Тәрбие тетігі – мәдениет пен спорт

Ауданда өткен жылы жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар қатары 21265 адамды құраған. Бұл 86521 халық санына шаққанда 24,5 пайызға жетіп отыр. Салауатты өмір салтын ұстанушылар қатары өскен соң, бұқаралық спорттық іс-шаралар жоспары да арта түсті. Жыл ішінде 52 түрлі жарыстың өткізілуі – соның айғағы. Оның ішінде 5 облыстық, 13 аудандық ашық және 34 аудандық спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Бұл жөнінде Жылыой ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің 2023 жылғы атқарылған жұмыстары мен 2024 жылға арналған жоспары жайлы өткізген брифингте аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров мәлім етті.

Әрине, бұл салада жасалған жұмыстар мен жеткен жетістіктер аз емес. Жалпы статистикалық мәлімет бойынша, ауданымыздың мәдениет және спорт саласы қарқынды даму үстінде. Оған спортты жанына серік еткен Әлібек Қойшыбайұлының басшылық қызметке тағайындалуы себеп болса керек. Сондықтан да болар, бөлім басшысы брифингті, негізінен, спорт саласында жасалған жұмыстардан бастады.

Оның айтуынша, аудан орталығы мен ауылдық округтердегі 7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне 3140 оқушы қатынайды. Олар спорттың 17 түрінен жаттығып жатыр. Жалпы жаттықтырушылар саны–79. Мәселен, Орталық стадионда 9 жаттықтырушы, 7 спорт түрінен 360 баланы спортқа баулиды. Бұдан өзге «Жігер», «Сүлеймен» секілді жеке спорттық кешенде де жаттығушылар аз емес. Аудандық білім бөліміне қарасты балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубындағы 11 үйірмеге 1373 оқушы тарты- лып, олармен 32 жетекші жұмыс жасауда. 2023 жылдың қорытындысымен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектептері және Орталық стадионның спортшылары облыстық, халықаралық, республикалық жарыстардан алған 856 медальмен аудан қоржынын толықтырды. Ал 2024 жылға бекітілген жоспар бойынша бөлім 58 спорттық шара ұйымдастырмақ ойда.

Ә.Науаров мәдениет пен тіл саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Ауданда бір аудандық және бір ауылдық мәдениет үйі, бір орталық кітапхана және 11 кітапхана бөлімшесі халыққа рухани қызмет көрсетеді. Көркемөнерпаздар ұжымы бойынша «Кең Жылыой» мәдениет үйінде 4 халықтық атағы бар ұжым мен 1 үлгілі ансамбль жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, «Жастар» халық театры, аудандық халықтық ұлт-аспаптар оркестрі, «Көңілашар» халықтық фольклорлық ансамблі, «Жем аруы» халықтық би ансамблі, «Би-Би» үлгілі би ансамблі. Өткен жылдың қыркүйек айында – 200 орындық Шоқпартоғай, желтоқсанда Майкөмген ауылдық мәдениет үйі ашылып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Тұрғызба ауылы мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданда барлығы 120 070 көрерменді қамтитын 136 шара өткізілді. Оның ішінде жастардың жайдарлы ортасын қалыптастыру мақсатында күлкі күніне орай жайдарман ойындары, ауданның 95 жылдығына орай “Біз Жастар” zhastarfest өнер фестиваль-байқауы ұйымдастырылды.

Ауданның жалпы тілдік ахуалы тұрақты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсанды №1045 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аудандық әкімдіктің 2020 жылғы 19 наурызындағы қаулысымен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл медениет көтеру, көркем әдебиетті насихаттау мақсатында бөлімнің ұйымдастырумен «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Тіл – барлық білімнің кілті» атты орыс тілі білгірлерінің, «Тіл шебері-2023» атты үш тілді жетік меңгерген жастар арасындағы, «Тіл- халықтың жанын танудың кілті» атты өзге ұлт өкілдері арасындағы қазақ тілі білгірлерінің байқаулары, басқа да шаралар өз мәресіне жетті.

-Соңғы кезде жастардың тәртіпсіздігі белең алып кеткені белгілі. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спортқа тартып, мәдени шараларға белсене атсалысуы үшін бар мүмкіндікті жасаймыз, - деді бөлім басшысы Әлібек Науаров.

Брифинг соңында Ә.Науаров қойылған сауалдарға нақты жауап қайтарып, алдағы жылы атқарылар жұмыс жоспарымен бөлісті.

Ерназ АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT