«Жайдарманшы» жастар – сахнада

Жылыой ауданы әкімінің кубогі сарапқа салынды

ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫНА 30 ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ АЯСЫНДА АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГІ ҮШІН «ЖАЙДАРМАН» ОЙЫНЫ ӨТТІ. ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН БҰЛ САЙЫСТЫ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ. МАҚСАТ – ЖАСТАР АРАСЫНДА МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАП, ОЛАРДЫ РУХАНИ ДАМЫТУ. АУДАН ӘКІМІНІҢ КУБОГІ САРАПҚА САЛЫНҒАН ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢ БӘСЕКЕСІНЕ ОБЛЫСЫМЫЗДЫҢ ӘР АУДАНДАРЫНАН, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНАН КЕЛГЕН БАРЛЫҒЫ 9 КОМАНДА ҚАТЫСТЫ.


Олардың арасында үлкен сахналарда өнер көрсеткен финалист жеңімпаздар мен сахнаға енді ғана қадам басқан қомандалар бар. Олар: Құлсары қаласынан «Біз жанбасақ лапылдап» командасы, Гагарин атындағы орта мектептің «Бәйтерек» командасы, Қызылқоға ауданынан келген «Қарабау» командасы, Құлсары жастарынан құралған «Керемет» еркін құрамасы, КТА фабрикасының 2019 жылғы финалистері Индер ауданының «Индер» командасы, «Браво» Құлсары жастары құрамасы, Қызылқоға ауданынан 2019 жылғы «Жайдарман» ойындарының прьемер-лига чемпионы «Майами» командасы, Құлсары жастарының «Амиго» командасы, Атырау қаласынан «Абзал жандар» құрамасы.
Ұзақ уақыттардан кейін көрерменмен қайта қауышқан жайдарман ойыншыларын Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов құттықтады.
-Құрметті көрермендер мен жайдарман ойынына қатысушылар! Барша жандарды әзілмен жаулаған жайдарман ойынына қош келдіңіздер! Жастарымызға арналған бұл ойынды Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр. Бұл - қазіргі балалар мен жасөспірімдердің қызыға тамашалайтын сайыстарының бірі. «Жайдарман» - әзіл мен жаңа мүмкіндіктер әлемі. Дүбірлі доданың бас жүлдесі - аудан әкімінің кубогі сарапқа салынады. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін,-деді Халел Жамалұлы.
Дүбірлі сайыста командалар сәлемдесу кезеңі бойынша өнер көрсетті. Талантты жастардың тартысты бәсекесін ҚТЛ құрамасының «Біз жанбасақ лапылдап» командасы бастады. Сайысқа командалардың қай - қайсыда жоғары дайындықпен келген. Әсіресе, қонақ командалар сайысты қыздыра түсті. Әзіл әлеміне қадам басқан жас жайдарманшылар да қазылар алқасы мен көрермендердің көңілінен шыға білді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған думанды бәсекеде қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға түскен жоқ. Себебі қағытпа қалжың, әдемі әзілмен сахнаға келген жастардың бәрі бірінен-бірі өтеді.

zhajdarman-2


Сайыс қорытындысы бойынша, қазылар алқасы жайдарманның үздік ойыншысы ретінде Құлсары жастары «Амиго» құрамасындағы Елемес Шакиратқа «Үздік ойыншы» кубогін табыстады. Жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсеткен командалар қаржылай сыйлықтармен және жүлделі орындармен марапатталды. 3- орынды еншілеген Қызылқоға ауданының «Майами» командасына 100 мың теңгелік қаржылай сертификат және 2- орынға ие болған Құлсары жастарының «Амиго» құрамасына 150 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Додаға белсене қатысқан «Бәйтерек», «КТЛ», «Керемет, «Абзал жандар», «Браво», «Индер» командалары Алғысхатпен марапатталды.
Жылыой ауданы әкімінің кубогін Қызылқоға ауданының «Қарабау» командасының жастары жеңіп алды. Қызылқоғалық жастар құрамасына 250 мың теңгелік қаржылай сертификат табыс етілді. Кубокті аудан әкімі Халел Жамалов өз қолымен ұсынды.
Айта кетейік, сайыс барлық санитарлық талапқа сай өткізілді.


Айдана ЖҰМАБЕРГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521