Жылыой өңірі – ежелден дарындылардың, ақын-жазушылар мен өнерпаздардың бесігі саналған қасиетті мекен. Мұнайлы өлке атанып, өндірісімен де, өнерімен де танылған Жылыой топырағынан талай таланттың түлеп ұшқаны тарихтан мәлім. Қойнауы қара алтынға ғана емес, дархан даладай дара дарындарға да тұнып тұрған туған жердің төл перзенттеріне Тәңірім киелі өнердің қасиетін аямай тарту еткен дерсің?! Сондықтан да қай дәуірде де күйі мен ән-жыры қатар өрілген бұл аймақта ұлттық өнерге адал берілген жандар жетерлік. Солардың қатарында қазақтың музыкасын жанына жалау етіп, сахна мен ұстаздық қызметті қатар алып жүрген ерекше өнер иесі – Азамат Жұмағалиев та бар.
Өнерлі жанұяның өрені
Иә, Жылыой жұртына Жұмағалиевтердің жанұялық ансамблі әуелден жақсы таныс. Өнерімен өрге жүзген әулет өнерсүйер қауымның әлі есінде: әсем әнімен, тәтті күйімен талай той-думанның ғана емес, сахнаның да сәніне айналғанын аудан халқы ұмыта қойған жоқ. Ал Азамат осы шаңырақтың бір баласы. Оның өнер жолына түсуіне, ең алдымен, өзінің өнерлі отбасынан алған тәрбие мен шабыттың әсері мол. Туа бітті бойға дарыған қасиеті оны өмір жолында жаңылдырмай, бір әулеттің ізбасары, сарынын жалғастырушы етіп шығарғаны анық. Бұл туралы өзі:
- Отбасымыз — өнерлі жанұя. Әкем, марқұм Ержан Жұмағалиев ауданға белгілі асаба болды. Баянмен ән салып, халықтың алғысына бөленіп жүрді. Өкінішке қарай, 2021 жылы өмірден озды. Анам үй шаруасында, қарапайым жан. Алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Алтауымыз да музыкалық мектептен толықтай білім алып шықтық. Менен кейінгі інім Қайрат Жұмағалиев Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының түлегі. Республикаға танымал домбырашы. Көптеген республикалық конкурстардың лауреаты,-дейді ол.
Осындай өнерлі ортадан шыққан ұлағатты ұлдың талантты болып туылмасқа хақы жоқ еді. Иә, Азамат Жұмағалиев 1994 жылдың 21 қаңтарында өзіміздің Жылыой жерінде жарық дүние есігін ашты. Туған жерінің қоңыр самалында қошақандай жүгіріп, даланың сырлы әуеніне елітіп есейген оның жүрегінде өнерге деген құштарлық ерте оянды. Ата-анасының үмітін арқалаған жас бала алғаш музыкалық әліппені Құлсары қаласындағы №2 балалар саз мектебінде меңгерген. Бұл жерде ол ұстазы Гүлмаржан Қанжанқызының бағыттауымен домбыра шанағынан төгілген күй тілін түсініп, жанын өнерге арнауды шын жүректен қалайды. Жас толқынша соққан жас жүрек иесі осылайша Тәңір тарту еткен тағдырын музыкамен байланыстырып, әке құрған өнерлі жанұясының лайықты ізбасарына айналды. Сондықтан да ол кейбір қатарластары секілді саз мектебінің білімімен шектеліп қалмады. Алдына асқақ арманнан туған айқын мақсат қойып, өнер өлкесіндегі ұлағатты ұстаздарының үмітін ақтауға бел буады.
Музыкалық білімін жалғастыру үшін жерлесіміз 2009 жылы 9 сыныпты аяқтап, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы — Атырау музыка колледжіне оқуға түсіп, домбыра-прима мамандығын таңдайды. Мұнда ол ұстазы Ерлан Мерекеновтен орындаушылық шеберліктің қыр-сырын терең үйреніп, шынайы өнердің биік шыңына ұмтылды. Себебі әр сағат, әр жаттығу, әрбір нотадағы тереңдік болашақтағы үлкен сахналарға апарар жолдың бастауы еді. Дарынды жастың өнерге деген құштарлығы асқақ Алатау баурайындағы ару Алматы шаһарына шақырмай қоймады. Талай таланттардың қол жетпес арманына айналған үлкен өнер ордасы жас жігітті де өзіне тәнті етті.
Таланты мен табандылығының арқасында ол 2013 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда ол Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор Зәмзәгүл Шәріпқызының сыныбында білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейде шыңдалды. Азамат үшін консерватория қабырғасында өткізген әр жылдар тек білім алудың ғана емес, жан-жақты музыкалық дүниетанымның, орындаушылық өрістің қалыптасу кезеңі болғаны рас.
Ұлағатты ұстаз
2017 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас маман, алдымен, туған өлкесіне қызмет қылуды ойлайды. Асқақ Алатаудың мұзарт шыңдарынан шабыттанып, армантаудан түлеп, қияға қанат қаққан ол өзі білім алған өнердің ұстаханасы - Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжіне оралады. Онда домбыра-прима және шертер аспабында оқытушылық қызметке кірісіп кетеді. Қазіргі таңда талантты музыкант педагог-модератор дәрежесіне ие болған жерлесіміз Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінде кәсіби музыкант ретінде өнер көрсетіп те келеді. Осылайша, ол сахнадағы және ұстаздық жолдағы еңбегін қатар өрбітіп, қыран құстай қос қанаты талмай биікке самғауда.
Азамат Ержанұлының есімі тек қазыналы Жылыой өлкесі мен мұнайлы Атырау аймағына ғана емес, республика көлеміне де кеңінен танылып үлгерді. Ол - халықаралық және республикалық деңгейдегі бірнеше байқаулардың жеңімпазы әрі жүлдегері. Оған 2012 жылы Алматы қаласында өткен республикалық жас орындаушылар конкурсы мен республикалық Кіші олимпиадада қатарынан бірінші орын иеленгені дәлел. 2013 жылы еліміздің бас қаласы – Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде де арнайы жүлдеге қол жеткізді. Одан кейінгі жылдары да талмай ізденіп, үздіксіз еңбек еткен талапты жас 2015 жылы республикалық пәндік олимпиадада, Құрманғазы атындағы Х республикалық халық аспаптары орындаушылар конкурсында шертер аспабымен көзге түсіп, екінші орынды иеленген. Ал 2018 жылы Ақтаудағы халықаралық М.Өскенбаев атындағы конкурста топ жарып, екінші орынды қанжығасына байлаған еді. Азамат 2021 жылы Атырауда өткен халықаралық Қ.Ахмедияров атындағы конкурста да жүлдегер атанып, ұлттық өнердің туын биікке көтерді. Соңғы жылдары да толассыз жеңісі өз жалғасын тауып келеді. Атап айтсақ, 2023 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы XII республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсында үшінші орын, ал Тараз қаласында педагогтар арасындағы кәсіби конкурста бірінші орынды жеңіп алды.
Бүгінде жерлесіміз республикалық және халықаралық конкурстардың беделді қазылар алқасына да шақырылатын кәсіби маманға айналды. Ол – жас музыканттардың өнерін бағалап, тәжірибесімен бөлісіп, әділ төрелігін беріп жүрген сыйлы сарапшы. Мұндай биік сенім оның өнердегі, ұстаздық жолдағы еңбегінің, адалдығының және талапшылдығының айқын көрінісі. Бұл ретте оның есімі ұстаз ретінде де мақтанышпен айтылып келеді. Өзі өнерге баулыған шәкірттері де ұстаз атын ұлықтап, еңбегінің жемісі ретінде бірнеше рет республикалық деңгейдегі дүбірлі додаларда топ жарып, өнер ордасының атын асқақтатып келеді. Себебі ол талантты жастарды терең танып, тек кәсіби орындаушылыққа ғана емес, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік пен рухани тазалыққа, мәдениеттілікке тәрбиелеп, жаманнан безіп, жақсылыққа ұмтылуға бағыттаудан жалыққан емес.
Иә, музыка әлемінің құдіретін сезініп, екінің бірі тереңіне бойлай бермейді. Ол жан дүниенің нәзік қылын шертіп, терең ой салып, тынымсыз еңбекті талап ететін өнер. Киелі өнерге деген махаббат бір сәттік әуестік емес, жүрек түкпірінен тамыр тартатын құштарлық сезімін оятса ғана сахнада үлкен серпіліс туғызады. Сондықтан болар, ән мен күйдің құдіретін сезіну үшін адамға ішкі рухани байлық, табандылық пен қажырлы еңбек керек. Ал Азаматтың бойынан осындай асыл қасиеттер әркез табылып отырды. Сондықтан да өз ортасынан біткен тума талантты дамытып, саз саласындағы ұстаздық қызметке, қала берді адал махаббатқа айналдыра білген жан.
Иә, Азамат десе азамат атанған кейіпкеріміздің жастайынан өнер жолында жинап келе жатқан жеңісті жетістіктерінен оның өнерге құштар қазақ жастарына үлгі-өнеге бола алатын ұлағатты ұстаз, мықты музыка маманы атанғанын анық байқаймыз. Ендеше, әке аманатын арқалап, киелі өнерді дәріптеп жүрген музыканттың Жұмағалиевтер әулетінің туын жықпай, мыңдаған қазақ жастарын ұлттық музыкаға тәрбиелеп шығарына сенеміз!
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ