Жалынды жыр – жастар жүрегінде

Поэзия – бұл ақын жанының тереңінен жанартаудай буырқанып шығатын үн, ол тек сөзбен емес, жүрекпен сезіледі. Әрбір ақын өзінің жырымен әлемге бір қадам жақындайды, әрбір өлең әлемнің жаңа тынысын ашады. Ақындар – өз заманының тылсым сырын сезіп, болашақтың кілтін табатын жанашырлары. Қаладағы «Аңсар» мейрамханасында осындай «келешектің кілтін тапқан» жас ақындар бас қосты. Расында да жас ақындардың қоғамдық өмірге қосар үлесі орасан зор. Оған осы поэзия кешіне келгенде көз жеткіздік. Жыр шарасына қаладан бөлек, ауылдық округтерден де арнайылап атсалысқандар да болды. Әуезді ән мен өміршең өлеңдер оқылып, кешке келгендер керемет әсер алды. Кеш барысында ақын Әлібек Амандық бастап, Ерназ Ахметкәрімов, Диана Ізбасарқызы, Дәулет Мәдиев қостаған ауданның жас ақындары өз жүректерінен жарып шыққан жырларын оқып, жылыойлықтардың жүрегінде ерекше әсер қалдырды. Кеш барысында туған жер, мөлдір махаббат тақырыбындағы поэзиялық өлеңдер оқылды. Бұдан бөлек кешті әсем әуезімен ажарлаған өнерпаздар да болды. Ауданға танымал әнші Азамат Төрехан жанды дауыспен ән шырқап, тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырды. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова кештің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, аудан мәдениетінің дамуына жастардың қосқан үлесін ерекше бағалады. Ол поэзия мен музыка саласындағы шығармашылықтың аудан өмірінде үлкен маңызға ие екенін, сондай-ақ мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуы жастарға қолдау білдіріп, шығармашылық жолында қанаттандыратынын жеткізді. Керемет кештің куәсі болған Оралхан Қарашев: «Бүгінгі кеште мен ауданның жас ақындары мен өнерпаздарының шынайы талантын көріп, ерекше әсер алдым. Олардың өлеңдерінде терең философия, қоғамның болашағына деген алаңдаушылық пен үміт бар. Әндер мен өлеңдер тыңдаушылардың жүрегіне жетіп, рухани байлық сыйлады», –деп өз пікірін білдірді. Поэзияның күші тек сөзде емес, сол арқылы жүректердің бір-біріне үн қосуында. Поэзия – бізді біріктіретін, рухани әлемімізді байытатын, өмірге жаңа көзқарас сыйлайтын құдіретті өнер. Ендеше, «Жас кезіңде жазғандай қайдан болсын» деп Мұқағали жырлағандай, осындай кештер өз жалғасын табар болса, жас ақындарымыздың да мерейі өсіп, аудан тұрғындарына рухани азық сыйлары сөзсіз. Е.ЖАСТАБАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT