ЖАҢА ЖИНАҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Өңір журналистикасының өркендеуіне айрықша үлес қосқан қаламы қарымды қаламгер, журналист, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудан айнасына айналған «Ембі» («Кең Жылой») газетінде ұзақ жылдар бас редакторлық қызмет атқарған Мұңал Далбаевтың мақалалары мен әдеби шығармаларын кезінде оқырман қауым тұшына оқыды. Алдыңғы толқын аға буын ол кісіні әлі де іздейді.

Сонау Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы жауынгерлік жолынан бастап, қатардағы журналистика сарбазы кезінен Мұңал Айжарықұлы бұқара халықпен бірге болып, аймақтың қоғамдық-саяси өміріндегі сан алуан оқиғаның бел ортасында жүрді. Тілші ретінде барлығын қойын дәптеріне түртіп алып, келесі күні «Журналист жолжазбасы» айдарымен жалпақ жұртшылыққа жария қылып жүрді. Бұдан басқа, сын мақалалары өз алдына, очерк, публицистика, фельетон сынды журналистиканың барлық жанрларында да қалам тербеді. Басылымға бас редактор болғаннан кейін де, кейбір басшылар секілді жазудан қол үзіп кетпей, қалам тартуын тастаған жоқ. «Ембі» ғана емес, мақалалары облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда басылып жатты. Жылойлық қаламгерді бүкіл ел таныды. Міне, осы жазбалардың барлығы бір кітапқа жүк болар дүнияеге айналды.

Жақында ұрпақтары әріптес-ағамыз Мұңал Далбаевтың мақалалар жинағын жарыққа шығарды. «Ақберен» баспасынан басылған кітап «Мұңал Далбаев (псевдоним М.Айжарықов) Қазақстан Журналистер одағы мүшесі. Мақалалар жинағы» деп аталады. Бірінші беті автордың «Газет-шежіре» деген мақаласымен басталады. Ол 1998 жылдың 1 қыркүйегінде ауданның 70 жылдығы қарсаңында «Кең Жылой» газетінде жарық көрген екен. Бұдан басқа бұрынғы аудандық «Ембі», облыстық «Коммунистік еңбек» («Атырау»), «Прикаспийская коммуна», республикалық «Социалистік құрылыс» («Егемен Қазақстан») сынды беделді басылымдардағы мақалалары бар және сол материал басылған газет беттерінің фотосы да қоса берілген. Сол арқылы жарияланған әрбір туындының шыққан уақытын да нақты біліп отыруға болады. Кітапты парақтап оқи отырып, қаламы ұшқыр журналист Мұңал Далбаевтың қай-қай салаға да тісі батып, тынбай қалам тербей білгенін көреміз.

Кітаптың мазмұны бай, тілі тартымды, оқуға жеңіл, көпшілік қауымға арналған. Әзірге азғана таралыммен басылған еңбек алға қарай оқырман сұранысына қарай көбейтіліп шығары сөзсіз.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521