Біз, жолдасым Сәлімгерей екеуіміз Жылыойға келгенде жиырмадан асқан жас едік. Екеумізді жас мамандар деп осы жаққа жіберді. Сонда Құлсарыға келіп, алғашқы танысқан жандар - Манап Ғалимов ағамыздың отбасы болатын. Ағаймен екеуміз ру жөнінде бір аталас болдық. Сөйтіп, мені бауырына тартып, қарындасым, кейде еркелетіп «қызым» деп жүрді. Үйіне қонақ келсе бізді қалдырмайтын болды.
Манап аға ол кездері аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрді. Өнерлі топтың ортасында жүргендіктен бе, ол кісі бізге сері болып көрінетін. Әсіресе, дастарханда ерекше шабыттанып кетеді. Шай басталар-басталмастан домбырасын қолына алады. Қоңыр әнімен отырғандардың бәрін өзіне қаратады. Әзілі де, әңгімесі де жарасымды, тұлғасына сай үйлесіп тұратын, ерекше дарынды жан.
Манап ағай сыйласқан жанды сыйлай білетін. Бізді қамқорлап, ауданның игі жақсыларымен таныстырды. Содан көптеген аға-апаларды таптық. Олармен әлі күнге араласып келеміз. Ағай, Зеріп апаймен, біз Сәлімгерей екеуміз, бір жылы алыстағы емдеу-сауықтыру орнына бірге бардық. Бір туған жандардай бірге жүрдік. Көпшілік біздерді туыс жандар деп ойлады. Шындығында да солай еді. Демалыс орнындағы әр түрлі мәдени шараларда, шағын отырыстарда жұп жазбадық.
Ағай онда жаңадан көптеген достар тапты. Олармен біз де таныстық. Шіркін, сол бір кезеңдер өте қызықты еді. Тамаша бір ғұмыр болды. Оны әлі күнге ұмытпаймын. Манап ағамның рахаттанып күлген күлкісі, жарқын әзілдері ерекше еді ғой.
Асыл аға өмірден өткеніне биыл 30 жыл болыпты. Ойласақ, көңіліміз бір түрлі құлазып кетеді. Өзіңе асқар таудай ақылшы аға санаған адамның келмеске кеткені қандай жаман. Мен үшін бір туған ағамдай, кейде әкемдей жан едің. Тағдырдың жазғанына не шара?! Тек ыстық сағынышымызбен мұңая еске аламыз.
24 наурызда Манап ағай 85 жасқа келер еді. Осы айда ағамызға Құлсары қаласынан көше атауы берілді.
Бәлкім «Жақсының аты өлмейді» деген осы шығар... Өзім солай ойлаймын.
Зәуреш ҚАЛМҰХАНОВА,
Жылыой ауданының Құрметті азаматы
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Манап ағай Доссор, Ембі аудандары мектептерін басқарған. Зеріп апай екеуімен Қаратон мектебінде еңбек еттік. Ол кісі жастарға ұстаздық мамандықтың қыр-сырын айтып, әріптестерін өзінің қарындасы, інісіндей көретін. Қатемізді түзетіп, ақылын айтып отыратын. Көптеген ұстаздардың тәжірибелі маман болуы сол кісінің арқасы деп білемін.
Ол тек білім беру емес, өз өнерін де шәкірттеріне үйрете білген. Ұстаздықпен қоса қолынан домбырасы түспеген айтыскер ақын, термеші. Сол кезде ұстаздар арасында мектеп хор ұйымдастырды. Мұғалімдер күні оқушылар мен ата-аналарға концерт қоятынбыз. Әрі білімді, бойында тұнып тұрған өнері бар, өзі ажарлы, әркез күліп жүретін жан кім-кімнің де жадынан ұмытыла қоймас. Біз, жас мамандар, ағайға қызыға қарайтынбыз.
Бір қызығы, Манап ағайдың ұлы Нұрсипаттың кенже қызы Мадина – менің келінім, Манап ағайдың немересі. Ағайдың өнері немерелеріне де дарыған, Мадина домбырамен ән айтады.
Манап ағай мен Зеріп апайдың әртістік те өнері бар. Бір деректен оқыдым, спектакль қойып, Манап ағай - Қозы Көрпеш, Зеріп апай - Баян сұлу рөлін ойнаған.
Екеуі де нағыз ұлағатты ұстаз! Иманды болсын! Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Мәдениет қайраткері, Еңбек ардагері, сазгер, термеші Манап Ғалимұлына Құлсары қаласынан көше беріп жатыр екен, оң болсын!
Артында қалған ізі бар,
Ұлағатты ісі бар.
Сан мыңдаған шәкіртпен,
Өнері бар өшпейтін.
Манап ағай мәңгіге
Тірі мына бізбенен!
Жаңылдық БАЙЖҰМА,
зейнеткер ұстаз
ҮЗІК ӘҢГІМЕ
Манап ағайдың да өмірден озғанына 30 жыл болыпты. Тірі болса, 85 жасқа толар еді. Есіме жұмыс барысындағы бір естелік түсіп отыр. Мектеп-интернатта 6-сыныпқа ашық сабақ өткіздім, тақырыбы орта ғасырлар тарихына, мәдениетке байланысты.
Сабаққа көрнекі құралдар дайындап, кинопроектордан көрсетуім керек. Мен сабақ түсіндіріп, арасында кинопроектордан көрсетіп екі ортада жүргенімде «Досмұхан, сен сабағыңды түсіндіре бер, мен кинопроектордан көрсете беремін» деп қолдау білдірді. Сабаққа бірнеше мұғалім қатысып отыр, завуч (оқу ісінің орынбасары) Ғизат ағай болатын. Сабақ соңында Манап ағай «Маған да сөйлеуге бола ма, тақырыпқа байланысты қосарым бар еді» - деп сабақты қыздыра түскен. Бұл да ұстаздардың бірбіріне түсіне қарауы деп ойлаймын.
Досмұхан ІЛИЯСОВ,
зейнеткер ұстаз