлығына да білім мен тәрбие беріп, өмірден өз орындарын табуына сеп болған да осы жан. Жылыой жұрты Гайдар ағамыздың жан жолдасын жақсы білуі керек. Себебі ақжаулықты ананың өзі де өнерден кенде емес. Ән айтып, би билеп, домбыра шертіп, той-томалақтың сәнін кіргізетін оны әсте байқамау да мүмкін емес. Оған жерлесіміздің жуырда облыстық «Өнегелі әже» байқауынан жүлделі 3-орын алғаны дәлел.
Өнерлі ата-анадан жарық дүниеге келген ұл-қыздардың өнер-білімнен құр алақан болмасы анық. Оның үстіне қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген жақсы сөз бар емес пе?! Міне, осы сөздің үлгісіндей болған ұл-қыздары – бүгінде әр саланың үздігі. Атап айтсақ, үлкен қызы – дәрігер әрі ғалым. Жолдасымен бірге халықты түрлі тәсілдермен емдейтін жеке емхана ашып, халыққа аянбай қызмет етіп жүр. Екінші қыздары жолдасымен жеке шаруашылық жүргізсе, үшінші ұлы талай жыл ішкі істер саласында еңбек етіп, қазір Сағыз ауылдық округінің әкімі болып отыр. Қалған балалары да жеке кәсіптің, ауыл шаруашылығының, дәмхана, көлік, сән саласының мамандары. Келіндерінің екеуі «Алтын алқа» иегерлері атанған. Ал ұл мен қыздан тараған немерелердің де таланты жоқ емес. Себебі бұл шаңырақтың шаттығы осы ұрпағымен еселенген. Қазақтың ұлттық спорты, садақ атудан Қазақстан біріншілігінде топ жарған – Марғұлан, заманның сұранысына ие жаңа мамандық – мобилографиядан жүлде алған Медеу, Ташкенттегі өнер байқауында оза шапқан Абай сынды немерелер – отбасылық тәрбиенің жарқын жемісі. Олар ән салып, домбыра шертіп, спорт пен өнерде оза шауып жүр.
Шынында да бұл әулет – өмір бойғы еңбегінің, тәрбиесінің нәтижесінде елге танылып отырған отбасы. Мерей мен мейірім, еңбек пен ізеттілік, сыйластық пен тәрбие тоғысқан, тамыры тереңге кеткен, жапырағын жайған бәйтерек. Мұндай әулеттерді дәріптеу – ұлттың діңгегін қатайта түсер асыл іс. Ендеше, олардың жеңісі тек байқаудағы мәртебе ғана емес, ел алдындағы еңбектің әділ бағасы болды десек артық айтпаған болар едік. Оның үстіне бұл жетістік – ұрпақ тәрбиесіне бар жүрегімен кірісіп, өнеге мен үлгі көрсеткен ардақты ата-ананың арқалаған аманатының бір көрінісі іспеттес. Бұл жөнінде шаңырақ түтінін түзу шығарып, отбасының берекесі үшін барын беретін асыл ана Жаңылсын Сабырқызы:
- Бүгінге дейінгі жетістігіміздің бәрі – Алланың берген нығметі мен отбасындағы сыйластықтың арқасы. Үлкенімізді сыйлап, кішімізге ізет таныту – біздің әулетке ежелден қалыптасқан заңдылық. Қай бала болмасын, түп тамыры мен тегін ұмытпауы керек. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген. Мен балаларымды ешқашан қатты сөзбен тәрбиелеген емеспін. Үнемі ақылмен, мейіріммен жол көрсетіп отыруға тырыстым. Қазір де сол қалпы. Қайсыбірі алыста жүрсе де, сәлемін үзбейді, ата-анасына алаңдап жиі байланысып отырады. Иә, балаларды әуелден өнерге баулыдым. Бойына өнер дарыған жас қашанда мәдениетті, арлы бала болары хақ. Өзімнің де ән айтып, би билейтінім бар. Кейде өзіме қарап, ұл-қыздарым осындай ашық-жарқын болды ма деп ойлап қоямын. Бақыт деген осы шығар. Ағайын-туыстың амандығы, баланың жетістігі, немереңнің көз алдыңда тәй-тәй басуы, қатарға қосылуы – бәрі-бәрі өмірдің шынайы қуанышы. Аллаға шүкір, ұрпағымызды Алла абыройдан айырмасын,-дейді өз сөзінде.
Ол кісінің дауысынан аналық мақтанышпен қатар, өмірден көрген талай белестің сабыры мен парасаты сезіледі. «Балаларым үшін бәріне төзем» дейтін аналардың қатарына жататын Жаңылсын ана отбасының әр мүшесі үшін жеке жанашыр. Үйдің тіршілігін де, дастарханның берекесін де, ұрпақ тәрбиесін де тең ұстай білген шынайы шаңырақ ұйытқысы. Оның аналық бейнесі тек отбасы үшін емес, бүгінгі жастар үшін де үлгі болары анық. Расымен тоғыз баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіру – үлкен сауапты да жауапты іс. Тек отбасының өз ішінде ғана емес, қоғамға да өнеге бола білген мұндай жандар – бүгінгі жас отбасыларға үлкен үлгі. Осындай тамыры тереңге жайылған отбасылар көбейсе, ел еңсесі де биіктей түспек. Сондықтан жанұяға алдағы уақытта өтетін «Мерейлі отбасы» конкурсының облыстық кезеңінде де сәттілік тілейміз!
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ