Аудан жастарының шығармашылық қабілетін шыңдап, уақытын тиімді өткізу мақсатында өткізіліп келе жатқан «JYLYOI CUP» жайдарман ойындары өз мәресіне жетті. Бұл әзіл сайысына алғашында 7 команда қатысып, олардың 4-еуі финалға өткен болатын-ды.
Ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан ойынға жыл өткен сайын өңір жастарының қызығушылығы арта түскен.
-Астарлы әзіл мен қағытпа қалжыңды, ұтымды ойды сахнада ән мен би, мимикамен шебер ұштастырып жеткізе білген командалар жыл бойына тартысты ойын өрнегін көрсетті. Командалардан алға қарай да әлі де жоғарғы жетістіктер күтеміз. Ойындары қызықты әрі тартысты болды,- деді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Амандық.
Сайыс қорытындысында «Мөр-Мөр» командасы жеңімпаз деп танылды. Ал «Жылыой» командасы ІІ орынды иеленсе, ІІІ орын «Доссор» командасына бұйырды. Сондай-ақ, «Доссор» командасының мүшесі Данияр Еримов «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Айта кету керек, жайдарман ойындары аудан көлемінде 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл әзіл-сықақ сайысы сахнада жастар арасынан жаңа есімдерді де танытып үлгерді.
Өз тілшіміз