ТРАГЕДИЯҒА ТОЛЫ ТРИЛОГИЯ

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай аудандық орталық кітапханада “Қан мен тер” трилогиясы бойынша конференция өтті.

Иә, Қазақстанның еңбек ері, соғыс ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің басты туындысына айналған “Қан мен тер” трилогиясы – ұлтымыздың рухани мұрасына өз қолтаңбасын қалдырған алтын қазына. 1961 жылы жарық көрген “Қан мен тер”- дің алғашқы кітабы “Ымырт” деп аталса, 1964 жылы кітаптың жалғасы “Сергелдең” болып басылып шықты. Ал, үшінші бөлімін жазушы “Күйреу” деп 1970 жылы аяқтаған болатын. Үш кітапқа бөлінген трилогия – кейіпкерлердің ішкі монологынан тұратын, ұлттық мінезді айшықтайтын әлеуметтік-психологиялық типтік шығарма. Бүгінде бұл туындыға айналып келіп жиі орала беретін себебіміз – қазіргі қоғамда болып жатқан әр түрлі жағдайдың көркем шығармада шындыққа айналуында болып тұр.

Конференция шымылдығын ақпараттық- библиографиялық бөлімнің меңгерушісі Жанат Байгуршимова ашып, әдеби шығарма туралы бірнеше деректерді айтып өтті. Ал, аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандары – Амангелді Төлеубаев, Молдажан Тұрымов және «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының мүшелері Бағила Ильясова, Кенжегүл Қуатбаевалар кітап аясында қойылған сұрақтарға тапжылмастан жауап беріп, белсенділік танытты. Олар шығармаға арқау болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, “Колчак”, “Дулатов” армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзімді, патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбетін, романдағы авторлық мақсатты, сюжеттік арналарды, көркемдік зерттеу нысандарын қызу талқылады. Сонымен қатар, трилогиядағы басты кейіпкерлердің отбасындағы өмірін ортаға салып, Арал теңізі өңірін мекен еткен жандардың ел ынтымағы мен егемендігі үшін жан берісіп, жан алысуы бейнеленген оқиғасына баса назар салды.

Шара барысында “Қан мен тер” трилогиясы бойынша шағын бейнежазба көрермендер назарына ұсынылып, “Өмір шындығы – әдебиет бетінде” атты кітап көрмесі таныстырылды.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521