Жұбан Молдағалиев: «Қадыр менен де мықты ақын»

Қазақтың абызы атанған Әбіш Кекілбаев Қадыр ақынға «Әлі әріп танымаған бүлдіршін баладан бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейін біледі, өзін біледі, өзін білмесе, сөзін біледі» деп баға берген екен.

Жауынгер Жұбан Молдағалиев болса: «Қадыр – мықты ақын, бәрімізден де мықты ақын, тіпті менен де мықты ақын»,- депті. Ал Мұзтаудың мұзбалағы, Хантәңірінің қыраны Мұқағали замандасын «найзағайлы ақынға» теңеген.

Міне, осындай қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың, «Тәуелсіз тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттау үшін сапарға шыққан батысқазақстандық «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымы өткен аптада Жылыой ауданына ат басын тіреді. Аудандық мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кешті Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, көпшілікке танымал айтыскер Бауыржан Қалиолла ашты.

- Жақында ғана аталып өткен Жылыой ауданының 90 жылдығына біз де үлесімізді қосайық деп, шашу шашып, сіздерді құттықтауға арнайы келдік, - деп бастады ол сөзін. – Тәуелсіздік алғалы бері санаулы уақыт болса да, осы салмақты жылдар арасында елімізде, аймағымызда көптеген өнер кешендері салынып келеді. Соның ішіндегі Батыс Қазақстан облысындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы - тек қана Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда баламасы жоқ өнер кешені. Олай дейтініміз, белгілі бір адамның атына көше беріліп, ескерткіш салынып немесе ескерткіш тақта орнатылуы мүмкін. Ал күллі орталық бір адамның атын иеленіп, бірыңғай өнер мен мәдениет саласына қызмет жасап жатқан мұндай өнер орталығы жоқ. Бұл – кезінде Батыс Қазақстан облысы әкімі болған, бұл күндері өздеріңіздің, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың жанкешті еңбегімен ашылған орталық. «Дала дидары» ұжымның тағы бір ерекшелігі – жүз пайыз Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттайды. Қадекеңнің сөзіне жазылған әндер шырқалады, оның афоризмге айналған сөздері елге жеткізіледі. Сондықтан осы кеш барысында Қадырдың әзіл-қалжыңы да, «деген екен» сөздеріне орын беріледі.

Ең алдымен, ел қамы,

Содан кейін қалғаны.

Көлден үлкен теңіз бар,

Елден үлкен неңіз бар?

Ауылдағы адыраспан, А

лыс кетсең, қадірі асқан, - деп ақынның өлеңінен үзінді келтірген жүргізуші, алдымен, «Ақ Жайық» әніне кезек берді. Жайықтың сәлемін республикалық сайыстардың жеңімпазы Алмат Алдамжаров әсем әнмен жеткізді.

Кеш осылайша ақынның өлең шумақтарымен, нақыл сөздерімен, уытты әзіл-оспақтарымен тұздықтала отырып, ақынның сөзіне жазылған әсем әндермен өріліп отырды. «Інжу» тобы Донеділ Қажымовтың әні «Оралым, әнім сенсің шалқыған», Ерлан Қуанышев пен Гүлжанар Ахметова сазгер Сейдолла Бәйтерековтің әні «Кездер-ай» әндерін тамылжыта орындап, көрермен сүйіспеншілігіне бөленді. Ақынның «Қазақтарды шетелдіктерге таныстыру» атты әні де кештің көркі болды.

Кеш осылайша ақынның өлең шумақтарымен, нақыл сөздерімен, уытты әзіл-оспақтарымен тұздықтала отырып, ақынның сөзіне жазылған әсем әндермен өріліп отырды. Бірде «Хабар» арнасының жаңа жылға арналған түсірілімі болып, оған сәл кешігіңкіреп келген бүгінде аты аңызға айналған әнші Роза Бағланова, әуелі, кіреберіске Қадырға қарсы отырыпты да, «Халыққа арқамды беріп отырған жараспас» деп, Қадырдың қасына ауысып келіпті. Сол кезде апасының бұл қылығына іштей риза бола тұра, дегенмен Қадекең: «Сол халыққа арқаңызды беріп отыра беруіңізге болатын еді ғой, апа, себебі сіздің арқаңызда қазақ әндері қанша жыл әдемі өмір сүрді», - депті. Сол Розалардың сара жолын жалғастырып келе жатқан өнер ордасының әншісі Гүлзада Ахметова вальс королі Шәмшінің «Тамды аруы» әнін сыбызғыдай сызылтып, жүректі бойлатып шырқап берді. Жаскелең Қайсағалиев өз туындысы «Не жетеді?» деген әнді орындаса, Мәди Сабыров пен Диана Төлешова «Ғашық күндер» және «Өмірің өз қолыңда» әндерін қалықтатты. Келесі ән Жаскелең Қайсағалиевтың әні «Не жетеді?». Әнді автордың өзі орындады.

Келесі кезекте ұлы даланың реформаторы Сырым батырдың дүниеге келген, батыс алашорданың кіндігіне айналған, 100 жыл бұрын құрылған, батырлардың елі, ақындардың елі, Қадыр ақынның кіндік қаны тамған жер «Жымпиты» туралы әнге кезек берейік. Әнді Ақылбек Какимов орындады.

Кеш жүргізушісі концерттің жүлгесін «Қадыр айтыпты» деген ақынның әзіл-қалжыңдарымен де жалғап, көрерменнің көңілін серпіп отырды. Мәселен, мына әзілге залдағы көпшілік езу тартып, мәз болысты. Бірде ол-дағы Ақ Жайық елінде, Тайпақ ауданында туған ақын Жұбан Молдағалиевтың мерейтойы туған жерінде тойланатын боп, Қадыр Мырза Әліні ілестіріп, елге кешін беруге барады. Жолдан сазгер Әсет Бейсеуов ілеседі. Кешті ұйымдастырушылар осы жерде әбігерге түсіп қалады. Өйткені олар Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әліге ғана ат мінгізетін боп келісіп қойған екен. Сонда Қадыр ақын: «Әсет - біздің елдің жиені, оның үстіне қонақ, атты соған мінгізе беріңдер. Тойдың иесі - Жұбан, екінші атты Жұбанға мінгізіңіздер», - депті. Кеш барысында бір кісі қарап отырмай : «Сіз уытты әзіліңіз бар, қағытпа тіліңіз бар, қалайша атсыз қалдыңыз?» - дейді. Сонда Қадыр: «Қыс жақындап келеді. Соғым уақыты жақындады. Сол кезде екеуі аттарын сояды, сонда маған біреуі жарты етін, біреуі жарты етін береді, сонда менде бір ат, оларда жарты аттан қалады», - депті.

Сол сияқты мына ұтымды да ұтқыр әзіл авторының ұщқырлығын танытқандай. «Нұрғиса Тілендиев 60-жылдардың орта шенінде Қадырдың кезекті бір кітабы дүниеге келіп, бір кітабын алып, Қадырға қолтаңба бер деген екен. Сонда Қадыр «Ең жақын туысым яки бажам Нұрағаңа» деп жазап береді. Нұрғиса: «Екеуміз қалай бажа боламыз, сен де сол елдің қызын алып отырсың ба?»- дейді. Қадыр: «Сіз музыкаға үйленгенсіз, ал мен болсам, поэзияға үйленгенмін, ал ол екеуі – апалы-сіңлілі қыздар, сондықтан біз екеуіміз бажа боламыз»,- деген екен».

Ал осы өнер ұжымының шашпауын көтеріп келген айтыстың ақтаңгері, әнші Жәкен Омаров орындаған көпке танымал «Ата-ананың қадірі», «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» әндерін нақышына келтіре орындаумен қатар, «Ақ құрдастарым Атыраудағы» деген әннің тұсауын осы сахнада кесті. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Фарида Төлегенқызы жылыойлықтарға танымды да тағылымды, рухани нәр алатын кеш сыйлаған «Дала дидары» өнер ұжымына ризашылығын білдіріп, орталықтың директоры, танымал өнер иесі Бауыржан Қалиоллаға аудан әкімінің алғысхатын табыстап, ескерткіш тарту етті. Сондай-ақ айтыскер, әнші Жәкен Омаровқа да ілтипат көрсетіп, сый-сияпат жасады.

С.ӘЛИ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521