Ол кезде аудандық мұражай аудандық мәдениет бөліміне қараушы еді. Жаңа басшы келеді, музейге келіп жұмыспен, қызметкерлермен танысады деген хабар болды. Жинақталып күтіп отырмыз. «Манап Ғалимов деген ағаларың мен болам» деп келген ағамен осылай 1982 жылы танысқанбыз.
Манап ағай өте сауатты, тілі өткір, талапшыл, нағыз басшы болды. Жоспар, өтетін шара, мәні, мағынасы, мерзімі туралы алдына барып бекітіп, өткізіп отырушы едік. Қазір музейде 260 беттен тұратын қалың кітап қоры бар. Сол кітапты іске қосу үшін жұмыс бөлмесіне алып бардым. «28.ІХ.1983 ж. Мәдениет бөлімінің басшысы М. Ғалимов» деп қол қойылған кітап сақтаулы. Музейде өткен әр шараға өзі қатысып, соларды әсерлі етуші еді. Ағай тамаша адам болды, әзіл-әңгімесі, сұңғыла-шежірелігі, мәдениеттілігі керемет еді. Мәдениетке басшы болып жүргенде уақытта ұйымдастырушылық қабілетіне таң қалушы едім. Жаза берсе, айта берсе көп естелік болар еді...
Міне осы жылы «Манап Ғалимовтың туғанына - 85 жыл» деп аудандық үнжарияда жазылған әңгімелер тізбегіне аз да болса өз білгенімді қағаз бетіне түсірдім. Қазіргі таңда аудандық музей төрінде ұлы Нұрсипат тапсырған бірнеше жеке мақтау-марапаттары, тұтынған бұйымдары сақтаулы.
Айта кетсек, аудандық мәдениет бөлімі Күміс тойға сыйлаған домбырасы, мандалинасы, гитарасы музейдің негізгі қорына тіркелген және «Жүректе мәңгі есімің...» атты кітабы, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, Кеңестік кезеңде алған «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, «Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты» дипломдары – бұл күнде тарихи дерекке айналып тұр. Әке мұрасын жинап, музей қорына тапсырушы ұлы Манапұлы Нұрсипатқа абыройың асқақтап, аман жүр деймін.
Қарлығаш ҚОСБАЕВА,
музей зейнеткері
ШЫНАР ЕДІҢ ШЫҢ БАСЫНА КӨГЕРГЕН
Жігіт едің шаршы әлемді шайқаған,
Жалықтырған марғау тірлік майтабан.
Дүниеге дүрбі салып отырып,
Дидарыңды Құдай сенің байқаған...
Таңдайыңды тілгілеген тұзды арман,
Арқар–ақын атылғандай құз–жардан...
Жанарыңда жарты ғалам жарқырап,
Қол былғайды қызыл-жасыл қыз жалған...
Ойланбай-ақ ойнап-күліп отты өптің,
Шоғыр жұлдыз сияқтанып шоқ төктің.
«Сайқал өмір садақа» деп сендерге,
«Мен өлгенде той жасаңдар» деп кеттің...
Естідім бе сен шырқаған сонша әнді,
Тобасы жоқ топас тобыр томсарды.
Пернесінде періштесі сайраған,
Күйші құдай домбыраға қол салды...
Қу шанақты текті күйлер тепкілеп,
Күймен бірге көңіл кетті көк тіреп...
Нарын қалды Нардай болып боздаған
Насихаттың жан жиені кетті деп...
Есікке де еңқеймеген еңселім,
Тесікке де тықты ақыры көр - сенім.
Ауырғанда ажалға да әзілдеп,
«Кетіп қалсам, қайтып келем» деуші едің...
Қарағайға қарсы біткен қас тұлға,
Өксігіңді өлең айтып бастың ба?
Дүниені дүбірлеткен той болса,
Тост айтарсың топырақтың астында...
Шынар едің шың басына көгерген,
Тамырыңды таба алмадым тереңнен...
Арсыз ажал ай қойыпты басыңа,
Құдай өзі күн шығарар төбеңнен...
Мэлс ҚОСЫМБАЕВ,
«Ерең еңбегі үшін» медалінің,
Жастардың Мемлекеттік Дарын сыйлығының иегері