1991 жылы еңбек демалысымды Алматы қаласында өткізіп, «Түрксіб» шипажайында демалдым. Сол жерде белгілі ақын Жұмабай Құлиевтің інісі, Сағыз ауылының жігіті Ғинаят Құлиев деген азаматпен таныстым. Ол да менен екі-үш күн бұрын келіп, тынығып жатыр екен. Сөйтіп екеуміз ем алып, демалып, біраз уақытты бірге өткіздік. Бір күні маған келіп, «Аға, ҚазМУ-дің жатақханасында үлкен кездесу болайын деп жатыр, соған барсақ қайтеді? Танитын жігіттер бар, ағаларым бар»,- деді.
Содан «Ал, жақсы» деп, алдағы сенбі мен жексенбіні пайдаланып, екеуміз жолға шықтық. Әуелі бір үйге бардық. Ол – қазақтың қабырғалы қаламгері, ғалым Әуезхан Қодардың шаңырағы екен. Сол үйде Светқали Нұржан, Сабыр Адай және тағы 4-5 жігітпен кездесіп, таныстым. Кейін ҚазМУ-дің жатақханасындағы кездесу кешіне бет алдық. Түлектермен кездесу екен. Сол кеште Табылды Досымовты көрдім. Түр-тұлғасы да, бітім-болмысы да, сөз саптауы да оны өзгелерден ерекшелеп тұрды. Жиналғандар Табылдыны ортаға алып, өлеңін оқытып, әнін айтқызып, өнерін тамашалады. Сол отырыста өлең оқымайтын, ән айтпайтын Ғинаят екеуміз боп қалдық. Кештің кейіпкерлерінің өнері бәрімізді тәнті етті.
Екі күн демалысты көзінен шуақ, сөзінен қуат аңқыған талантты жігіттермен өткіздік. Менің тапқан олжам да осы еді. Сол отырыста Табылдының Атырау топырағынан шыққан дарын, Адайдың сәйгүлігі екенін білдім. Ол кезде ру сұрасуды да ойламаған екенбіз, тек Светқали Нұржан арасында оңашалау алып шығып, Сүйінғара бабамыз туралы жазған поэмасын оқып береді. Ішке кірсек, талантты жігіттердің өнерін тамашалаймыз. Иә, есте мәңгі сақталатын, ұмытылмастай кездесу өткен еді. Санаториядағы демалыс емес, сол екі күнгі кездесулер, отырыстар, басқосулар менің жанымды жадыратып тастады.
Расында да алтынға айырбастамайтын аяулы шақтар еді. Сол 1991 жылғы кездесу біраз адаммен байланыс орнатып, ағалы-інілі боп араласуыма да жол ашты. Мысалы, Светқали Нұржандай қазақтың аяулы ақыны, сөз ұстаған шеберімен әлі де қарым-қатынасымыз үзілген емес. Кейінірек Табылдымен Атырауда да кездестім. Сол уақытта облыстық телеарнаға жұмысқа орналасып жатыр еді. Атағы дүркіреп, елге танылған шағы. Отырыстарда Табылды туралы сөз қозғалып, әңгіме айтылса, онымен таныстығымыз, алғашқы кездесуіміз еске орала беретін. Туған бауырымдай көріп, сыртынан тілекші боп жүретінмін. Оған әр қазақтың тәнті екені белгілі. Өйткені әр өлеңі, әр әні мұқым қазақтың жүрегін тербетіп, әлдилеп тұрғандай көрінеді маған. Қоғамның, сол кезеңдердің бар оқиғасын тамыршыдай тап басқан дарын еді ғой ол.
Табылдыға көрсетілетін құрметтің ешуақытта артық болмасы анық. Оның шығармашылығын насихаттап жүрген жандарға да алғысымыз шексіз. Мені қуантатын тағы бір нәрсе – 2018 жылы облыстық «Атырау» телеарнасы Табылды Досымов туралы циклді деректі фильм түсірді. Онда даусыз дарын иесі туралы көзкөрген жандардың, замандастарының, шәкірттерінің естеліктері айтылды. Шығармашылығы туралы сөз қозғалды. Жалпы Табылдытануға жасалған нық қадамның бірі болды деп есептеймін. Осы фильмнің кадр сыртындағы мәтінін бір жас жігіт оқыды. Сол жылы оқуын аяқтап, журналистикаға қадам басқан бозбала үшін бұл үлкен мәртебе болғаны рас. Өйткені жүрегінде өлең гүлдеген жас дарын Табылдылардың ізін жалғаймын деп талаптанған да еді. Ол – менің немерем Асланбек Шығыр еді.
Менің 1991 жылы Табылдымен алғаш танысып, кейін көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын ағалық аяулы тілектестігімді ұрпағымның жалғағаны көңіліме қуаныш ұялатты. Бұл да кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Өйткені Табылды өзінің ізінен ерген жастарға осылайша жауапкершілік артқандай боп тұрады. Жуырда Табылды Досымов туралы спектакль көрерменге жол тартты. Ол да үлкен құрмет. Сахналаған жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Табылды тіріліп келгендей болды. Иә, тірі болса, 60 жас мерейтойын тойлап, ортамызда арқырап отырар ма еді, Сәйгүлік?!
Маран ШЫҒЫР,
Құлсары қаласы