Туған жердің тұмса табиғаты

Аудандық музей ұжымы және музей жанындағы «Жас өлкетанушылар» үйірмесі мүшелерімен бірге Жылыой өлкесінің тарихи-мәдени, рухани орындары Құлшан ата жерасты мешіті, Ақмешіт кесенесі, Аралтөбе қорғанына экскурсия ұйымдастырылды. Оған 27 адам қатысты.

Экскурсияға музей мамандары және музей жанындағы «Жас экскурсоводтар» үйірмесінің мүшесі Аружан Кабидуллаевалар жетекшілік етті. Олар әрбір тарихи орындар, туған жеріміздегі теңдесіз мәдени-рухани құндылықтар туралы экскурсия мүшелеріне нақты жеткізе білді және мәліметтерді үш тілде жүргізіп отырды.
Экскурсия алдымен Құлсары қаласынан шығысқа қарай 67 шақырым жердегі биік төбенің батыс жағында орналасқан Құлшан ата жерасты қылуетіне барудан басталды. Бұл қылует ХҮІІІ-ХХ ғасырларға жататын жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіш болып табылады. Құлшан ата заманында әулие атанған, ерекше қасиетті адам ретінде танылды. Бор төбенің етегінен мешітін салып мекендеген, сол жерде жерленген. Бүгінде бұл тарихи орын алыс - жақыннан келушілер мінәжат ететін, медет тілеп түнейтін қасиетті орын болып табылады.
Экскурсия әрі қарай Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Аралтөбе қорғанына жалғасты. Қорған б.д.д.ІІ-І ғ.ғ. жататын тарихи және мәдени маңызы аса бағалы орын. 1999 жылы атақты ғалым Зейнолла Самашев бастаған экспедиция тобы осы Аралтөбе қорғандарына жерасты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ерте темір дәуірінде мекендеген алтын киімді сармат көсемінің мүрдесі табылған. Кезінде бұл жаңалық төрткүл дүниені дүр сілкіндірген сенсация болғаны белгілі. Ол Қазақстан тарихындағы табылған екінші Алтын адам деп танылған еді.
Экскурсия Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан Ақмешіт қорымына келіп тоқтады. Ақмешіт ХVIIІ-ХХ ғасыр басына жататын тарих-мәдени, рухани құндылығы жоғары, Қазақстанның аса маңызды киелі нысандардың тізіміне енгізілген ескерткіш болып табылады. Кешен 1750-1813 жылдары өмір сүрген халық батыры, ағартушы, сәулетші, әулие, пірдің соңы Бекет атанған Бекет Ата Мырзағұлұлының кіндік қаны тамған жер. Осы жерде алғашқы мешітін салып, ағартушылық қызметін бастап, бала оқытқан. Ақмешітте ағартушы, әулиенің ата – анасы, ұрпағы мәңгілік тыныстап жатыр. Кеңес заманында Бекет атаның өзі салған бастапқы мешіт қиратылған, кейін 1995 жылы мешіт жаңартылып қайта салынған. Ақмешіт қорымы тарихи және көркемдік қана емес, сонымен бірге үлкен рухани маңызы бар ескерткіштер ансамблін құрайды.
Экскурсия мүшелерін мешіт қараушысы Мейрамбай имам қарсы алып, әруақтарға дұға бағыштап, кешенді аралатып таныстырды. Саяхаттап , зиярат етіп келушілерге арнайы дайындалған дастархан басында Бекет атаның таңғажайып қасиеттері туралы жастарға біраз мағлұмат берді.
Туған жеріміздің тарихы аса бай, әрі тым әріде. Оны сарматтар дәуіріндегі көсем жатқан қорымның табылуынан көруге болады. Әсерлі де қызықты саяхат та аяқталды.

«Жастарға жергілікті тарихи-рухани құндылықтарды таныстырып, өткен кезеңдеріміздің куәсі болып табылатын дала ескерткіштерін құрметтеуге, қастерлеуге бағытталған экскурсия өз мақсатына жетті деп есептейміз»,-дейді музей қызметкерлері.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521