«Жақсының жақсылығын айт...»

Кез-келген адам әлеуметтік қызметкер бола алмайды. Ол үшін, алдымен, үлкен жүрек керек. Айлығы аз, бірақ талабы жоғары осынау мамандық иелері қашан да үлкен құрметке лайық-ақ. Қазанның соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осыған орай  ауданымызда қоғамға адал қызмет еткен сала үздіктері марапатталды.

Азаматтарға бірден бір жанашыр бұл құрылымның қызметі қашанда сұранысқа ие. Өйткені, олар мемлекет қамқорлығын қажет ететін зейнеткерлер мен әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы және мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде​ көмек көрсетуге әзір.

Сала қызметкерлерін​ кәсіби мерекелерімен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов құттықтап, жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан жандарды марапаттады. Солардың қатарында Ақтоты Әбілқайырова, Айман Күзембаева, Ләззат Досжанова, Ақмарал Мейірманова, Роза Абдурайымова, Қарлығаш Шығанақовалар бар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп отыратын жомарт жүректі кәсіпкерлер де жетерлік ауданда. Солардың ішінде осы жылы белсенділік танытып, қайырымдылықпен айналысқан «Сенімді Құрылыс», «Агропромтехника», «Ариадна», «AGI-CDCS Kazakhstan JV» мекемелері ұлығыланды.

Сондай-ақ Құлсары қаласы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Еңсепов, аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманкелді Мыңжасаровтар алғысхатқа ие болды.

Ғұмырлы болғың келсе,

«Белсенді ұзақ өмір суру орталығына» бар

Қарттарға құрмет көрсету қазақтың қанына сіңген керемет қасиет екені сөзсіз. Сондықтан «Қарты бар үйдің қазынасы бар»  деген ата-бабамызқарияларымызды қартайған шағында балаша аялауды жақсы әдетке айналдырды.

Ауданымызда күні кеше есігін айқара ашқан «Белсенді ұзақ өмір суру орталығы» да енді аудандағы ардагер-зейнеткерлердің басын біріктіретін бірегей орталыққа айналмақ. Халықаралық Қарттар күніне орай пайдалануға берілген орталыққа аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлының өзі қатысып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов екеуі салтанатты түрде жаңа ғимараттың алқызыл лентасын қиды.

Орталық 6 учаскедегі ескі мұражай ғимаратында орналасқан. Мұнда ардагерлер бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Бұл шахмат ойнап, газет оқуға да таптырмас орын.

Бұдан соң «Қарттарға құрмет – зор міндет» атты мерекелік шара басталды. Бір қызығы, концерттік бағдарламада ардагерлерден құрылған «Ұлағат» атты ансамбль өнер көрсетті. Тоқсанбай Құлтумиевтің «Комсомол», Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің делебесін қоздырды. Жылыойдың әнұранына арналған «Кең Жылыойым» әнін ардагерлер Наурызбай Төлеуов, Мерген Нұрханов, Асан Сүйеумағанбетовтер қосылашырқады.

Атаулы күнмен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов құттықтап, мереке иелерін алғысхатпен марапаттады. Олар: Наурызбай Төлеуов, Жеңіс Махамбетов, Дүйсәлі Қалдыбаев, Асан Сүйеумағамбетов, Мұстахима Малашқызы, Жексен Имашев, Әлімжан Әбілханов, Тілеуберген Қонаров, Мерген Нұрханов, Жаңыл Айтжанова, Баршагүл Бертілеуова, Мағзом Дәрібаев, Айман Ермекова, Ұлмекен Қарамурзиева, Сайын Мұханбетсәлихов, Сайлау Мейірханова, Дина Меңдібаева, Күләш Ниматова, Қуан Оңалбаевтар еді.

Келесі сөз кезегін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов алып, баршаны орталықтың ашылуымен құттықтады. Талай жыл еңбек етіп, бүгінде сол еңбектің жемісін татып отырған аяулы қарттарымызды әрдайым да осы орталықтан күтетінін жеткізді. Алдағы мереке және айтулы күндері осы орталықта түрлі шаралар ұйымдастырылатынын, сол басқосуларға барша замандастарын бір кісідей белсенді түрде атсалысуға шақырды.

Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT